Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде жаңа көліктердің сапасына күмәнмен қарайтын көпшілік ескісімен жүруді құп көруде

Еліміздегі автонарықта сатылып жатқан я болмаса иесі ауысып, қайта тіркеуден өтетін көліктердің үштен екі бөлігі ескірген. Қолданыстағы темір тұлпарлардың зауыттан шыққанына 10 жылдан асып жығылады. Отандық авто өндірістің соңғы үлгілері халыққа оңтайлы пайызбен ұсынылса да көпшілік несиеге жолаудан аулақ. Ал утилизацияға өткізейін десе ойға қонымды сома төленбейді.

Елімізде жаңа көліктердің сапасына күмәнмен қарайтын көпшілік ескі көлікпен жүруді құп көруде

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

«Мысалы біз айына шамамен 200 мың теңге жалақы аламыз. 5 миллионға көлік алу деген шығын ғой. Жанармай, сайман, майы бар дегендей. Көлік алғың келе ме, несиеге емес, жинап ал», – дейді тұрғын.

Көлігін сату не жаңасына айырбастау қала тұрғыны Бахтиярдың ойында да жоқ. Жылы ескі болғанымен сүйегі мықты. Несиеге белшемнен батқанша барымды бағалап, жөндеп алып жүре бергенім дұрыс, деп отыр.

«Ескі көліктерді сапалы қылып жасағанын бәрі мойындайды. Ол уақытта санға емес сапаға жұмыс істеген. Қозғалтқыштары мықты, саймандары тиіп кетсе бүлініп қалмайды. Жаңа көлік алдың ба ақшаңды шашуға дайын бол. Несие бір жағынан, жөндеу орталықтары екінші жағынан бағасын шарықтатады» – дейді қала тұрғыны Бахтияр Байпақов.

Бақхтияр көлігін утильдеуге өткізейін десе 150 мың теңгеге ғана бағалайды екен. Жаңа көліктің алғашқы салымының ақшасын шығару үшін осындай автоның кемі үшеуін апару керек. 2016 жылы басталған утильдеу жобасының өкілдері екі жылда  72 мың автокөлік қабылданғанын айтады. Қоғам тарапынан қызығушылық бар деп сендірді.

«Көліктің барлық бөлшегі өз орнында тұруы керек. Ол істесін істемесін маңызды емес. Көліктердің маркасына да, жылына да мән берілмейді. Ең бастысы барлық бөлшегі өз орнында тұруы тиіс. Бүгінгі күнде ескі көлігін ақша өткізгендерге 8 миллиард теңгеден астам ақша бөлінді» – дейді ескі көліктерді қабылдау орталығының өкілі Жомарт Рақымжан.

Қазақстандық автонарықта көліктердің жылы ескіргенін мамандар да растап отыр.
2018 жылдың басынан бері қайта тіркелген көліктердің 69,2 % яғни үштен екі бөлігінің зауыттан шыққанына 10 жылдан асып кеткен. Қолданыста жүргеніне 20 жылдан асқан автолардың  үлес салмағы да аз емес, 39,6 % құрайды.

Көлікті бизнес бағытында сатып алу құптарлық іс. Бірақ, жыл өткен сайын құнын жоғалтатын жылжымалы мүлікке бола несие алудың тәуекелі көп. Экономистердің пікірі осы.

«Көлік алып онымен бір бизнес жүргізсе, жүк тасыса, онымен ақшасын төлеуі мүмкін. Ал бірақ көп жағдайда осындай тұтыну несиелерімен көліктер алады да, оның төлеу мүмкіндіктерін онша есептемейді» – дейді экономист Сапарбай Жұбаев.

Ескі көліктерді қолданыстан шығару үшін отандық зауыттардың өнімдерін төмен пайызбен несиеге беру бағдарламасы да қолданылып келеді. Бұған утильдеу жобасын қосыңыз. Қорыта келгенде көпшілік бірден қолдап ескі автосынан құтылуға асықпайды. Неге? Бәлкім, жоғарыда аталған жобалар әлі де халыққа оңтайлы не тиімді болмай тұрғын шығар.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау