Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде әлі қайтыс болмаған тірі адамдарға көр қазып, алдын ала дайындап қоятындар бар

Көзі тірілерге көр қазып, бейітті бақилық болмағандарға дайындайтындар туралы естіп пе едіңіз? Алматы облысы Жаркент қаласының зираттарында тірілерге арналған орындар алдын-ала дайындалып қояды екен.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Бұл үрдіс біраз жылдар жалғасып келеді, дейді жергілікті тұрғындар. Әкімдіктегілер де бұған рұқсат берген. Айтуларынша, жер қатты, қазу үшін біраз уақыт кететін көрінеді. Алайда, тұрғындар мұндай дәстүр діни-жоралғымызда жоқ, қазылған жер иесін табады деп, жаман ырымға балап отыр. Бұған қатысты дін өкілдері не дейді?

“18 мың теңге ақшаңды алып келесің. 70-80 кірпіш алып келесің, кірпіш керек қой. Тамағыңды алып келесің, болды!”, – көр қазушылар.

18 мың теңге, 80 кірпіш. Бұл – тапсырыспен алдын-ала қабір қазатындардың талабы. Алайда, ешқандай бизнес емес. Себебі жер қатты. Бір қабірді қазу үшін қыстыгүні, бақандай, 3 күн қажет екен. Жаздағы жағдай да дәл солай.

“Алдын ала қазып қоясыздар ма сонда? Бірақ аяғына дейін бітірмейміз. Хабар келгенде бітіріп тастаймыз”, – дейді көр қазушылар.

Қабір қазушылар не себепті ерте қамданатынын камераға айтудан бас тартты. Бірақ, бұл жайлы жұрттың барлығы хабардар. Ешкімнің қарсылығын естімедік, дейді. Мәселені жергілікті билік өкілдері де білетін боп  шықты. Жаркент әкімі орынбасарының айтуынша, біраз жыл бұрын барлық қоғам өкілдері ақылдаса келе осындай шешімге келген екен. Себебі, жер керіш. Қазу барысында үлкен қиындық туғызатын көрінеді.

«Қыстың қатты суығына байланысты, жаздың ыстығына байланысты қыстыгүні қазу қиын. Сол себепті, олар осындай ұйғарымға келіп, ерте 5-10 қабірді дайындап қоятын болды» – дейді Жаркент қаласы әкімінің орынбасары Хасан Ахметов.

Қазір бейіттің шетінде қазылып қойған 10-нан аса бос қабір тұр. Жергілікті тұрғындар болса, мұны жаман ырымға балап отыр. Алдын-ала қазылған қабір  міндетті түрде өз иесін іздейді, дейді.

-Ол дұрыс емес қой, негізі. Бір Алланың қолында ғой қашан өледі, қалай болады. Ол мүмкін емес, ол!»

-Өмірі таусылғанда қазып, сонан кейін неғылады ғой. Бұрын ата-бабаларымызда ондай жоқ болды. Алдын-ала қазып қою деген болмайды ғой.

Ал, дін өкілдерінің мұндай мәселеге қатысты өз айтары бар. Шариғат заңы бойынша арнайы біреуге жер белгілеп, алдын-ала қазуға ғана рұқсат жоқ екен. Ал, жер қатты болса, әрі, мәйітті тездетіп жер қойнына тапсыру үшін алдын-ала қабір қазуға тыйым салынбаған, дейді имамдар.

«Жердің қаттылығы үшін алдын-ала қазып қою – біздің шариғатымызға ешқандай қайшы емес нәрсе. Ал, егер де жері жұмсақ, қолайлы болып жатса адам қайтыс болғаннан кейін қазу, ол, әрине, абзал, жақсы нәрсе. Ал, бұл жерде алдын-ала қабір қазылды екен деп, жаман ырым деу – дінге ешқандай сәйкестігі жоқ» – дейді Талдықорған орталық «Иман» мешітінің ұстазы Шынарбек Өкен.

Жаркент қаласында есеп бойынша жылына 300-ге жуық тұрғын өмірден озады екен. Қала шетіндегі қабірлерде бос орын қалмай барады. Мұны ескеріп отырған жергілікті билік енді үлкен бейітке арналған жер іздестіруде.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау