Нарколог: Жүкті кезінде анасы ішімдік ішсе, бала алкоголизмге шалдығып өмірге келеді
Бұл – тек ресми статистика. Дені наркологиялық есепте тұрмағанын ескерсек, сандар тіпті жаға ұстатарлық болуы мүмкін. Дәрігерлер тез арада шара қолдану керек деп дабыл қағуда. Сорақысы, бесіктен белі шықпаған кей балаларды ішімдікке әуес ететін өзінің ата-аналары.
Осылайша, еш күнәсі жоқ балақайлар ащы судың құрбаны болуда. Ең кішкентай бүлдіршіннің жасы небәрі екі айда ғана болған екен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
БҰҰ сарапшыларының жүргізген зерттеуі нәтижесіне сүйенсек, алкогольді ішімдікке тәуелді елдер тізімінде Қазақстан алғашқы ондықта. Әр жанға 11 литр ащы судан келеді екен. Бірақ, сорақысы ол емес. Көрсеткішті кәмелет жасына толмаған балалар да толықтыруы бек мүмкін. Оны нарколог-дәрігерлер де растап отыр. Олардың сөзінше, спиртті ішімдіктерге көбіне психикасында ауытқуы бар бүлдіршіндер әуес келеді екен.
«Маған әртүрлі жастағы науқастар қаралады. Мәселен, 10-12 жастағы балалар да келеді. Алайда, бір рет менде енді ғана туылған сәби де емделген. Оның анасы жүкті болғанда, ішімдікке жақын болыпты. Осылайша, баласы да алкоголизмге шалдығып дүниеге келген» – дейді нарколог Валентина Гниненко.
Жасөспірімдердің бүгінгі сиқы осы. Ішімдікке сылқия тойып алған олар не айтып тұрғандарын өздері түсінбейді. Бірақ, сорақысы сол, көп жағдайда кінәнің бәрі тек балалардан бола бермейді.
Желіде тараған бір бейнежазбада бесіктен белі шықпаған екі бүлдіршінді туған әкесінің өзі ішкізуде. Ал Степногор қаласындағы оқиға тіпті жағаңызды ұстатады. Небәрі екі айлық сәбиіне үш күн қатарынан шарап ішкізген безбүйрек әке, оны өлтіріп алған еді. Өкініштісі, мұндай жайттар бір-екеу емес, ондап, тіпті жүздеп саналады. Сонда оларға жаза жоқ па?
«Кәмелет жасына келмеген бала қоғамдық жерде маскүнемдікке байланысты арақ-шарап ішсе, бұл жағдайларда ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Және де әкімшілік жауапкершілікке тартылған кезде айппұл төлейді. Бала өзінің пәтірінде немесе өз үйінде маскүнемдікке байланысты арақ шарап ішсе, бұл жағдайларда қандай болады? Бұндай жағдайлар заңнамада тікелей көрсетілмеген» – дейді заңгер Айсана Сман.
Еліміздегі ең кішкентай араққұмарлардың бірі – Өскеменде тұрады. Өзі небірі алты жаста. Әріп танымайды, дұрыс сөйлей де алмайды. Бірақ, ащы суға әбден үйренген. Ал алкогольді ішімдікке тәуелді балалар бойынша көшті Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстары бастап тұр екен.
Осылайша, елімізде әлі оң-солын ажырата алмаған балалар алкогольдің не екенін ерте танып- білуде. Бірақ, бесіктен белі шықпағандардың қаншасының оған құмар екені жайлы әлі нақты статистика жоқ. Ал, дәрігерлердің айтуынша, перзентінің ішімдікке әуестігін мойындағысы келмейтін ата-аналар баршылық екен. Бірақ, ауруды жасырмай, оны тез арада емдеу керек. Себебі, мұның соңы үлкен қасіретке алып келуі әбден мүмкін дейді олар.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.