Елімізде Үндістаннан келген туристер жаппай тексеріліп жатыр
Үнді саяхатшылары Қазақстанға келмес бұрын, міндетті түрде медициналық куәлік алулары керек! Мұндай ереже тырысқақ вирусына байланысты енгізілген. Өйткені, осы күнге дейін елімізде қауіпті ауру 10 рет тіркеліпті. Оның бесеуін туристер өткен айда жұқтырып қайтқан. Бұл туралы КТК хабарлады.
Аурудың бұл түрі аса қауіпті болғандықтан, онымен күресті дәрігерлер мықтап қолға алған. Вирусты отандастарымыздың Үндістаннан жұқтырып келіп жатқаны белгілі. Ал, сол елден бізге, Қазақстаннан Гоа-ға қатынайтын жолаушылар өте көп. Соңғы 4 айда әрі-бері 17 мың адам ұшқан. Алматының Шымбұлағын көру үшін келетін үнді азаматтары да аз емес. Енді олардың бізге қарай жолға шықпас бұрын, денсаулығын тексертіп, медициналық анықтама алулары керек. Сондай-ақ, ауру жиі тіркеліп жатқан соң, Алматыға білім қуып келген үндістандық студенттер де жаппай тексеріліпті.
«Аурулары бар ма, жоқ па? Қауіпті ма, қауіпті емес пе, бәрін тексереміз. Алматыда оқып жатқан 650 студентті қарадық. Бәрі таза болып шықты»,- Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдағасимова.
Сондай-ақ, еліміздің жұқпалы аурулардан қорғануы стюардессаларға да қарап тұр. Ұшақтағы тырысқаққа шалдыққан адамдарды дер кезінде анықтау үшін солардың қырағылығы қажет. Сондықтан, ұшақ қызметкерлері қазір арнайы оқу оқуда. Егер олар борттан күдікті біреуді байқаса, сол жолаушыны әуежайдан дәрігерлер күтіп алады. Әрі әуе кемесіндегі өзге адамдар да міндетті түрде тексерістен өтеді екен.
Алматыдағы қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті бұған дейін жұқпалы аурудың белгісі бар науқастарды тасымалдап, немқұрайлық танытқан отандық әуе компанияларының біріне қатысты құзырлы орындарға шағым түсіріпті.
Жалпы Алматыда өткен жылмен қосқанда 10 тырысқақ тіркелсе, соның жартысы аса қауіпті болып шыққан. Ал, бірнеше күн бұрын осы ауру анықталған 3 жігіттің шикі ұлу жейміз деп ұрынғанын айта кетейік.
Көп ұзамай вирус Үндістанда демалып келген тағы бір әйелден табылды. Артынша, індет жұқтырып келген бесінші турист анықталған болатын. Бұлардың бәрі денсаулықтары сыр берсе де, дәрігерге уақытылы бармаған. Әйтеуір, қазір жағдайлары жақсарып қалды. Тіпті, төртеуі үйіне жіберіліпті. Жақын күндері оларға қайта сараптама жасалады.
«Біреуі ғана қазір ауруханада жатыр. Оның бүгінгі күнде қал-жағдайы жақсы»,- Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдағасимова.
Қауіпті індет адам ағзасының 30 пайызын сусыздандырады. Дене қатты құрғап, арты науқастың өлімімен аяқталуы мүмкін. Жалпы аурудың ошағы Үндістанда соңғы бірнеше жылда 12 мың адам тырысқақ жұқтырған. Оның 80-і ақыры көз жұмыпты. Дәрігерлер вирусты тек Үндістан емес, ауа-райы өте ыстық өзге елдерден де жұқтырып алуға болатынын айтады. Ал, оның бастапқы белгісі іш өту мен құсу. Демалысқа шықпас бұрын вакцина алу маңызды. Бірақ, тырысқаққа қарсы екпе бізде жоқ.