Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Допинг қабылдады деп айыпталған үш зілтемірші спорттан шеттетілуі мүмкін

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Жасұлан Қыдырбаев, Алмас Өтешов пен Ермек Өміртайдың қанынан допинг тапқанын мәлімдеді.

img

Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

 Бұл үшеуі оны қараша айында АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен Әлем чемпионатында пайдаланған болуы мүмкін. Сондықтан, мән-жай анықталғанша үшеуі де жарыстан шеттетіліп отыр. Енді тыйым салынған дәрі ішті деп күдікке ілінгендер қайтадан қан тапсыруы тиіс. Егер онда да допинг ішкендері расталса, спортпен мүлдем қош айтысуы да ғажап емес.

Ағзасынан тыйым салынған дәрі ізі табылды деп дауға қалған ауыр атлеттеріміздің Хьюстонда ел намысын қорғап жатқан сәті бұл. Осы додада Алмас Өтешев күміс, Жасұлан Қадырбаев қола медалді иеленген еді. Бірақ, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы қазақтың жеңісін көпсінді ме, спортшылар қара күшпен емес, допингпен жеңді деп күдіктеніп отыр.

Еліміздің үш зілтеміршісімен қоса тағы әлемнің 14 ауыр атлеті осы қара тізімге іліккен. Енді олардың дәріні ішкен-ішпегені анықталмайынша жарыстарға қатысуға құқы жоқ. Ауыр атлетика федерациясының күдігі көп-көрнеу жала болуы да мүмкін. Әлемдік аренада талай топ жарған атақты Илья Ильин де осындай пікірде.

 «Үлкен спорт жәй ғана спорт емес. Ол-саясат. Мұнда біреудің мүддесі жатуы мүмкін. Бұған бей жай қарамау керек. Жігіттерімізді аяқтан шалдырмай, өз құқығымызды қорғаған дұрыс», – дейді Илья Ильин.

 Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы да допинг дауына іліккен спортшылардың дәрі ішкеніне сенбейді. Өйткені,бұл үшеуі осы жарысқа күндіз-түні дайындалып, жеңеміз деген сеніммен барған. Сондықтан «олар қарсыластарынан басым бола тұра допинг ішіп қауіпті іске баратын ақымақ емес» дейді бас бапкер.

«Айқын жеңіс болатын. Осыны дәлелдеуіміз керек. Өйткені, тағылған айыппен келісіп үнсіз жатсақ, бізді басынып алады. Келісіде тағы да дәрі іштіңдер деп аластатып тастайтын болады. Бұған мүмкіндік бермеу керек», – деді мәселеге қатысты пікірін білдірген ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни.  

Енді басы дауға қалған зілтеміршілер қайтадан қан тапсырады. Егер допинг ішкендері расталса, ауыр атлеттер екі жылға спорттан шеттетіледі. Ал бұл – жолдама алынып қойған алдағы Рио-де-Жанейро олимпиадасына есік жабылады деген сөз.

Ал, әлем чемпионы Жасұлан Қадырбаевқа қиын болайын деп тұр. Өйткені, ол бұған дейін де допинг дауына ілігіп екі жылға спорттан шеттетілген. Енді бұл жолы өмір бойы зілтемір көтеру құқынан айырылуы ғажап емес. Ал, егер Қадырбаев пен Өтешовтің тыйым салынған дәріні қабылдағаны расталса,  әлем чемпионатының күмісі мен қоласы автоматты түрде 4-5-орын алған спортшыларға өтеді.

Талқылау