Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Діни басқарма мен туристік агенттіктер арасында дау шықты

Қазақстан туристік агенттіктер қауымдастығының (ҚТАҚ) президенті Әсел Нұркебаева ҚМДБ-ның қажылықты ұйымдастырушы туристік фирмаларға қойып отырған талаптары еш негізсіз деп мәлімдеді.

9h2hlXLQGbr2Jy75-lg

Сурет islam.kz

Бұл туралы Қазақстан Жаңалықтары хабарлайды.

ҚМДБ қажылықпен айналысуға үміткер туристік фирмалар арасында байқау жариялаған болатын. Олардың талаптарына сәйкес, туристік фирманың соңғы 5 жыл ішінде қажылық және умра сапарын ұйымдастырған мол тәжірибесі болуы керек. Бұдан бөлек, жаңа талаптарға сәйкес, Хадж чек (қажыларды Жидда-Мекке-Мадина қалаларына тасымалдау және Мина мен Арафат жазығындағы шатырларда орналасу үшін төленетін жарна) қаржысының кемінде 300 кісіге төленгендігі туралы түбіртектің болуы, «Эйр Астана» немесе Fly Nas әуе компанияларының операторларына билет қаржысының кемінде 300 кісіге 30% (пайыз) төленгені туралы түбіртектің болуы; Қажылық миссиясына кемінде 300 кісіге төленген жарнаның түбіртегінің болуы міндетті.

“Бұл заңсыз. Әр туристік фирманың өзінің нақты шамасы жететін шамада адамдарды қажылыққа жіберу мүмкіндігі болуы тиіс. Егер 300 адамды жібере алмаса, онда мүлдем қатыса алмайды деген сөз. Бұл кәсіпкерлер құқықтарының бұзылуы. Әрбір туристік фирма (мұндай шамада) жинай алмайды. Биыл ол мүмкін емес деуге болады”, — деді Нұркебаева.

Нұркебаеваның пікірінше, ҚМДБ-ның туристік фирмаларға мұндай талаптар қоюы орынсыз. Өйткені, ҚР инвестициялар және даму министрлігінің туризм индустриясы департаменті туристік салаға жетекшілік жасайды.

“Ең алдымен, бұл талаптардың қайдан шыққанын білу қажет. Екіншіден, турбизнеске туризм индустриясы департаменті жетешілік ететін болғандықтан ҚМДБ-ның мұндай талаптар қоюының себебін түсінбей отырмын. Қажылықпен айналысатын 20 фирма қайтадан жұмыс істеуге тосқауыл болатын жағдайға тап болып отыр. Сәйкесінше, жұмыс орындары, әр кәсіпкердің құқығы мен бостандығының шектелуі әлеуметтік мәселеге айналып отыр”, — деп есептейді қауымдастықтың басшысы.

Оның айтуынша, жағдайды түсіндіру үшін қауымдастық ұлттық кәсіпкерлер палатасына, туризм индустриясы департаментіне тиісті хаттар жолдайды. “Қажылыққа баратын адамдар іс жүзінде туристер емес, бұл саламен қалжыңдауға ешкімге кеңес бермес едім”, — деп қосты Нұркебаева.

Талқылау