Қазақы экзорцизм. Неліктен жастар арасында жын соғу жайттары жиілеп барады
ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі Ершат Оңғар жындар әлемі мен олардың байланысы жайында айтып, балгер-тәуіптерге бармауға шақырды.
Қазір көп жұрт, жылдар бойы тірнектеп, қиналып байығанды емес, бір сәтте, байып кеткенді қалайды. Сол пейіліне сай, балауыз жақсаң байисың, қаладағы биік үйге шықсаң, үй аласың деп соғатын тренер-коучтер қаптап кеткен. Жын дегенде солай… Көп адам, бойындағы жамандықпен айлап-жылдап күрескісі жоқ, деп хабарлайды Евразия.
Біреу «абрака-дабра» деп, таяқпен түртіп жіберсе. Сөйтіп, бүкіл кесірден арылтса дейді. Сұрағанға табылған. Жын шығарғыштар қаптап кетті. Бәленің бәрін соған жабады, «оқып берем, аттай сауығасың» деп соғады…
«Иә, көп адамдар, қазір өз мойнына жауапкершілік алғысы жоқ. Себебі ең жеңіл тәсілі бұған басқа біреу кінәлі деп айту оңай. Өз өміріне жауапкершілік алғысы келмей, ары қарай жұмыс істегісі келмей, ынталанғысы келмей, өзін жаманмын деп, ішкі дүниесіне көзін ашқысы келмей, өз-өзіне сенбей, адамдар жауапкершілікті алғысы келмей, жын кірді, анадай болды деп, біреуге жапқанды жеңіл тәсіл деп ойлайды» – дейді психиатр Әсем Әділбекова.
Бұл психолог, психиатр қауымның пікірі. Рас та шығар?! Бірақ, еріншек деп айтуға аузың бармайтын. Өзін аямайтын, аянбай жұмыс істейтін жігіттер, бір күнде өзгеріп, тағдыры быт-шыт боп жатыр. Кілт құлдыраудың диагнозы жоқ. Мейірміді, жанашыр ұл, бір сәтте мүлдем басқа боп оянып жатыр… Ол, ол ма? Ал, алыс ауылдарда…
«Біреудің жалғыз ұлы кетіп қалып жатады. Жалғыз қызы, әлі тұрмыс құрмаған енді қызығын көрейін деп, отырған қыздар кетіп жатыр. Соншама үлкен оқуды бітіріп келіп, маман болып енді қызметке кіріп жатқанда еш себепсіз артынан аша алмай жатыр. Өйткені, отбасы, ештеңеден тарықпаған, көлігін алып берген, жұмысын қамтамасыз етіп берген, сондайлар кетіп қалып жатыр» – дейді ауыл ағасы Мамыр Байдәулет.
Диагнозы жоқ, бұл бәленің бетін қайтару үшін, ешкі ілініп, тауық сойылып та жатыр. Жоралғының жасалмай жатқаны жоқ. Бірақ: Өзі осы сарайдың түбіне келіп, ұзақ қарап отыратынды шығарып еді. Ақыры осы болды – деп боздайды апасы. Бұл не, енді?! Бұл жын, бұл дуа,-дейді ата көргендер…
«Қазір әдетке айналды десек болады, дуа-сиқырмен кіру. Әрбір дуа-сиқырға қызмет қылатын бекітілген жындар болады. Адамды күтіп, торуылдап жүреді. Адамның көңілі өзгерген уақытта, мейлі жыласын, мейлі қатты күлсін, осындай сәтте жындар адам ішіне кіруге жол табады. Ол ішке кіргесін қарап жатпайды, жіберілгендегі мақсатын орындайды. Ол ауыртады. Суицидке алып барады» – дейді имам Нұрлан Бақбасаров.
«Жын әлемі деген бізбен паралельно әлемде өмір сүріп жатыр. Оттың жалынынан жасалған, кез-келген денеге айнала алатын, қатты денеден өтіп кете алатын, дауыс сияқты әлем» – дейді ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі Ершат Оңғар.
Олар әп-сәтте мың шақырымға барып-қайта алады. Естідіңіз, қабырғадан өтіп кете алады. Алапат күш иесі. Бірақ, солай бола тұра, адамнан қорқады олар. Шамасы келсе, адамнан аулақ жүруге тырысады. Ал неге соқтығады, неге зиян келтіреді дегенде былай. Жындардың 3 түрі бар. Әуелгісі әуеде қалықтап жүреді. Екіншілері адам кейпінде жүреді. Үшіншілері хайуанаттар әлеміне ұқсайды. Соңғысын көріп қаламыз, көп ұшырасады…
«Бұлар көбіне мысық, ит, ешкі, түйе секілді хайуандардың суретінде көп кездеседі. Аңшылар кейде, осы жануар кейпіндегі жындарды атып алып, жынды болып не қатты науқастанып қалады. Мұны халық жануардың киесі ұрды деп жатады. Дейтұрғанмен, бұл жануардың киесі емес, жын-жыбырдың өзі болатын» – дейді дінтанушы Серік Әбенұлы.
Яғни оларға зиян келтірсек, олар да кектенеді. Жын соқты, жын ұрды деген сол,-дейді. Сосын, аталарымыздың күлді баспа, жолға дәрет сындырма, молаға түнеме,-деген тиымдарында да үлкен мән бар. Жә, жындарға, адамзат әлеміне түсуге, адамдармен қатынас жасауға тиым салынған. Бірақ, әлгі тәуіп-шаман секілділер сол тиымды бұзып, портал есігін ашады.
«Бұрын біреуді өлтірмекші болса, киллер нанимать ететін. Қазіргі техника, қазіргі тергеу жүйесінің мықтылығы сонша, оларды ұстап алады. Енді, басқа жолға түсіп жатыр. Енді көзге көрінбейтін дұшпан билан істеуге көшті. Адамдарға дұшпандық қылу үшін, көрінбейтін жындарды жіберіп жатыр. Жаңа сұрасам, өлтіру дейді. Жайлап ауыртады. Тентек қылып қою» – дейді жын шығарушы Рустам ака.
Сұмдық иә?! Жә, бизнесмендер, төбедегілер өзара интригада қолданады десек, қате. Абысындар, туысқандар да бір-біріне жын жұмсап, тағдырларын ойрандап жатыр екен. Соншама, жын шақыру оңай іс боп кеткен бе? Иә… Қайда қарама, тәуіп-бақсы көбейіп кетті емес пе? Солар халықты бүлдіріп жатыр. Ең соңғысы телеарналарға шығып кетті.
«Шындығында қазір мына,телеканалдарды қарап отырсаңыздар, астында, болмаса из рук в руки дегенді қарасаңыздар, небір реклама, сиқыршылардың рекламасы көбейіп кетті. Заварожу, приворожу деген жаңағы деген сияқты нәрселерді ашық түрде, сиқыршылар қатты жұмыс істеп жатыр» – дейді жын шығарушы молда Әбдінайым Қарақожа.
Осындайларға бір тиым болса,-дейді ғой. Сосын, балалардың немен ойнап жүргеніне де зер салыңыз. «Ұнайтын баланы өзіңе қарату», «сабақтан үнемі 5 алу дуасы» дейтін күнделіктер ұстап жүр, қайбір балақан…
«Жасөспірімдерді осыдан сақтауда үлкен проблема болып тұр. Балалардың ойыншықтарының ішінде дуалау сияқты элементтер кездесіп жатады. Осы жағынан сақ болған дұрыс» – дейді ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі Ершат Оңғар.
Бала кезде есіңізде ме? Шырпы жағып, сіріңке қай жаққа бұрылады, сол жақтан қалыңды аласың деуші ек. Білмедік қой, ойыннан от шығарын. Ал қазіргінің балалары, бастары қосыла қалса, гном шақыру дейтін оңбаған, қорқынышты ойын ойнап жүр. Одан қалды, сиқырлы дуа, принцессаның сөздері атты сырты әдемі, іші түнек небір кітаптар ұстап жүр…
Көшеде бақсы-балгер, экранда тәуіп-шаман. Ең соңғысы балаларымыздың да қолында солардың суф-уф деген сөздері… Әлгі 350 мың жұртқа жын тигені де осыдан шығар?! Жаппай, тәуіп аралағыш, бал аштырғыш боп кеттік. Жын иектемегенде, кім иектейді енді?
«Қай түріне жүгінудің өзі шариғат тиым салынған. Түбінде жақсылық жоқ. Барып тұрып, сенбесең де күнә. Өйткені ол жерде жын жабысады. Өйткені, сені екінші рет келетін қылып. Санаңды улап қоюы мүмкін. Соңыңа бір жынды байлап беріп қоюы мүмкін. Әйтеуір бір уақыт болғанда денеңе кіріп кетіп, санасын игеріп басқарып отыруы мүмкін. Сондықтан бармауды пайғамбар тыйған. Ал кім барып тұрып, сенетін болса, иманынан айырылады» – дейді ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі Ершат Оңғар.
Негізі, жынның адам ішіне кіруі оп-оңай шаруа емес. Қиын, өте қиын тірлік. Адам Алласын ұмытатындай депрессияға түскенде, қатты есі шығып қуанғанда, зина жасағанда ғана, енуге мүмкіндік алады екен. Ал қазір ше? Бұл процесті адамдардың өзі тым жеңілдетіп беріп жатқан сияқты…
«Байқағаным қазір көбейіп кетті. Әсіресе, жастардың ауруы. Өйткен, жастар әр нәрсенің байыбына бара бермейді. Өзінікін туралап, үлкендердің сөзін тыңдамайды. Қазір дәретпен жүріңдер десе, тыңдамайды. Солай ғой? Жабық жүр десе, тыңдамайды. Жын шәйтанның келетін жері ашық шашық жерде. Үйде тазалық болмаса. Адаманың бойында тазалық болмаса» – дейді жын шығарушы молда Әбдінайым Қарақожа.
Бұрынғылар айтып отыратын «Жер бетіндеге жаратылғандардың барлығы саған жаманшылық ойлағанымен, Алла әмір бермесе саған залал келтіре алмайды» деп. Олай болса, жыннан бекер қорқудың да қажеті жоқ. Керісінше олар бізден қорқады. «Тек, сол бәлекет әлемге жақын жүрме, пал аштырма. Таза жүр, садақа қыл. Болды» – дейді білетіндер.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.