Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Димаш қарттар үйіне барып жанкүйері болған қазақ ақсақалымен кездесті

Бүгін ел мақтанышы Димаш Құдайбергенов Ақтөбеден Орал қаласында өтіп жатқан «Гранд Бал» қайырымдылық шарасына арнайы келді. Шараға құрметті қонақ ретінде шақырылған Димаш алдымен қаладағы қарттар мен мүгедектер үйіне ат басын тіреді.

Фото: Sputnik

Ал осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан қайырымдылық шара биыл «Бар махаббатпен» деген ұранмен өтпекші. Қайырымдылық шара аясында жиналған қаржы кештің басты кейіпкерлері мен осы іспетті қатты дертке шалдыққан жастардың еміне жұмсалмақ, деп хабарлайды 31 арна.

Оралға алыстан Димаш келеді деп күткен қарттардың жүздерінде талантты баласын бір көрсем деген үміт басым болды. Димаштай ұлдарын қызыл кілем жайып, ақ беріп қарсы алды.

Он жылдан бері қарттар үйінде тұрып жатқан Бекжан Бейтілеуов Димаштың тыңдаушысының бірі болып шықты. Оның Қытай елінде қатысқан ән байқауының барлық кезеңін қалдырмай көріпті.

“Өзінің бойшаң, бойлы, әдемілігі бүкіл әлемге бүкіл қазақ елінің әдемілігін көрсетіп тұрғаны үшін риза боламыз. Мақтанамыз осындай  баламыздың барына. Қыздар да күліп жатыр сенің Димашың келейін деп жатыр, сенің балаң келеді деп. Әрине қуанып жатырмыз барлығымыз”, – дейді Бекжан Бейтілеуов.

Ал талантты, жас Димаш жиналған қарттардың көңілін жанды дауысты ән салып бір аулап алды. Оларға зор денсаулық тілеп, алдағы өтетін өзінің  жеке шығармашылық кешіне қонақ болып келулерін сұрады.

“Құрметті ақ жаулықты  аналар, құрметті аталар сіздерді міндетті түрде Қазақстанда өтетін жеке шығармашылық концертінде күтетін боламын. Қазір сәті түсіп сіздермен қауышқаныма қуаныштымын. Алтын уақыттарыңызды бөліп, кішігірім қонақ кәде, өнерімен баға беріп, қол соғып отырғандарыңызға үлкен рахмет”, – дейді Димаш.

Орал қаласында биыл үшінші жыл қатарынан өтіп жатқан қайырымдылық шарасына Димаштан өзге танымал өнер жұлдыздары да қатысып жатыр. Бірер сағаттан кейін үлкен сарайда кештің салтанатты ашылу рәсімі басталады. Кешке шақыртылған эстрада  жұлдыздары есту, көру, сөйлеу қабілеттері нашар мектеп интернатының шәкірттерімен өнер көрсететін болады. Ал балдың басты нөмері бір ай бойы арнайы дайындықтан өткен елу жұп айнала вальс билемекші.

 

Талқылау