Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутаттар шетелдің қымбат көлігінен түскісі келмейтін шенеуніктерді сынады

Депутаттар шетелдің қымбат көлігінен түскісі келмейтін  шенеуніктерге тағы шүйлікті. Мәжілісмен Кеңес Әбсаттаров отандық темір тұлпарларды менсінбейтін мемлекеттік мекеме басшыларының тізімін де жасаған. Оның ішінде лауазымды атқамінерлерден бастап, колледж директорларына дейін бар. Байлар секілді джипті аңсайтындарды халық қалаулысы тегіс отандық машинаға отырғызуды талап етті, деп хабарлайды КТК арнасы.

land-cruiser-prado

Қызметтік көліктері Қазақстанда құрастырылған депутаттар джипке мініп жүйткіп жүрген шенеуніктерді тәубасына түсірмек. Мәселен мынау Астанадағы мемлекеттік қызметкерлердің тұрағы. Іші қымбат шетелдік машиналарға толы. “Форбс” тізіміндегі миллионерлер секілді бюджет қаржысына шалқып жүрген атқамінерлерді енді депутат Әбсаттаров тегіс отандық темір тұлпарларға отырғызбақ.

«Жыл басынан бері шенеуніктер 400 қымбат шетел көлігін сатып алған. Оның 40-ы Land Cruiser және Land Cruiser Prado сияқты су жаңа джип. 100-ден астам Toyota Camry бар», – деді Мәжіліс депутаты Кеңес Әбсаттаров.

Яғни, немістің мерседесі мен жапонның қымбат тайотасына құмар шенеуніктер отандық темір тұлпарларды місе тұтпайды. Ең сорақысы аймақтағы мемлекеттік қызметкерлер де биік көлік мініп, бюджет есебінен шалқып өмір сүруге әуес.

«Атыраудағы музыка колледжі Land Cruiser Prado, Жамбыл облыстық филармониясы Land Cruiser 200 автомашинасын сатып алған. Басшылар джипке мініп, қандай ауыр жұмыс істемек? Әлде бұл оқу орындарының басқа шаруасы жоқ па? Музыканттар бюджет қаржысын қайда жұмсарларын білмей жүрген болар?» – деді Мәжіліс депутаты Кеңес Әбсаттаров.

Депутаттың қара тізіміне кіріп, бір сәтте күллі елге аты шыққандардың бірі Атырау музыкалық колледжі. Бірақ  қымбат көлік сатып алды деп сыналған директор сасып отырған жоқ. Шетелдік джипке тапсырыс беріп қойған басшы, шығармашылық топқа қымбат көлік ауадай қажет деп ашығын айтты.

«Аудандарға концертке шыққан кезде балаларға қиын.  Автобустың есігі құттай. Күрделі летавра сынды аспаптар сыймайды. Сондықтан 2015 жылдан бастап ұсыныс білдірдік бізге джип көлігі керек деп», – деді Д.Нұрпейісова атындағы Атырау музыкалық колледжінің директоры Гүлнар Сәдуақасова.

Отандық өндірісті қолдау үшін тек елімізде құрастырылған көліктерді сатып алуға кезінде президент пәрмен берген. Алайда, араны ашылған атқамінерлер Елбасының сол сөзіне құлақ аспай отыр. Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік қызметкерлерді жаппай отандық көлікке отырғызу үшін арнайы заң керек.

«Бізде Үкімет бар. Сәйкесінше жоғарыдан бақылау болу керек. Мәселен, мемлекеттік қызметкердің көлігі 10 миллион теңгеден аспауы тиіс деген шектеу қойсын. Мемлекеттік сатып алуды да осы талапқа сай өткізсін. Ол үшін заңға өзгеріс енгізу керек», – деді заңгер Сергей Уткин.

Премьер-министрге сауал жолдаған Әбсаттаров Сағынтаевтан қызметтік көліктерге жарияланған тендердің қортындысын қайта тексеруді де сұрап отыр. Сонымен қатар ашуға мінген депутат президенттің пәрменін орындамаған басшыларды шетінен жауапқа  тартуды да талап етуде. Осыған қарағанда, алдағы уақытта біраз былықтың беті ашылатын түрі бар.

Жіберіп алмаңыз:

Елбасы “Назарбаев Университеті” басшысымен ағылшынша сөйлесті (видео)

Тұрғынның 16 жыл бойы жинаған асығы ЭКСПО-2017 көрмесіне қойылады

Көкшетауда әріптесін жалаңаш шешіндіріп қарға көміп өлтірген полицейге үкім шықты

20 жасында Apple компаниясына шақырту алған қазақ жігітінің қайғылы тағдыры

Талқылау