Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Депутаттар да мал бағады: Еліміздің депутаттары жазғы демалысты қалай өткізді?
Депутаттар да мал бағады. Каникулда құр жатпай, олар да ата-аналарына қолғабыс болады. Ал енді бірі немере бағады. Жыл он екі ай бойы қабылданатын заңдарға күндіз-түні шұқшиып қарайтын олар осылайша бір сәт қарапайым жұрттың күйін кешеді. Бір қызығы, осы жазда оқушылармен қатар екі ай бойы демалыста болған парламент мүшелерінің дені шетелге шықпапты.
Сурет: Sputnik Қазақстан/Болат Шайхинов
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Бірінші қыркүйек. Күздің алғашқы күні елдегі 3 миллион оқушы мектепке қарай ағылса, депутаттар жанталасып парламентке жиналды. Заң атаулыдан бір сәтке демалып, туған жерлерінде бой жазып қайтқан олардың бәрі де арқа-жарқа. Қол алысып, бір-біріне құшақ жайып әлек. Каникулдан қайтқан оқушылар тәрізді олар да, қайда барғандарын, не көргендерін бір-біріне қуана айтуда. Мұндай сұрақтарды жаудыртудан біз де қалыс қалмадық.
Депутаттар демалыста құр қарап жатпады. Өздері сайланған өңірлердегі барлық ауыл-аймақты аралап, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап қайтты. Айтуларынша, шалғай елді мекендердегі жерлестеріміз тұрмақ, қызметкерлердің өзі мемлекеттік бағдарламалардың біразынан бейхабар екен. Мәселен, 7-20-25.
«Түсінбейтіндері де бар. Неге десеңіз, мына жергілікті әкімшілік, мына жергілікті банктің қызметкерлері. Кейде мен соны ойлаймын, өздері түсінбегендіктен бе екен» – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов.
Есесіне, қала жұртын алаңдатып, төбе шаштарын тік тұрғызған доллардың қымбаттауы елді мекен жұртын алаңдатпайды. Оларды толғандыратын басқа мәселе.
«Ауылдағыларға теңге менен доллардың айырмашылығына қарап отырған жоқ. Оларға ең бастысы жұмыс болса, жалақы болса. Ауылда сол жастар тұрақтайтын жұмыс болса екен дейді» – дейді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев.
Парламенттегі ең жас депутат Геннадий Шиповских болса, жаңа сессияда кіндік қаны тамған жер Аралдың экологиялық мәселесін көтермек. Ал каникулының қалай өткендігі жайында былайша әңгімелейді.
«Қайда демаламыз? Қызылорда облысында болдық біз. Шетелге шыққан жоқпын. Ешқайда барған жоқпын. Үйімде әке-шешеме көмектестім. Әке-шешемізге мал жағын қарау дегендей, сол жағынан көмектесеміз енді. Малға қарадым деп айта алмаймын. Енді көмек бердім. Яғни енді дұрыс қой . Қарастым десем де болады. Малға қарадым деген де дұрыс», – дейді ҚР депутат Геннадий Шиповских.
Ал кейбір депутаттар туған жерлеріне кішігірім пиар жасап қалды.
«Алакөлде демалдым. Алакөл қазір даму үстінде. Көптеген инвесторлар келуде. Жағдай жақсаруда. Сондықтан, халықтың ортасында болып, демалушылардың мәселелерін біліп қайттым» – дейді депутат Нұртай Сабильянов.
Күз басталмай жатып, жұмысқа білек сыбана кірісіп кеткен депутаттар да бар. Әсіресе, қаржы комитетінің мүшелері. Өйткені, биылғы жылдың бюджетін бекітетін уақыт таяп жүр. Осылайша, екі ай демалған олардың енді жарғақ құлақтары жастыққа тимейтін күндері басталмақ. Алда жаңа сессия.