Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат Орал әкімдігінің су тасқыны салдарын жоюға шамадан тыс ақша жұмсағанын сынға алды

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынының салдарын жоюға бюджет қаражатының шектен тыс жұмсалғанын айтып, жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдарын сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: ТЖД

Депутаттың айтуынша, бюджет шамадан тыс жұмсалғаны үшін жауаптылар жауапкершілікке тартылуы керек.

Құспан бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған жолдауында облыстық мемлекеттік органдардың заңсыз айла-шарғы жасағанын тізіп шықты. Атап айтқанда, тұрғын үйлер үшін саяжай учаскелерін рәсімдеу және оларға мемлекет есебінен газ тарту, құрылыс жұмыстарын жүргізу бойынша бірқатар фактілер бар. 



Абзал Құспан екінші саяжай елді мекеніндегі су басқан "Нұрлы жол" тұрғын алабын тілге тиек етті. Оның айтуынша, үкімет бұл тұрғын алаптың тұрғындарына келтірілген залалды өтеу және оларға бюджет есебінен үйлерді салу шығынын қайтадан өз мойнына алуға мәжбүр.

Депутат Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы жергілікті атқарушы биліктің заңсыз әрекеттері мен жер заңнамасын бұзу фактілеріне қатысты немқұрайлық танытып, облыс тұрғындарының құқығын және заңды қорғай алмайтынын атап өтті.

"Мемлекеттік орган басшыларының заңды бұзғанын дәлелдейтін бұлтартпас фактілер болса да, прокуратура әрекет етпей отыр", – деді мәжілісмен.

Талқылау