Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көкшетау тұрғынын тиісті орган қызметкерлері қаңғыбастар зиратына көміп тастаған

Көкшетауда 8 ағайыны мен анасы бар азаматты тиісті қызметтер жалғызіліктілердің зиратына жерлей салыпты. Мұны артынан білген туыстары байбалам салуда, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Қант диабетімен ауырып, диспансерлік есепте тұратын 45 жастағы Дулат Мұсайбековтың мәйітін осыдан бір жарым ай бұрын полицейлер тауып алған. Қалтасынан құжаттары шықса да, апталдай азаматтың жақындарын ешкім таппай қалыпты.

Ағаларының о дүниелік болып, тіпті жерленіп те қойғанын естіген  бауырлары ашуланып отыр. Олар төрт көзіміз түгел отырсақта, қалайша Дулатты жетім біреудей көме салған дейді. Сондай-ақ, бұлардың жерленген адамның өз бауырлары екеніне сеніңкіремей де отырған жайы бар.

“Енді қалай? Бәлен ағайынды жігітпіз. Жетім-жесір емес қой көшеде жүрген. Эксгумация жасау ойымызда бар. Өйткені біз күдігімізді алуымыз керек. Мүмкін, бір жерде құлдықта жүрген шығар”, – дейді марқұмың інісі Бота Оразбаев.

Дегенмен, сот-медициналық сараптама да, жерлеу бюросы да Дулат Мұсайбековтың жерленгенін растап отыр.

“Міне,біздің қолымызда Ішкі істер бөлімінің қаулысы бар. Осы қаулы бойынша Дулат Мұсайбеков иесіздер зиратына қыркүйектің 14-інде мұсылмандық жолмен  жерленді”, – дейді жерлеу бюросының қызметкері Светлана Богрянцева.

Дулат қант диабетімен ауырған. Диспансерлік есепте тұр. Мәйітті тапқанда қалтасынан барлық құжаттары, тіпті инсулин дәрісіне дейін шыққан. Бірақ анасының үйінде тіркеуде тұрған марқұмның туысқандарын ешкім таппай қалыпты-мыс.

Енді оның аты-жөні белгілі бола тұра, иесіздер зиратына қалай болса солай жерленгенін естігенде, бауырлары шошып кетті.Ал полициядағылар болса марқұмның туыстарын барынша іздедік деп отыр.

“Мәйіт табылғаннан кейін полицейлер оның соңғы тіркелген мекен-жайын тексерді. Көршілерінен сұрастырды.Бірақ оны ешкім білмеді.

Дулат Мұсайбеков ішкі істер органдарында «маскүнем»  ретінде есепте тұрған. Бір ай бойы оны ешкім іздеген жоқ”, – дейді Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметінің маманы Әсем Әбдірахманова.

Марқұмның туысқандары автокөлік жөндейтін шебердің шынымен де ішкілікке жақын болғанын айтады. Дегенмен, табысын екі баласына жұмсап келген.

«Бір жағынан, Дулатты тапсырыс берушілер Қостанай, Атырауға дейін алып кетіп, көліктерін жөндететін. Мүмкін, сондай бір жерде жүрген шығар деп іздемедік» дейді олар. Ал өлген адамның бар туысын таппаған тәртіп сақшыларының өз әрекеттері үшін жауап беруын талап етуде.


Жіберіп алмаңыз:

Шымкентте тоғыз жасар бала пойыз астына түсіп аяғынан айырылды

Алматыда троллейбус студент қызды қағып кетті (фото)

Қостанайда қайнап тұрған суға күйіп қалған 10 айлық сәби шетінеп кетті

Астанада 5-ші сынып оқушысы тоққа түсіп, қолынан айырылды

Талқылау