Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәрігерлер, мұғалімдер, бизнесмендер: Сүйген жарының көзіне ең көп шөп салатын мамандық иелері анықталды

Сүйген жарының көзіне ең көп шөп салатын мамандық иелері анықталды. Көш басында ақ халатты абзал жандар мен аяулы ұстаздар екен. Оны мамандар жұмыстың тым ауырлығымен және күйзелістің шектен тыс көп болуымен байланыстырады. Бұл қаншалықты рас? Көзге шөп салуға құмар келетін маман иелері белгілі болса, адалы қайсы?

Дәрігерлер, мұғалімдер, бизнесмендер: Сүйген жарының көзіне ең көп шөп салатын мамандық иелері анықталды

Әлемге танымал басылымдардың бірі 5 мыңға жуық респондетке жасаған қызықты зерттеу нәтижесімен бөлісті. Олар түрлі сала қызметкерлерін шақырып, сүйіктісінің көзіне ең көп шөп салатын ерлер мен әйелдердің мамандықтарын анықтамақ болған. Ал оған тоқталмас бұрын, әуелі осыған қатысты елордалықтар не дейді екен, ойларын біліп көрейік, деп хабарлайды “Еуразия бірінші арнасы“.

«Мүмкін дәрігерлер де болуы мүмкін. Мысалы дәрігерлер көбінесе еркек адамдардан, көбінесе әйелдер болады. Әйелдерден мұғалім де болуы мүмкін негізі».

«Әлемде енді неше түрлі мамандық бар, оның бірін білсек, бірін біле бермейміз. Сондықтан нақты бір шешім айту қиын».

«Еркек адамдардан көбінесе полиция қызметкерлері, өнер саласы енді, көбінесе жоғарғы жақтағы жұлдыздар деген сияқты».

Жүргізілген шағын сауалнама нәтижесі көрсеткендей, халықтың дені сүйіктісіне адал еместер қатарына шоу бизнес өкілдерін, полиция қызметкерлерін жатқызуда. Бірақ қызығы сол, сарапшылардың анықтағаны мүлдем басқа.

Әуелі, ер азаматтардан бастап көрейік. Анықталғандай, жарының көзіне шөп салатындардың көшін айти саласының мамандары бастап, бизнесмендер мен сауда қызметкерлері қостаса, өнер иелері мен әлеуметтік қызметкерлер алғашқы ондықты түйіндеп тұр. Ал нәзік жандардың жағдайы өзгерек. Дәрігерлер, мұғалімдер мен жеке кәсіпкерлер алғашқы үштікте болса, сүйіктісіне адал еместердің соңына заңгерлер орналасыпты.

Десе де, бұл тек 5 мың адамның арасында жүргізілген зерттеу екенін ескерсек, оның қаншалықты шындыққа саятынын айту қиын. Содан болса керек, әлеуметтанушылар аталған статистика толықтырулар мен өзгертулерді көп қажет ететінін алға тартады. Тіпті өздерінің алып, қосарлары да бар екен.

«Негізінде қалыптасқан стереотип бойынша, көбінде ең бірінші орында негізі стюардессалар және ұшақта қызмет ететін ұшқыштар және тағысын тағы. Сол кісілер жолда көп жүрген соң, шаршайтын кісілер, қаржы саласындағы, шетелге көп саяхаттайтын қызметкерлер, бизнесмендер міне осы кісілерді көбінде әйелдер күйеулеріне, күйеулері әйелдеріне опасыздық жасайды деген стереотип қалыптасқан жалпы», – дейді әлеуметтанушы Азамат Баймахан.

Десе де, көзге шөп салу бүгінгі күннің үлкен проблемасына айналып бара жатқандай. Мамандар тіпті оның негізгі себептерін де анықтапты. Психологтардың уәжінше ерлі зайыптылардың ең болмағанда бірінің балалық шағында ата-анасымен қарым-қатынасы бұзылса, ол өсе келе міндетті түрде сүйген жарына адал болмайтын көрінеді.

«Астарында психологияға қарасаң, егер еркек адам анасымен қарым-қатынасы нашар болса, әйел адамға опасыздық жасайды. Жалпы қарым-қатынас дұрыс болмайды. Әйел адамдар өз әкесіне қарым-қатынасы нашар болса, сондай түсінбеушілікке барады. Себебі қыз баланың өмірінде әке деген бірінші еркек қой, ал ұл балаға ана деген бірінші әйел адам», – дейді психолог Жанар Рахимова.

Қалай десек те, қай мамандық иесінің сүйген жарына адал емес екендігі бұл ретте айтарлықтай маңызды емес. Өйткені көзге шөп салу- бұл ажырасудың негізгі себептерінің бірі. Ал еліміздегі әр екінші жұптың шаңырағы шайқалатынын ескерсек, мұны тез арада шешудің жолдарын қарастырғанымыз жөн, дейді мамандар.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау