Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәрігер: Әйел 6 сағат ішінде босануы тиіс

«МAKSAT МеД» орталығы қаңтар айынан бастап халыққа тегін қызмет көрсету мүмкіндігін алыпты. Осы орайда орталықтың меңгерушісімен болған сұхбатты жариялаймыз.

born

Бұл туралы Айқын газеті хабарлайды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» бағдарламасының 81-қадамында жекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізу, мемлекеттік медициналық ұйымдарды жекешелендіруді ынталандыру, мемлекеттік емес ұйымдар арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін беруді кеңейту туралы атап көрсетілген. Осыған сәйкес сіз басқаратын «МAKSAT МеД» орталығы қаңтар айынан бастап халыққа тегін қызмет көрсетуге мүмкіндік алыпты. Әңгімемізді осы өзгерістерден бастасақ…

– Бұл жоба Президент ұсынған Бес институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын іс жүзінде орындау мақсатында қолға алынып отыр. Жекеменшік емханалардың еңбек күшін пайдаланып, сол арқылы медицина қызметінің сапасы мен халыққа қызмет көрсету өнімділігін көтеруді көздейді. Бұрын жергілікті тұрғындар мекенжай анықтамасы бойынша тек өз ауданына қарасты емханаға тіркеуге алынатын. Қазіргі жүйе бойынша емделушілерге емхананы ғана емес, қабылдайтын дәрігерді де өздері таңдауға мүмкіндік беріліп отыр. Екіншіден, еліміздің түкпір-түкпірінен Астана мен Алматы қаласына немесе басқа да ірілі-ұсақты қалаларға білім алуға немесе жұмыс істеу үшін қоныс аударатын студенттер мен отбасылардың тегін қаралуына ешқандай кедергі болмайды. Басы ауырып, балтыры сыздай қалған жағдайда уақытша мекенжай анықтамасымен тегін медициналық көмек ала алады. Бұдан бөлек, оралман куәлігі бар қандастарымыздың да құқы ескерілген. Оралман мәртебесін беру осыдан екі жыл бұрын ҚР Үкіметі айқындаған аймақтармен ғана шектелетін еді. Биылдан бастап республиканың барлық аймақтарында қайта қалпына келтірілді.

Бұл өзгерістер өз кезегінде емханалар арасында  бәсекелестік тудырып, қызмет сапасын жақсарта түспек. Мысалы, қазіргі сәтте бір емханада шамамен 15-20 мың адам тіркелсе, жаңа жылдан кейін бұл көрсеткіш біршама азаяды. Өйткені қала бойынша көптеген жекеменшік клиникаға ақысыз медициналық қызмет көрсетуге рұқсат етіліп отыр. Сол тізімнің ішінде біздің орталық та бар. Қазіргі сәтте емханамызды талапқа сай қайта жабдықтауға кірісіп кеттік. Жақсы мамандарды шақырып жатырмыз. Жекеменшік медициналық орталық болғандықтан, осыған дейін тіркелген бір де бір адам жоқ болатын. Бір айдың ішінде жоспарланған адамдар санынан да артық тіркеліп үлгерді. Бұл  – мемлекеттің халыққа жасап жатқан жағдайы. Бұл –  реформаның шын мәнінде халықтың көңілінен шыққандығының белгісі. Президенттің оң саясатының нәтижесі және біздің алты жыл жұмыс істеу барысында  жеткен жетістігіміздің арқасы деп ойлаймын.

– Алты жыл ішінде емделушілердің басым бөлігіне инемен емдеу әдісі қолданылды. Дертіне шипа іздеп келгендердің «алтын ине» қабылдауына мүмкіндік бар ма? 

– Біздің емхана жаңа жылдан кейін екі түрлі бағытта жұмыс істейді. Бюджет есебінен және ақылы қызмет көрсетеді. Мемлекет есебінен қарастырылған сырқат түрлеріне  медициналық кепілдендірілген  көлемде тегін  ем тағайындалады . Ал тегін медициналық кепілдендірілген  көлемде қамтылмаған қызмет түрлері ақылы. Ақылы ем науқастың келісімімен жүзеге асырылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 01.11.1996 жылғы «Милан» конгресінде инемен емдеу әдісінің 64 түрлі ауруға ем болатындығын ресми бекіткен болатын. Әзірге Қазақстанда заңды түрде дәстүрлі емдеу әдісіне жатады. Елімізде ине терапиясына жүгінетін адам өте көп. Химикаттық дәрілерден әбден шаршаған халық дәстүрлі емді таңдауға мүдделі.  Бірақ, бұл жерде инемен емдейтін нағыз мамандарды қатардағы халық емшілерімен салыстыруға болмайды. Себебі, бұл әдістің қыр-сырын терең меңгерген адам емдегенде ғана науқасқа шипа болады. Ұғынықты болу үшін айта кетейін. Сан ғасырлық емдеу тәжірибесі көрсеткендей, адам денесінде 720  нерв түйіні бар. Оның ішінде 72 нүктеге ине салуға мүлде болмайды. Ал 36 нүктеге жазатайым салынып кетсе, науқас көп жағдайда бірден өліп кетеді. Көрдіңіз бе, Қытайда ине терапиясы кәсібін табаны күректей төрт жыл бойы оқытудың сыры осында жатыр. Әрине, мұнда студент аталған нүктелерді дұрыс меңгеріп қана қоймайды. Адам анатомиясынан бастап, көптеген медициналық білімдерді қатар меңгергенде ғана бастауыш маман дәрежесіне жете алады.

– Сіз балалардың церебральды сал ауруын (ДЦП) жиі емдейсіз, бірақ  қазіргі таңда Қазақстанда бұл дерттің  жылдан-жылға саны артып келеді. Осының себебі неде деп ойлайсыз?

– Қазіргі уақытта Ұлттық генетикалық тіркеу ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын елімізде 2000, 3500 нәресте патологиямен дүниеге келеді. Бұл 1000 шақалақтың 20-24,3 пайызы деген сөз. Бұл көрсеткіш әлемнің дамыған елдерінде 1000 нан екі пайыздай ғана. Демек, бізбен салыстырғанда он еседен астам төмен. Ал, Қытайда бұл көрсеткіш мың балаға есептегенде 1,96 пайыз ғана. Біздің жағдайымызда қазіргі кезде балалардың церебральды сал ауруы ерте мүгедектікке алып келетін аурулар ішінде бірінші орынға шығып отыр. Елімізде 13 мыңға жуық бала осы дертке шалдыққан. Олардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Медицина саласы қарыштап дамып, неше түрлі технологиялар шығып жатқан тұста, бұл көрсеткіштің жылдан жылға артуына не себеп? Бір бала ауру болып өмірге келсе, отбасындағы адамдардың барлығы да зардабын тартпай ма? Егер сол бала сау-саламат өмір есігін ашса, мемлекетке тің дамуына  қаншама үлес қосар еді. Сондықтан, «Қазақстандағы ДЦП  балалардың көбею себебі және олардың қатарын азайту мен  емдеу тәсілдері» деп аталатын   тақырып бойынша  зерттеу жүргізуге кірісіп кеттім.

– Қазіргі сәтте қандай тұжырымға келдіңіз? Нақты зерттеп, дәлелдемесеңіз де бір күдігіңіз бар шығар?

– Нақты қорытынды жасауға әзірге ерте. Мәселен, Қытай мемлекетінде әйел толғағы басталған соң 6 сағат ішінде босануы керек. Егер осы уақыт аралығында аяқ-қолын бауырына алмаса, кесар тілігі жасалады. Анасына немесе ет жақындарына «жатыр мойыны ашылмады, бала тұншығып жатыр. Ота жасауға міндеттіміз» деп түсіндіріледі. Ал бізде 3-4 күн жатып толғататындар да бар. 1,5 миллиард қытайдың ішінде ДЦП-ға шалдыққан балалар саны біздікіндей көп емес екендігін жоғарыда айттым. Ал біздің елімізде клиникалық хаттамаға сәйкес (Хаттама №19) 8-12 сағатта әйел босанбаса, кесар тілігін жасау талап етілген, бірақ міндеттелмеген. Сондықтан ота жасау, жасамау тек дәрігердің қалауы мен білім-білігіне байланысты.  Ал, Қытайда  іштегі нәрестенің жүрек соғу жиілігі минутына 160 реттен асқан жағдайда да  кесар тілігін жасау міндеттелген. Ал біздің клиникалық хаттамаға сәйкес (Хаттама № 15-134в) іштегі нәрестенің жүрек соғу жиілігі  минутына 110-160 рет болса,  қалыпты деп саналады.  Біздің елде іштегі баланың жүрек соғуы 160-тан асқан жағдайда кесар тілігін жасау талап етілген, бірақ міндеттелмеген. Сол себепті осы екі жағдайда босану уақытын заңды түрде 6 сағатқа және жүрек соғу жиілігін 150-ден асса кесар тілігін жасауды заң жүзінде тұрақтандыруымыз қажет деп ойлаймын. Себебі, Қытай дəрігерлері  бұндай қорытындыны жайдан-жай жасаған жоқ қой. Егер сол уақыт ішінде медицина қызметкерлері босандырмаса, келісім бермесе ата-ана жауап беруі тиіс.Бұл бір себеп.

Екіншіден, қазір қыздар мен  жігіттер үйленгенге дейін-ақ жыныстық жолмен  түрлі вирустарды жұқтырып үлгереді. Отбасын құрар кезде дұрыстап тексерілмейді. Шаңырақ көтергеннен кейін де қаралуға асықпайды. Жұқпалы вирустары бар екенін өздері де білмейді. Соның салдарынан бала уақытынан ерте туады, миы дұрыс жетілмей, әр түрлі аномалиялармен өмірге келеді. Ондай балаларға невропатологтың рұқсатынсыз ешқандай екпе жасауға болмайды. Егер неврологиялық ақаулары бар балаларға екпе жасайтын болса, бала ДЦП қатарлы әртүрлі жүйке жүйесі ауруына шалдығуы мумкін. Сондықтан екпе жасауға невропатолог рұқсатын  заңды түрде міндеттеуіміз керек.  Қазақтың бір жақсысы, әйтеуір үйленер алдында ата тегін сұрайды. Сондықтан ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын генетикалық тұрғыда зардап шегушілер көп кездеспейді. Жас жұбайлар бір бірінің ата тегін сұраумен қатар, медициналық тексеруден өтуі керек.
Егер ақ халатты абзал жандар тарапынан жүктілікті тоқтату туралы шешім шығарылса, баланы да, анасын да қинамай, келіскен дұрыс. «Құдай сақтасын» деп дәрігерге сенбегендер аяғында өкінішті жағдайда қалып жатады.

– Кейбір ата-аналар екпе егуге  қарсылық білдіреді. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Медицина қызметкері ретінде айтарым, жалпы екпені алу қажет. Бірақ  екпе  өз елімізде өндірілмейді, барлығы шет мемлекеттерден әкелінгендіктен халық сенбестікпен қарайды. Тасымалдау шарттары қаншалықты нормативке сай орындалды, оны сіз бен біз біле бермейміз. Ата-ананы түсінуге болады. Өйткені жүгіріп жүрген бала екпе салғаннан кейін есінен танып қалып жатса,  көзімен көріп отырып, қалай келіседі? Біздің халқымыз көзі ашық, сауатты халық қой, екпе керек екенін біледі, бірақ қорқады. Сондықтан мемлекет өз елімізде сапалы екпе шығаратын зауыттар ашуы керек. Сонда екпелердің сапасын өзіміз қадағалай алар едік. Бұл экономикалық тұрғыдан да көл-көсір пайда әкеледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізу, мемлекеттік медициналық ұйымдарды жекешелендіруді ынталандыру, мемлекеттік емес ұйымдар арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін беруді кеңейту» туралы тапсырмасын орындай отырып, біз осы мәселелерді шешу жолдарын да табамыз деген сенімдемін.

Әңгімелескен Қаншайым Байдәулет

Жіберіп алмаңыз:

Ғалымдар ерлердің ішуіне арналған жүктіліктен сақтандыратын дәрі ойлап тапты

Перзентханадан қуып жібергендіктен жүкті әйел далада босануға мәжбүр болды (видео)

Жүктілік кезіндегі жыныстық қатынас іштегі сәби үшін пайдалы

Семейде жүкті әйел мен құрсақтағы сәбиді көліктегі фельдшер жігіт аман алып қалды

Талқылау