Дәрігер: Ауру жұқтырғанда адамның бауыры жанып кетеді

Сенбі, 1 Шілде , 2017 9:14

Бұл өмірде бауырың бүтін болғанға не жетсін?! Осы сөздің аясына бірнеше мәнді сыйғыза салған қазақтың даналығына қайран қалмасқа амалың жоқ. Денің сау, отбасың аман болсын дегенді осы бір ауыз сөздің аясына енгізген.

ot-chego-bolit-pechen-1

«Бауыр» сөзінің мағынасы тереңде. Олай дейтініміз – тек ағза мүшесі ретінде ғана емес, туыстық атаумен де омонимдес болуы тектен тек емес, деп жазады Айқын.

Етжақын туысын бауыр дейтін, қатты қапаланған кезін «жер бауырлап қалу» деген тіркеспен келтіретін, құда-жегжатқа құйрық-бауыр жегізетін дәстүрмен көпшілігі таныс. Бұл бауырдың біз білмейтін қандай белгісіз тұстары бар? Осы сынды толассыз сауалдардың жауабын іздеп, Алматы қаласындағы №4 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, дәрігер-гепатолог Роза Торғайқызымен тілдескен едік. Әңгіменің берісі бауыр ауруларынан басталып, әрісі трансплантацияға жалғасты.

Роза Торғайқызы еңбек жолын 1986 жылы бастаған. Бірінші маман­дығы – жұқпалы ауруларды емдейтін дәрігер. Кейіннен гепатология саласына ауысқан. Бұл екеуінің бір-бірімен тығыз байланыстағы сала екендігін бірі білсе, бірі білмес. Өйткені жұқпалы аурулардың бір түрі ретінде жұқпалы бауыр ауруы белгілі.

– Вирустық гепатиттер жұғу жол­дар­ына қарай екі үлкен топ­қа бөлінеді: энтеральды және парен­те­ральды. Біріншісі жедел-ішек аурулары сияқты ауыз арқылы жұға­тын вирустар. Парентеральды гепатиттер болса, қан арқылы жұ­ға­ды. Сондай-ақ бұл вирустық ге­патиттер жыныстық қатынас, терінің тұтастығын бұзатын бірқатар жайттар (соның ішінде маникюр, педикюр, операция жасау құралдары және т.б.) арқылы да тамырын жаяды. Көрдіңіз бе, барынша абай болу керек.

Қан арқылы енген вирустар жедел және созылмалы түрде жүреді. Соңғысы адам ағза­сын­да ұзақ сақталуы мүмкін. Оның бір мысалы ретінде бауыр циррозы, гепатоцеллюлярлы рак секілді ауруларды тудырып, адам үшін ауыр жағдай туғызатынын айта кету керек. Кейде тіпті өлімге душар ететін кездері де болады. Осы секілді вирустық гепатит­тер­ді дұрыстап тексеріп, емдеу мақ­­сатында «гепатология» атты сала дүниеге келді. Бірақ ауқымы кең болғандықтан, тек вирустық гепатиттерді ғана емес, басқа ге­патит­­терді де қарастырады. Жұқ­­па­лы ауруларды емдеумен ай­на­лыс­қандықтан, ізін суытпай екінші ма­­мандық – гастроэнтеролог сер­ти­­фикатын алдым. Бұл қандай са­ла десеңіз, гастроэнтерология – ас қорыту жүйесін зерттейді. Гепатология болса, соның кішкене бір саласы.

– Бауыр аурулары жұғу арқылы пайда болады дедік, ал тумысынан бауыры мазалайтындар болмай ма?

– Жоқ, туғаннан бері бауыры ауыратындар болмайды. Дегенмен адамның даму барысында ең жиі кездесетіні – вирустық ге­па­тит­тер. Яғни, олар жас тал­ға­майды, тұқым қуаламайды әрі өздігінен пайда болмайды. Елі­міз­де ең жиі кездесетін түрлері – гепатит B, C және D. Қа­зір­гі таңда Қазақстанның барлық қалаларында гепатологиялық орта­лық­тар ашылған. Ол жерлерде нау­­­қастар тексерістен өте алады. Жо­ғарыда атап өткен гепатит түр­ле­рімен ауыратындарға Үкімет тарапынан ақысыз ем жасалады. 2009 жылы В, С, Д вирусты гепатит­терді әлеуметтік маңызды аурулар қатарына енгізу туралы Үкімет каулысы кабылданды.

Осыған байланысты 2010 жылы Денсаулық сақтау министрлігі созылмалы В, С, Д вирусты гепатитпен ауыратын науқастарды диагностикалык тексеруден өткізу және емдеу тура­лы бұйрық жариялап, алдымен ба­лаларды, 2011 жылы ересектерді емдеу жүзеге асырылды. 2012 жылы осы бұйрыққа толықтырулар ен­г­ізіліп, созылмалы В, С, Д вирус­ты гепатиттерімен ауыратын нау­­­қастар үшін ақысыз ем ҚР аза­­­­мат­­тарына жүргізілуде. Осы бұйрық күшіне енгелі науқастардың саны артып келеді. Олай дейтін себебіміз – бұрын ақылы түрде ем қабылдайтын кезде есепке бірі тұрса, бірі тұрмайтын. Бүгінде тір­келіп, тегін емделгісі келеді. Не­гізі, науқастардың саны артты дегеннен гөрі, есепке тұратындар көбейді де­ген дұрыс. Сәйкесінше, ем алғысы ке­летіндердің тізімі де ұзарды. Кезегі келген уақытта емделе алады.

– Халық арасында бауыр іріп кетеді деген түсінік бар. Ол шынымен іри ме?

– Фульминантты гепатит деген бар. Ол жедел вирустық гепатиттің B және D түрінде кездесуі мүмкін. Бірақ кейінгі кездері жастар ара­сын­да A гепатиті түрінде де болатыны байқалып жүр. Осы гепатит түрінің фульминант, яғни тез арада бауыр «жа­нып» кететінге ұқсайды. Ол ағ­заның вирусқа қатты беретін иммундық реакциясы іспеттес. Сол кезде вируспен қосылып, организм өз бауырын өзі «өртейді». Өйткені бауыр тез арада кішірейе алатын қасиетке ие. Ондай жағдай орын алар болса, қорқа бастаймыз. Көлемінің кішірейетіні сонша, ұйы­ған қанға айналып кететін кездерді де көзіміз көрген.

– Бауырды бүтін сақтау үшін қандай тағамдарды жемеген жөн?

– Дені сау адамдар да бауырын сақ­тауды ойлауы тиіс. Бауыр жұмы­сы­на кедергі келтіретін тағамдар болады. Ең алдымен, алкогольді ішімдік ішпеген абзал. Жалпы, құрамында алкоголі бар дүниелерден алшақ болу керек. Сонымен бірге, газдалған сусындарды да барынша азайту қажет. Еттің өзін пісіріп жі­беретін коланы алып қарайық. Демек, ол асқазанға, бауырға әсер беруі ықтимал.

– Коланы күнделікті ішетін әде­тім бар еді. Сіздің сөзіңізден соң қорқа бастадым…

– Газдалған сусындарды түбе­гей­лі ішпеу керек деген – қате тү­сінік. Оны майлы тағамдардан соң ішсе жақсы болады. Астың қорытылуына көмектеседі. Тек есте сақтау керек бір жайт – аш қарынға ішуден алшақ болыңыз. Тіпті соны мүлдем ішпегеннен еш­теңе жоғалтпайсыз. Оның жанын­да өзіміздің, қазақтың ұлттық тағам­да­ры қандай керемет?! Тұнған та­биғи өнімдер, дәрумендерге бай. Со­нымен бірге, көкөністердің бар­лық түрі, жас малдың, құстың, балық­­тың еті өте пайдалы. Яғни, ми­к­ро­эле­мент­тері, ақуызы мен дәрумені көп тағамдарды жеген дұрыс. Кон­сер­віленген өнімдердің де зияны бар. Бұдан бөлек дәрігердің нұсқауынсыз дәрілерді оңды-солды алып, іше беруге тағы болмайды. Өйткені дәрі-дәрмектердің өзі де зиян. Нақты бауырға қатысты айтар болсақ, туберкулездің, диабеттің дәрілері бауырға токсикалық әсер береді. Сондықтан осы дәрілерді қабылдауға мәжбүр болған науқастар (туберкулез, қант диабетімен ауы­­ратын науқастар) уақытылы тек­серістерден өтіп жүру қажет. Қандай тамақ ішкен дұрыс десеңіз, табиғи өнімдер туралы айттым. Соның ішінде саумалдың қасиетіне тереңірек үңілу керек. Бұл жерде саумалды қымызбен шатастырмау керек деп ескерткім келеді. Биенің сүті мен ашытылған қымыздың арасы жер мен көктей. Қымыздың құрамында аз мөлшерде болсын, алкоголь пайда болады.

– Әңгімемізді бауыр транспланта­ция­сы турасында бұрсақ. Бұл процесс қалай жүреді?

– Емдеудің өзге амалдары қал­­ма­ған жағдайда ғана қабыл­да­на­тын шешім – трансплантация. Бір Алматының өзінде былтыр 150-ге тарта ота жасалғаны туралы ста­тис­ти­ка белгілі. Аталған про­цесс екі түрде жүзеге асады: мәйіттік және туыстық донорлық. Алғашқысына тоқталар болсақ, қайтыс болған адамдардың сау мүшелерін өзге мұқтаж жандарға салады. Туыстық донорлық болса, науқастың туыс­қан­дары арасынан шығады.

– Бауыр өсуге қабілетті болғаны ма?

– Иә, бауырдың көлемі донорда да, реципиентте де өседі. Кейін қалып­қа келеді. Әрине, кейде қиын­­дық­тар туындап қалатын жағ­дайлар кездеседі. Бірақ елімізде бұл саланың дамуына жақсы деген баға беруге болады. Бұрын ағза ауыстырып салу болмаған кезде өмірінің соңғы күндерін санаумен өткізетін болса, қазір жағдай өзгерді. Тіпті мынадай қызық жағдай болған. Бір әйел трансплантациядан соң бір жылдан кейін бала көтеріп, ана атанды. Әрине, мұның өте қауіпті екенін ескерттік. Дегенмен бәріне шыдайтынын айтып, жүкті болды.

Трансплантация жасалған соң көп дәрі-дәрмек қабылдайтыны белгілі. Ол болса, ана үшін де, бала үшін де ауыр. Бірақ «бала көтер, не көтерме» деуге қақымыз жоқ. Бірақ тәуекелге бел буып, босанды. Кейде жаңа салынған ағзаны қабылдамайтын кездер де кездеседі. Ондай жағдайда ретрансплантация жасалады. Яғни, оны алып тастап, орнына басқасын іздейміз. Бізде заң бойынша, кез келген адам бауырын сата алмай­ды. Тек мәйіттік донорлық жасауға болады. Бірақ оның өзі туыстарының рұқсатымен не өзінің көзі тірісінде жазылған қолхатымен жүзеге асы­ры­лады. Бірде жас жігіттің миына қан құйылып, инсульт алды. Ми қыз­­меті тоқтағанымен, жүрек, бүй­рек, бауыры, өкпесі сау екен. Сондай жағдайда оның органдарын туыстарының рұқсатымен алып, бірнеше адамның өмірін құтқаруға болады.

– Мәйіттік донорлық мәдениеті қалыптасқаны дұрыс па?

– Дұрыс айтасыз. Себебі, көп адамдар келісе бермейді. Негі­зі, болашақта осы турасында дұ­­­рыс түсінік қалыптасады деп ой­лай­мын. Туыстарының та­ра­пы­нан келіспеушілік көп. Өйткені туғанының пышаққа түсіп, тілгі­ленгенін кім жақсы көреді? Бірақ уақыт өте келе өзгереді деген сенім­демін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Жадыра Аққайыр

Тағы да оқыңыз:

Бауырыңыз ауырып қауіпті күйге түскенін бойыңыздағы 15 белгіден білуге болады

Шемішкенің жүрек, бауыр және өзге де ауруларға пайдасы мол

Қасқыржем өсімдігінің тіс, бауыр және өзге де ауруларға қарсы емдік пайдасы

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Источник: Stan.kz

0
Комментариев

Leave a Reply

Your email address will not be published.

Орташа айырбас бағамы
19.11.17
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар