Дәрігер үміт жоқ деген: Марлен мен Әнел ауыр дертті қалай жеңгендерін айтып берді

Бейсенбі, 27 Шілде , 2017 12:40

Ауыр науқасқа шалдығып, бірнеше жыл ауруханадан шықпаған құлсарылық 23 жастағы Әнел Мұратова мен оның сүйіктісі, досы 22 жастағы жас жігіт Марлен Нұргасеновтың таңғажайып махаббат хикаясы көпшілікті жылатып та, қуантып та үлгерді.

2 марлен анель

Бұл ретте «Ақ Жайық» газеті ғашықтармен тілдесті. Өліммен бақандай 7 жыл арпалысқан ғашықтар бәрін өз ауыздарымен айтып берді.

«Екеуміз бір мектепте Құлсары қаласында оқыдық, Марлен менен бір сынып төмен оқыды. Достығымыз 16 жастан басталды. Ресми түрде ұсыныс жасау сияқты нәрселер болған жоқ, бәрі аяқ астынан болды. Басында телефонмен, интернет арқылы сөйлесіп жүрдік. Кейін ол 9-сыныпты бітіріп, Ақтөбеге колледжге оқуға түседі, ал мен мектепте оқып жүрдім. Сол кезде мен қатты ауырдым…» – деп бастады әңгімесін Әнел.

Әнел 2009 жылы өкпесіне салқын тигізіп алып, ауруханада ұзақ жатады. Ауруы меңдеп, олар анасы екеуі Ақтөбе қаласына тексерілуге барады. Марлен бұл туралы досынан естіп, сонда келді. Сол кезде екеуі қалада қыдырып жүрді. Әнел өзінің ауруы жөнінде оған ештеңе айтпаған. Марлен болса, оны Құлсарыға пойызға шығарып салады. Ал бір жылдан соң Әнелдің бір өкпесін түгелімен алып тастау керек болады. Әнелдің анасы Қарағандының тумасы екен, ол қызын сонда ота жасатуға апарады.

17663274_147634509101530_3804065354544578560_n

Әнел:

– Мен Қарағандыға операцияға кетіп бара жатқанымда бір күн бұрын оған телефонмен жағдайымды айттым. Ол неге екені белгісіз, қашан, қай пойызбен шығатынымды сұрастырып алды. Мен мінген пойыз Ақтөбеге соқпайды, Қандыағашқа тоқтайды. Ал, Марлен сабақтан қашып шығып, Ақтөбеден Қандыағашқа келіп, менің вагоныма отырып алады. Оны көріп мен қуанып, «сабағың қайда?» деп сұрап жатырмын ғой. «Сен операцияға кетіп бара жатқанда мен қалай сабақта отырамын?» демесі бар ма? Әрине, анам да бұған таңғалды. Ол бұрын оны көрмеген еді. Кейін «жақсы бала екен, кез келген жігіт олай жасай бермейді, жарайды, ішің пыспайтын болды» деп, бірден қолдап кетті. Ал Қарағандыда Марлен ауруханада менің жанымда түнеп жүрді. Дәрігерлер оған палатаға кіруге рұқсат бермесе де, ол кіріп кететін. Пысық жігіт қой, әйтеуір бір ебін тауып келетін. Түнгі ауысымдағы медбикелерге тәтті торттар әкеліп, олардың да көңілдерін көтеріп қоятын. Ең бастысы, үнемі қасымнан қалмайтын. Мені моральдық тұрғыда қолдайтын. Мен дәл осылай болатынына сенбейтінмін. Мүмкін сол кезде біз екеуміз бұл махаббат екенін түсінген болармыз.

Марлен:

– Мен ауруханада үнемі Әнелдің жанында болуым үшін сырттай оқу бөліміне ауыстым. Кейін дәрігерлер «бұл баланы көндіре алмайсың бәрібір» деп, қолдарын бір сілтеді. Онда дәрігерлер кілең орыс. Мен орысшаға шорқақпын, сонда да барымды айтып, тілдерін табуға тырыстым. Кейін бәрімен дос болып кеттік, кетерде қимай қоштастық қой (күлді).

19379164_855900854573824_3784444311848878080_n

Әнел:

– Менің өкпемді алып тастады. Бірақ, көрген қиындығым мұнымен бітпеді. Күніне 25 түрлі дәрі-дәрмек қабылдағандықтан асқазан-ішек жолдарының жұмысы бұзыла бастады. Сол Қарағандыда дәрігерлер ота жасау керек деп, 8 сантиметр ішегімді кесті. Ал 2012 жылы жүрегім сыр бере бастады. Тек бір өкпе жұмыс жасап тұрғасын, жүрекке оттегі жетпеді. Кез келген уақытта ауа жетпей қалуы мүмкін болғасын оттегі баллонын алдырттық. Осы кезде Марлен Қарағандыда жұмыс тапқан болатын. Ол менің жағдайымды ести сала, «мен жұмыстан шығам, сенің қасыңда болып, баллонды көтеріп жүремін» деді. Мен оттегі баллонынсыз жүре алмайтын болдым. Кез келген уақытта есімнен танып қалатынмын. Не істеп, не қойып жатқанымды білмей қаламын. Сол кезде Марлен тоқтамай сөйлеп, «міне, біз осында отырмыз, мына жердеміз» деп есімді жинатқызатын.

…Әнел сол жылдан бастап қатты әлсіреп кетті. Ауа жетпегесін Әнелдің жүрегі орнынан қозғалып арқасына қарай ығысып кетеді.

Қарағандадыда өкпесіне ота жасаған дәрігер «Жедел ота жасау керек, жүректі қалай да орнына әкелу керек» екенін ескертеді. Әйтпесе, кез келген уақытта өміріне қауіп төніп тұрған болатын.

Марлен мен Әнел Астана, Алматының дәрігерлеріне барады. Сол кезде Алматыға Мәскеуден келген профессор Әнелді тексеруден өткізеді де, Марленге «сен қызды әрі-бері сүйреме, болды, өмір сүруге 30 пайыз мүмкіндігі бар, ешкім оған ота жасау жауапкершілігін алмайды, босқа сүйреп, әлсіретпей, әке-шешесіне апар, дайындала берсін» дейді.

3 марлен мен анель

Әнел:

– Сонда Марленнің ашуланғанын көрсеңіз, профессордың жағасына жармасып, «мен Әнелді әлі-ақ сіздің алдыңызға әкелем, айтып отырғаныңыз осы ма?» деп айқайлады, көзі көрмей кетті. Мен мына жақта: «Біткен жерім осы ма, бар өмірім осы ма?» деп жылап жатырмын. Марленді сүйреп кабинеттен алып шықтым. Әлі есімде Марлен мені қаладағы саябаққа алып барып, отырғызып қойып, айқайлап жылады: «Сен профессор осылай айтты екен деп берілесің бе? Соған сенесің бе? Аллаға неге сенбейсің? Құдайдан неге сұрамайсың? Мен сен үшін өмір сүріп жүрмін, неге маған көмектеспейсің? Сен тек ішіңнен жеңілмеші, мен сенің жазылатыныңа, тірі қалатыныңа толықтай сенем, тек сен өзің сенбей тұрсың» деді. Мен «жарайды» дегеніммен, әлгі профессордың сөзі құлағымнан кетпеді. «Үйге барайықшы, әке-шешеме барамын» дегем, Марлен: «жоқ, бармайсың, осы қиындықты жеңбейінше, Құлсарыға бармаймыз» деді.

Бұл күндері Әнел күйзелісте болып, қатты қиналды, тек дәрінің көмегімен ұйықтайтын. Марлен жанында болды.

Әнел:

– Бірде түнде ұйқымнан оянсам, Марлен Құдайдан дұға тілеп отыр екен. Алланы көріп тұрғандай сөйлеседі екен. «Сынап жатқаныңды білемін, бірақ қатты сынамашы, Әнелдің ауырғанына шыдай алмаймын, жол көрсетші» деп Құдайға жалбарынатын. Оны естіп мен жылап, Марленнің менің өмірім үшін күресіп жүргенін көріп, «мен неге өзімнің өмірім үшін күреспеймін» деп, әл жинап, өз-өзіме сенімді бола бастадым.

Осылай жүргендерінде бір аптадан кейін Қарағандыдағы дәрігер-хирург телефон соғып, жағдайын сұрады. Бірақ оның жаңалығы Әнелдің көңілін түсіріп жіберді – Ресей мен Қытай ота жасаудан бас тартқан. Себебі, тәуекелге ешкім барғысы келмеген.

Әнел:

– Бірақ менің Қарағандыдағы дәрігерім Аманжол Темірбаев: «мен сені қанша жылдан бері емдеп келе жатырмын, сенің мықты қыз екеніңді білемін, сенің өлімді күтіп жатқаныңа қарай алмаймын. Мен Кореяға барып, сенікіндей дертке жасалатын отаны көріп, сол жақта жасап келемін, тек 1 ай күтші, жалынамын, қалай да бұл ауруды жеңеміз» деді. Мен бұл кезде ұшақпен ұша алмаймын, жол көтере алмаймын. Біз Марлен екеуміз оның сөзіне қуанып, пайда болған үмітке қол создық.

Дәрігер Кореядан келген соң Әнел жақындарымен Қарағандыға тез арада жетті. Екі күн ғана дайындалып, отаға кірісті, ұзақ дайындалуға уақыт жоқ еді. Бұл 2016 жылдың ақпаны еді.

Әнел:

– Ота үстеліне тек 30 пайыз ғана кепілдікпен жаттым. Бәрі қатты қорықты. Анам: «мүмкін, ойланарсың, жасатпассың, қорқып тұрмын» деп жыласа, Марлен: «жоқ, ота жасалады, мен сенемін, бәрі жақсы болады» деді. Мен де отаға кіретінімді айттым. Өлімді күтіп отырғанша, амал жасап өлгенім артық деп шештім. Нағыз өліп кетіп жатсам, әйтеуір, амал қылды деп айтады ғой. Әрине, қорқыныш болды.

Отаны 3-4 сағаттан артық созуға болмайтын, себебі мен наркозды көтере алмас едім. Кейін маған ота 6,5 сағатқа созылғанын айтты. Біздің сүйікті хирург шығып, бірден Марленді іздеп тауып: «Әнел бәрін жеңіп шықты, тірі қалды» депті. Басқа ешкімге қарамай, өз кабинетін барып, қолдарын екі жаққа созып, креслосына жата кетіпті. Шаршап шыққан ғой… Бәрі қуанып, жылап-сықтап, әбігерге түскен екен. Бір апта реанимацияда жатып, кейін палатаға шығып, біртіндеп әл жинадым. Оңалған соң ұшақпен Атырауға келдік. Дәрігеріммен ақылдасып, рұқсатын алдым. Жайлап бастай бер деді. Ұшақтың ішінде оттегі болады ғой. Аман-есен ұшып келдік.

19428673_1339353266142647_863458507200921600_n

– Қазір өзіңді қалай сезінесің?

– Әлдеқайда шүкір. Өмірге қайта келгендей болдым. Оттегі баллонын арасында қолданатын болдым. Аурудан басқа нәрселерді ойлауға мүмкіндік туды. Әңгімелескенді ұнатам, ауруханада жатқан кезде де балалармен де, үлкен кісілермен де тілдесіп, түңілген кездерінде қолдау көрсеткенді жақсы көремін. Мүмкін бұл Марленнен алғаным шығар. Болашақта кітап жазғым келеді. Қалай жазуға болатынын сұрастырып та жүрмін. Ойымда – Марлен екеуміз туралы, өз өмірім туралы жазу, бұл тақырып кітапқа арқау болады деп ойлаймын. Кейін бәрі жақсы болса, тележурналист болғым келеді.

– Саған Марленнің сақина сыйлап, тұрмысқа шығу туралы ұсыныс жасағанын білеміз. Жақсылықты көп күтеміз бе?

– Бұйырса, болады. Марлен жұмысқа енді араласып жатыр. Ол үйлену тойларының, мерейтой және басқа да мерекелік шаралардың әдемі өтуіне үлес қосып, безендіру ісімен, отшашулармен айналысады, қысқаша айтқанда, ғажайып туындылар жасайды. Мен де енді аяғыма тұрып жатырмын. Марленнің үйленбеген ағасы бар, мен де ата-анамның қасында болғым келеді. Сондықтан сәл кейінге қалдырдық. Бірақ біз мұсылманша некемізді қидырғанбыз.

Марлен:

– Біз некемізді 2015 жылы Қарағандыда қидырдық. Әнелдің әке-шешесі рұқсатын берді.

– Саған қайта өмірге келсең бұл жолды қайта жүріп өтер ме едің? Өкінбейсің бе?

 – Өліп қайтып тірілсем де Әнел менің өмірімнің мәні. Иә, қиын болды. Бірақ, туыстарымыз, достарымыз барынша көмектесті, ақша жіберіп тұратын. Қарағандыда жүргенде өзім де далада түнеген кездерім де болды. Ештеңеге өкінбеймін, себебі Әнелім жанымда. Негізі мен осы жылы интернетте біз туралы жазғанда таңғалдым. Адамдар маған хат жаза бастады…

– Әнел, жас та болсаң, өмірдің көп қиындығын көрдің, бәріне төздің, бәрінен өттің. Өз түйгенің бар шығар, мүмкін, айтар ойың бар болар?

– Иә, бастысы – менің сүйіктім қасымда. Адам қандай жағдай болмасын, берілмеуі керек, төрт аяқтап болса да өмір сүруге талпыну керектігін маған Марлен үйретті. Себебі Алла дұғаңды қабыл етеді.

Армандарың жүзеге ассын, Марлен мен Әнел. Өмірлерің де ғажайыпқа толсын!

Жіберіп алмаңыз:

7 жыл төсек тартып жатқан Әнел: Марлен маған Алланың жіберген періштесі сияқты

Өліммен арпалысқан ғашықтарды клипке түсірген Ернар Айдар жұртты жылатты (видео)

Ернар Айдар отбасын құрмақ (фото)

Сейфуллин Жолбарыс 90-ға келген анасына дүркіретіп той жасады (фото, видео)

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Источник: Stan.kz

7
Комментариев
  • Anonymous says:

    Бақытты болыңыздар!!!

  • Anonymous says:

    Махаббаты шыгарган тек шыдаганга бакытты болсын енди ауырмасын

  • Anonymous says:

    Бақытты болыңыздар.Бақыттың базарында алланың назарында болыңыздар.

  • Anonymous says:

    Бакытты болынздар менинде емделип кетким келед мен караганды каласынын тургынымын ауырганыма 8жыл болды бир аурудан сон биреуи карагандыдагы сиздер аитып откан хирург кай жерде мекен жаиын жибересиздерме мумкин бул киси маганда ота жасауга келисетин шигар хабарласкым келед отинем сизден хирургтн мекен жайн толык жазъп жиберинзши

  • Anonymous says:

    Бақытты болыңдаршы тек

Leave a Reply

Your email address will not be published.

Орташа айырбас бағамы
19.11.17
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар