"Дәретхана есігі жабылмайды, іші сасық": Тальго орнына ескі пойызға отырған қазақстандықтар ашуланды (видео)
Тальго пойызына билет алып, алайда басқа пойызбен жүруге мәжбүр болған қазақстандық жолаушы мұңын айтты, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
"Біз Тальго Люкс пойызының екі орнына билет алдық. Мен жүкті болғандықтан алдын ала Тальгодан орын іздедік. Дәрігерлер солай кеңес берген. Вокзалға келсек, Тальгоның орнында кәдімгі пойыз тұр. Бізде басқа таңдау болған жоқ. Соған міндік. Терезелері жабылмайды. Дәретхана есігі жабылмайды.Телефонды қуаттайтын жер жоқ. Дәретхананы жаңа сырлап қойған. Іші сасып, аяққа сыры жабысып жүр. Жұмысы тоқтатылған пойыз екені көрініп тұр. Менің "Неге Тальгоға билет сатып, жай пойызбен жүреді?" деген сұрағыма ешкім жауап бермеді. Бәрі бір-біріне сілтейді. Егер мұның Тальго екенін білмегенімізде, билет алмас едік. Мүмкін басшылығы бұған жауап берер. Қайда хабарлассам да, ешкім кінәлі емес болып шығады", - дейді жолаушы.
Бұған қатысты "Жолаушылар тасымалы" АҚ пікір білдіріп, қазір тексеру жүріп жатқанын айтты.
"Расымен де, бұл жағдайға қатысты бас директордың блогына жолаушы наразылығын білдіріп жазды. Дәл қазір осы жағдайға қатысты бір нәрсе кесіп айту қиын. Біз неден қателік кеткенін анықтау үшін тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бәлкім техникалық ақау орын алған болуы мүмкін" - деді "Жолаушылар тасымалы" АҚ ресми өкілі Диас Ахметшәріп Stan.kz тілшісіне.