Бұдан былай елімізде әр баланың жеке паспорты болуы тиіс
Елімізде енді әр баланың жеке паспорты болуы тиіс. Себебі, ата-аналарының төлқұжаттарына жабыстырылған олардың фотосуреттері бұдан әрі жарамайды. Ішкі істер министрлігі дәл осындай заң жобасын әзірлеп жатыр.
Алайда, қалың көпшілікке бұл жаңалық ұнамай қалды. Себебі бүгінде құны 20 мың теңге болатын паспортқа балалары түгілі, өздерінің қолдары жетпей жүргендерін айтады. Бұл құжат қазақстандықтарға қаншалықты қажет? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Кәмелеттік жасқа толмаса да, төлқұжаты болуы керек деген хабар бүгінде көпшіліктің ашуын туғызуда. Отандастарымыздың пайымынша, бұл құжаттың керегі әзірге шамалы көрінеді. Әрі тым қымбат. Әсіресе, көп балалы отбасылардың қалтасына ауыр соғатындығын айтады.
«Баланың паспорты 20 мың теңгеге қымбат өте».
«Біздер жәй қара жұмысшы болып жұмыс істейміз де. Сондықтан, біздің алатынымыз 70-80 мың теңге баланың паспорты түгілі тамағына да жетпей тұр ғой. Өте, қымбатшылық енді. Ары қарай Үкімет бір әрекет қылатын шығар».
«Бізде мысалы 3 бала. Үшеуінің әрбіріне 20 мыңнан жасатқанда қалтаға соғады ғой енді», – дейді тұрғындар.
Жерлестерімізге жақпай қалған жаңалықты күні кеше Ішкі істер министрлігі таратқан болатын. Өйткені, мұндай заңнаманы дәл осы ведомство әзірлеп жатыр. Құжат Парламенттен қолдау тапса, балаларын өзімен бірге шетелге ерткісі келген кез келген ата-ана алдын ала құжат жасатуы тиіс.
«Ішкі істер министрлігі қазақстандықтардың басқа елдердің шекарасынан кедергісіз өтуіне көңіл бөліп отыр. Сондықтан, ата-аналардың төлқұжатына 16 жасқа дейінгі балалардың фотосуретін жабыстыру тәртібін алып тастауды ұсынды. Осы өзгерістерге сәйкес, шетелге шығатын балаларға жеке төлқұжат рәсімдеу керек болады» – дейді ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Сәдубаев.
Туристік фирма өкілдері де мұндай заң керек-ақ деп отыр. Дамыған елдерде дәл осындай тәжірибе бар екен. Мәселен, АҚШ, Біріккен араб әмірліктері және Шенген аймағына кіретін еуропалық мемлекеттерге бара қалсаңыз, тіпті жаңа туған сәбиіңіз үшін жеке төлқұжат талап етілетіндігін айтады.
«Вклейканы қалдырған дұрыс болатын еді. Баласы вкейкада бар. Паспорт қажет емес деген сияқты. Қазақ азаматтары болғаннан кейін балаларымыз көп болады. Әрбір балаға 20-20 мыңнан паспорт жасату қаражат жағынан қиындау шығар. Ал виза жағына келетін болсақ, әрбір баланың жеке паспорты болсын деген жарлық бар» – дейді визалық орталық және туристік компания директоры Әйгерім Бижігітова.
Мамандар бір жағы мұндай заңды әзірлеуге әлемдегі геосаси ахуалдар себеп болғанын айтады. Өйткені, терроризм қауіпі жан-жақтан төніп тұр. Көптеген елдер шекара асуда қойылатын талаптарын барынша күшейтіп әлек. Ал құжат Парламенттің талқысынан өтіп, биыл Президенттің қолы қойылса, 2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастап, заңды күшіне енбек.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.