Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ғалымдар: фильм көру ауруды басуға көмектеседі

Ғалымдар әсерлі, көзіңе жас үйіретін фильмдердің адамдарды жақындастыруға себін тигізетінін алға тартады.

foto16

Жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижесі көзден жас тамызуға мәжбүрлейтін драмаға деген құштарлығымызды түсіндіреді.

Оксфорд университеті ғалымдар тобының мәліметі бойынша, қайғылы немесе мелодрамалы көріністерді көру, бақыт пен ләззат гормоны, эндорфиндердің бөлінуіне ықпал етеді.

Организмдегі мұндай химиялық процестер табиғи ауырсынуды басу әрекетін жасап, сонымен қатар айналадағы адамдармен жақындастыратыны «Open Science» Патшалық қоғам журналында жарияланған баяндамада айтылған.

«Адамзаттың хикаяға деген махаббаты аңшылар мен терімшілер қауымы қалыптасқан сонау бағзы замандарда-ақ пайда болған», – дейді зерттеу жұмысының жетекшісі, эволюция психологиясы саласының профессоры Роберт Данбар.

Көркем бейнелермен әуестену – адамзат қауымының ерекше қасиеттерінің бірі. Десе де ғалымда рәлі күнге дейін бұл құбылыстың эволюциясын зерттеумен айналыспаған.

«Фикшн жанрына бейімділік –адамзат қауымының барлық мәдениетке тән ең маңызды қасиеті. Және ол гуманитарлық ғалымдар арасында кеңінен зерттелуде. Алайда фикшннің көпшілікті неліктен қызықтыратыны, оның нендей қызметтері бары бүгінгі күнге дейін психологтар зерттеуіне арқау болмады», – деп түсіндіреді Робин Данбар.

«Фольклор үлкен әлеуметтік мәнге ие: оның көмегімен даналықты келер ұрпаққа насихаттап, басымызды біріктіретін адами құндылықтарды көкейіне бекітеміз. Мұның барлығы өте маңызды болғанымен, біздің қашан да көңіл көтеруге мұқтаждығымызды ешкім түсіндіріп бермеді», – деп жалғастырады ғалым.

Химиялық процестер

Психологтар мен классицист әдебиетшілерден тұратын Оксфордтық ғалымдар тобы драма көрудің шын мәнісінде эндорфиндердің бөлінуіне ықпалы бар-жоғын анықтауды ұйғарды.

Олар тәжірибеге ерікті қатысушылардың бір тобына балалық шағы бақытсыз өткен баспанасыз адамның өмірінен көрініс беретін «Стюарт: Өткен өмір» драмалық хикаясын көрсетті.

Ал екінші топ бейтарап тақырыптағы фильмдерді тамашалады.

Ғалымдар фильм көрсетілімі алдында және кейін де ерікті қатысушыларға қабырғаға арқасымен сүйеніп, орындықта отырғандай қалыпта барынша ұзақ тұруды тапсырған-ды. Осы жаттығу арқылы қатысушылар ауырсынуды сезіну шамасындағы өзгерістерді бақылады.

«Үлкен толғаныс, сезімдерді бастан кешірген қатысушылардың ауырсынуды сезіну шамасы жоғары әрі топтағы жолдастарымен жақындықты көбірек сезінген», – дейді профессор Данбар.

Оның пікірінше, біздің әсерлі көркем сюжеттерге деген әуестігіміздің салдарының бірі – тиісті әлеуметтік топтардағы ұйымшылдық. Сонымен бірге эндорфиндер әсері комедия жанрындағы фильм көріп, ән салып, би билегендердің арасынан да байқалды.

«Бұл химиялық процесс драмаға деген құштарлығымыздың жалғыз себебі дей алмаймыз. Адам психологиясының өзге де қарлары бар. Десе де бұл –көркем фильмнен ерекше ләззат алуымызды түсіндіретін мәселенің маңызды жағы», – дейді ғалым.

Ауруды басатын табиғи дәрі

Жүргізілген зерттеу жұмысы ғылым мен өнер сынды екі бөлек сала қызметкерлерінің әдеттен тыс ынтымақтаса қызмет етуінің үлгісі бола білді.

Шекспир шығармашылығы саласының маманы Софи Дункан көркем әдебиеттің адамдарға қалай және неліктен соншалық әсер ететінін, «кітапты қызығып оқу» сөзінің нені аңғартатынын ұғынуға тырысқандарын айтады.

«Зерттеу жұмысының нәтижесі эндорфиндер бөлінуіне өзіміз-ақ әсер ете алатынымызды көрсетті. Ол үшін қызықты әңгімені беріле оқу қажет», – дейді әдебиетші.

«Драма не трагедия көру – адам денсаулығы үшін пайдалы. Ол, ауруды басатын жалғыз ғана құрал болып табылатын, эндорфиндердің бөлінуіне себін тигізеді», – деп қорытады Дункан.

 

Талқылау