Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бозымбаев көмір өндіретін кеніштердің басшыларының шаңын қақты

Бүгін Павлодар облысындағы көмір өндіретін кәсіпорындар басшыларының зыр жүгіруіне тура келді. Өйткені мұнда энергетика министрінің өзі келген еді. Қанат Бозымбаев Кереку өңірінде 6 бірдей кен орнының басшыларымен кездесті. Оларға қыстың қамын жаз ойлау керектігін айтқан министр көмірді сыртқа таси бермей, қатты отынмен бірінші кезекте еліміздің тұрғындарын қамту қажет дейді, деп хабарлады КТК.

Бұлай деуіне биыл қыс ортасында жұрттың үйін жылытуға отын таппай шулап қалғаны себеп.

Жылына 40 миллион тонна көмір өндіретін “Богатырь” кәсіпорыны. Тәулігіне 130 мың тонна өнім шығаруға қауһарлы кеніш Павлодар өңірімен қатар еліміздің солтүстік аймағын да қатты отынмен қамтып отыр. Әлемдегі ірі разрездердің бірі болып табылатын бұл жерді тіпті ғарыштан да анық көруге болады.

Кереку өңіріне келген Қанат Бозымбаев ұшақтан түсе сала дəл осы “Богатырь көмір” кәсіпорнындағы жағдайды білуге асықты. Тапшылық мəселесін өзі реттеуге кіріскен сыңайлы. Ол бірден мұндағы басшыларды сұрақтың астына алды. Бұған дейін елдегі жетіспеушілікке жергілікті әкімдерді кінəлаған Энергетика министрі кен орнының басшыларына керекулік көмірдің сапасымен қоса құнын да қатаң бақылауды тапсырды. Ал жылына 40 милллион тонна көмір өндіретін кен орнында жұмыс қарқынды жүріп жатқандай. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, олар өңірдегі коммуналдық-тұрмыстық мекемелермен қоса қарапайым жұртты қатты отынмен қамтып отырған көрінеді. Бұған қоса, еліміздің солтүстік аймағын да қыс бойы сапалы көмірмен қуантыпты.

“Бүгінде тұрмыста қолданылатын көмірдің тоннасы 2133 теңге. Былтыр 1850 теңгеден болатын. Жалпы бізде қатты отынды шығаруда ешқандай мәселе жоқ. Кәсіпорынға келіп түскен тапсырыстарды түгел орындап үлгеріп жатырмыз. Қатты аяз кезінде ғана біраз кідіріс болғаны рас”, – дейді “Богатырь көмір” ЖШС бас директоры Мұрат Əбдіғұлов.

Бұдан соң “Восточный” кен орнына  аттанған Бозымбаев Екібастұз шаһарына арнайы келген еліміздің алты бірдей көмір разрезінің жетекшілері мен қатты отынды тасымалдаумен айналысатын темір жол басшысының баяндамасын тыңдады. Былтыр атқарған істерін айтып жағуға тырысқандарымен энергетика министрі оларға қыс ортасында жұрттың кесек отын таппай сабылғанын еске салды . Бұған ел аумағы бойынша бір апта тұрған қатты аяздың өзінше əсер еткенін мойындаған ол кенорны жетекшілерін бұдан былай аямайтынын ескертті.

“Ішкі нарықты жүз пайыз қамтамасыз ету керек. Экспортқа байланысты, заң жағын қарау керек.  Ескертіп жатырмыз бұны. Меморандумға қол қойып, жұмыс істеуіміз керек”, – дейді Энергетика министрі Бозымбаев.

Көмір өндіретін мемлекеттер арасында әлемдік ондыққа енгенімізді айтқан үкімет өкілі қатты отынмен бірінші кезекте ел тұрғындары қамтылуы тиіс дейді. Сөйтіп, «қыстың қамын жаз ойлау керек» деген тәмсіл айтылды. Жалпы, бүгінде Қазақстан қатты отынды көрші Ресеймен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Армения, Финляндия мен Жапонияға экспорттауда. Сондықтан бұдан былай көмірдің саны емес сапасына аса мән берілуі қажет болып тұр.

Жіберіп алмаңыз:

 

Талқылау