Бойжеткен: Жігітім телефоныма жасырын бағдарлама орнатып, кіммен сөйлесіп жүргенімнің бәрін біліп жүріпті

Адам аласы ішінде деген мәтел бар емес пе еді. Енді оған тағы бір тіркес қосу керек сияқты мына заманда. Адам аласы ішінде, құпиясы ғаламторда. Жеке бас мәліметтері мен құпияларды ғаламторға сеніп тапсырып жатырмыз.

Бірақ біз жекеде хат жазыссақ та, парақшаларымызды кілттеп құпия ұстасақ та, оның бәрін айналып өтіп, біз туралы мәліметтерді жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстайтын ағайын бар. Хакерлер. Қажет жерде аккаунттарды бұзып, бұғаттап ақша бопсалайды. Оның нәтижесі проблемаға, қажет десең әлеуметтік салдарға алып келеді, деп хабарлайды Евразия.

Бүгінде әйелі күйеуінің уатсабын бұздырады, немесе жолдасы жарына сенбейді. Араағайыншылықтың рөліндегі хакерлерге көпшілік мән бере бермейді. Берік Дүйсенбай сараптап көрсін.

«Осы оқиғадан кейін барлығы өзгерді. Өмірімнің күл талқаны шықты» – дейді қала тұрғыны Таңнұр.

Тағдыры талқан болған Таңнұр өзіне сыйға тартылған смартфоннан теперіш көрем деп әсте ойламаса керек. Себебі ол әне міне шаңырақ көтеруі тиіс еді.

«Барлығы сол бұрынғы кездесіп жүрген жігітімнің сыйлығынан басталған болатын. Сыйлықты бір мерекеге арнап сыйлаған» – дейді қала тұрғыны Таңнұр.

Ол сыйлық смартфон. Бойжеткеннің жігіті қалыңдығының сенімін жауламақ болды ма, әйтеуір қалтафонның қымбатын сыйлапты.

«Ол телефонды қуанышпен алғаныммен соңы өмірі ұмытылмайтындай қайғылы жағдаймен аяқталған болатын» – дейді жапа шеккен бойжеткен Таңнұр.

Әлгі смартфон сыйлағыш жігіт әуелден әйелді бастан дейтін нақылды басқаша түсінсе керек, оның барлық әлеуметтік желілердегі аккаунттарын мықтап бақылауға алмақ болған. Астыртын. Сол үшін Хакерге келіп, ақшасын да төлеп, су жаңа телефонға қыздың хат хабарларын тыңдап отыратын қосымшаны жүктетіп алыпты.

«Менің барлық сөйлескен адамдарымды, суреттерімді, жеке хаттарымды телефон арқылы біліп отырған. Содан кейін үлкен даулар туындап, ол мені ұрып соға бастағаннан кейін, басқа амалым қалмай Астанаға қоныс аударған болатынмын» – дейді жапа шеккен бойжеткен Таңнұр.

Астанаға келгеннен соң да оның телефонында маза болмайды. Тіпті қорқытып, қоққан лоққы да жасаған. Аңғал ару қайтсін, полицияға шағымданудың орнына телефонды құртып тынады. Бас қалаға келіп байыз таппаған Таңнұр ақыры бізге шықты. Біз полициядан осы тақылеттес жағдайларға қатысты түсініктеме беруін сұрадық.

«Интернет алаяқтық. Ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалған алаяқтық ол ҚР ҚК 190 бабы, 2 бөлігі, 4 тармағымен көзделген. Ол жердегі жауапкершілік құрамына қарай. Яғни келтірілген залалы және жасалған тәсіліне қарай 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылады» – дейді ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы күрес орталығының аса маңызды істер жөніндегі аңа жедел уәкілі Әлібек Оразалы.

Ішкі істер министрлігіндегі киберқылмыспен күресушілер бұндай жекелеген жайттар бойынша нақты статистика жоқ дейді. Айтуларынша азаматтар полицияға шағымданбайды екен. Жеке өмірдің мәселесін жеке шешкенді құп көреді.

«Біреудің атынан жалған аккаунттарды құрып алып жыныстық қызмет ұсыну, немесе әдепсіз сөздерді жазу, немесе фото суреттерге жалған баяндамалар жасап жатса онда біз шаралар қабылдаймыз» – дейді ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы күрес орталығының аса маңызды істер жөніндегі аңа жедел уәкілі Әлібек Оразалы.

Ғаламторды пайдалана отырып алаяқтық жасау, бопсалау, адамның жеке өмірін әшкерелеу сияқты қадамдар Хакерлердің қолымен жасалады. Ақылды антұрғандар банктер, мемлекеттік органдар, түрлі құрылымдардың желідегі инфрақұрылымын бұзу, жүйелерді шатыстырумен қатар, жеке адамдарға да жиі шабуылдайды. Тіпті тұтас қаланың тіршілігін де бір сәтке тоқтата алады.

«Түрлі форумдар, әлеуметтік желілер арқылы жеке адамдарға шабуыл жасау кең тараған. Әсіресе Вконтакте, Одноклассники желілері хакерлер үшін тамаша өріс. Немесе жалған аккаунттар жасалады, ол түсінікті. Бұдан бөлек тұтас сайттар жасалады. Мәселен көпшілік жиі кіретін сайттарды хакерлер дәл сондай етіп көшірмесін жасайды. Сіз оны білмейсіз де. Сол сайтқа кірген бойда сізге қатысты жеке мәліметтердің барлығы хакерлердің қолына түседі» – дейді ІТ маманы Руслан Рахымжанов.

Бүгінде ғаламторда кез-келген адамның жеке парақшасын, әлеуметтік желідегі аккаунтарын бұзып береміз дейтін хабарландырулардан көз сүрінеді.

Біз көз жеткізу үшін Алматыдағы детектив агенттіктерінің бірімен телефон арқылы байланысып көрдік. Тіпті әдейі сенбеген сығай танытып көрдік.

«Менің жасым 50-де. 20 жыл қылмыстық іздестіру саласында жұмыс істедім. 10 жыл болды, осында жұмыс жасап жатырмын».

Сосын бір адамның жеке парақшасын бұзып беріңіз деп қолқа салдық.

«Маған бір адамның жазбаларын қарау керек. Парақшасын бұзып дегендей. МХМ. Уатсап? Уатсап, в Контакте, сондай-ақ Фэйсбук және Инстаграмм. Егер мүмкін болса. Ну инстаграмм могут вам взломать.. Инстаграмды бұзуға болады, ал Уатсапты ешкім бұза алмайды. Уатсаптан, жеке парақшалардағы мәліметтерді көру үшін сіздер көрсететін қызмет қанша тұрады? Мен шығындарымды есептеп алсам. 1300 доллар».
Инстаграмм парақшасы шабуылға ұшырап жапа шеккендердің бірі белгілі әнші Қарақат Әбілдина.

«Таңертең ұйқыдан тұрсам инстаграмым жоқ. Сөйтсем түні бойы, демек түнде басталған бұл, аккаунтты бұзу процесі. Ал түнде менің жақын, жанашыр таныстарым маған ватсапқа жазыпты: «сізді бұзып жатыр, тездетіп пароліңізді ауыстырыңыз» деген сияқты» – дейді әнші Қарақат Әбілдинова.

Дереу программистке жүгінгенімен паролін ауыстырып, аккаунтын қалпына келтіру мүмкін болмапты. Ақыры Мәскеуден хакер жалдадық дейді әнші.

«Минут-секунд сайын парольді ауыстырып отырып ұстатпауға олар біраз әрект жасады. Былайша айтқанда бір-бірін қудалап отырып, аңдып отырдық түн демей, күн демей. Әйтеуір қалай болғандада бұйырған екен. Аккаунт он бірінші тәуліке қайтарылды. Қуандық. Өйткені тағыда қайталаймын, ол жерде естеліктер жәнеде 2 млн 600, 2 млн 700 оқырманда аз емес» – дейді әнші Қарақат Әбілдинова.

Былтыр елімізде 37 мыңдай адам хакерлік шабуылға ұшырапты. Ақпараттық қауіпсіздік комитеті өкілдерінің айтуларынша былтыр қазақстанға жасалған ірілі ұсақты шабуылдардың жалпы саны 2 млрдқа жеткен екен. 2017жылы Кибер қалқан тұғырнамасын жасау тапсырылған соң былтыр заң қабылданып біраз шаралар қолға алынып жатыр дейді. Соған қарамастан біздің еліміз кибер қауіпсіздік рейтингісінде әлемде 83 орында екен.

«Егер мен бұл рейтингте бірінші орынға шықсам, маған кибер шабуыл жасау тоқтайды деп есептеуге болмайды. Керісінше сіз көбірек шабуылға ұшырайсыз. Бірақ сіз оған барынша дайын боласыз. Бірінші кезекте ол тойтарыс болса, екіншіден шабуыл салдарын барынша қысқа мерзімде жою болып табылады. Мына бір жайтты ескеру керек. Рейтинг ол белгілі бір мемлекеттің қаншалықты дайындығы емес, оның қаншалықты қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ұдайы процессте екендігін көрсетеді» – дейді ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Руслан Әбдіқалықов.

Ведомство өкілі биыл жыл соңына дейін рейтингте 50кке еніп қалуымыз бек мүмкін дейді. Қазіргі қолға алынып жатқан шаралар бойынша электронды шекара, мемлекеттік органдар мен стратегиялық нысандардың бірыңғай қауіпсіздік талаптары түзіліп, аса маңызды стратегиялық нысандардың картасы жасалып қорғауға алынған.

«Биыл біз барлық жергілікті атқару органдарына шығып қоғамдық орындар мен халық көп жиналатын жерлерде азаматтардың жеке мәліметтерін қорғау туралы аудио хабарламаларды үнемі шығарып тұруды ұсындық. Былтыр Астананың ірі сауда орындарында бұл шара жемісін берген болатын. Себебі адамдар тіпті уатсап арқылы банк карталарын, құжаттарды жеке құпия мәліметтерді жолдайды. Ал оны орта жолда хакерлердің қағып алуы мүмкін» – дейді ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Руслан Әбдіқалықов.

Ақпараттық қорғау комитеті өткізген зерттеуге сәйкес ел тұрғындарының 77 пайызында компьютерлік сауат бар. Пайдалана біледі. Бірақ соның 63 пайызы электронды құралдарды қолданудан бөлек, вирустық қатерлерден қорғану қажеттілігінен бейхабар екен.
Ал жеке меншік Айти сараптама орталығының өкілдері Хакерлік шабуылдардан қорғанудың жолы ретінде Мейірімді хакерлерді ынталандыру керек деген ұсыныс айтуда.

«Бакбаунти деген ұғым бар. Олар, хакерлар негізі екіге бөлінеді. Жақсысы жаманы. Жақсылары мысалы егер де бір сайтта, жүйеде осал жерін табатын болса, ол иесіне хат жазып толықтай отчетін көрсетеді. Осындай осындай жерлерде осал жерлері бар екен. Шетелдерде мысалы ол кісілер, ақпараттық қорғайтын кісілер, соған ақша төленеді. Ал қазақстанда ондай жоқ бізде әлі» – дейді компьютерлік оқиғаларға мән беру орталығының жоба жетекшісі Ернат Атамбаев.

Десе де алдағы уақытта еліміз кибер қорғаныс рейтингісінде үздік 30-қа кіруді межелеп отыр екен. Бірақ айтуларынша азаматтардың қауіпсіздігі бірінші кезекте азаматтардың қолында. Кибер гигиенаны қатаң ұстану керек. Сақтанғанды сақтайды қағидасы дәл осы салада маңызды.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Загрузка...
Қазір оқып жатыр