Бойжеткен несібесін арттырған екі тоқаш жайлы әңгімесін айтып берді

Дүйсенбі, 21 Қараша , 2016 17:32

«Біреуге жасаған жақсылығыңды да, жамандығыңды да Алла Тағала ескерусіз қалдырмайды» деген сөз рас қой, шынында. Өз жазбамда баяндағалы отырған мына бір оқиға соның айқын дәлелі іспеттес. Арада қанша жыл өтсе де, күні кешегідей көз алдымда. Ешқашан ұмытпасым да анық.

1363674228

(еш боямасыз өмірдің өзінен)

2006 жылдың жазында арман қала – Алматыға қоныс аударып, күздің алғашқы айынан қалалық бір мектепте мұғалім болып жұмыс істей бастадым. Жаңадан келген адамға қай басшы көп сағат бере қойсын? Аз да емес, көп те емес айлық жалақымды үнемдеп жұмсап, бірде тоқ, бірде аш күндерді басымнан өткізіп жаттым. Қаңтардан бастап директор мұны да көп көріп, екі-үш сағатымды басқа бір мұғалімге берді. Ол әріптесім жолдасы дүниеден қайтқан, жалғыз ұлын өзі ғана асырап отырған әрі білім беру саласына еңбегі сіңген тәжірибелі адам болғандықтан ештеңе демедім. Осылайша, айлық жалақым бар болғаны 27 500 теңге болды да қалды (17 тиыны тағы бар). Оның үстіне, өзім бір бөлмесінде тұрып жатқан үйдің иесі де пәтерақыны көтеріп жіберді.

Көңілсіз күндер енді басталды… Сәуірдің бір күнінде жұмыстан шыққан құрбым екеуміз мектептің жанындағы дүкенге нан алмақшы боп кірдік. Нан өнімдері бөліміне өте бергенімізде еріксіз тоқтай қалдық. Ыммм, майға піскен қып-қызыл тоқаштардың иісі мұрын жарып барады. Не істесек екен? Тоқаш пен бөлке нанның бағалары бір-біріне жетеғабыл. Тоқашты алсаң, бірден жеп қоясың. Ал бөлке нан екі күнге жетеді. Құрбым осында күйеуге шыққан әпкесінің үйінде тұратын. Маған қарағанда жағдайы жақсы. Ал менің қалтамда тек бірнеше бөлке нан сатып алуға ғана жететін ақша қалған. Шыдамадық, екі-екіден ып-ыстық тоқаш сатып алдық та, сыртқа қарай беттедік.

Құрбымның артынан ілесіп, есіктен шыға бергенім сол еді, дәл алдыма бет-аузы кір-кір, жүдеу өңді, жұпыны киінген тоғыз-он жастар шамасындағы бір бала алақан жайып тұра қалды. «Тетенька, дайте что-нибудь!». Ойыма бірден анамның ақылы түсе қалды: «Жоқ» десең, жұтай бересің. Шамаңа қарай садақа беріп жүр». Телефонмен сөйлескен сайын да осы сөзін айтатын. Содан сөмкемнен тоқаш салынған қалтаны шығардым да, шын ниетіммен баланың қолына ұстаттым. «Спасибо, тетенька!». Қуанып жүгіріп кетті. Шыны керек, бұл ісіме қуанбасам, еш өкінген жоқпын. Былай шыға бере құрбым ұрысып жатыр: «Қызықсың! Қолына ұстата салғаның не? Тым болмаса біреуін бермейсің бе? Өзіңнің де қарның аш…». Үндеген жоқпын.

Бар болғаны қайта-қайта артыма қарап, көзіммен әлгі баланы іздеумен болдым. Ойым: «Ыстықтай жеп алса екен. Тоқаш ыстық күйінде өте дәмді болады ғой»… Сәуірдің соңғы күндерінің бірінде таңертең мұғалімдер бөлмесінде әріптестерім «Айлық түсті!» деп қуана қарсы алды (еңбегі еш, тұзы сор әріптестерім-ай, өздеріңе деген құрметім шексіз). Үзіліс кезінде оқу ісінің меңгерушісі келіп, қолыма айлық жалақы туралы мәлімет жазылған түбіртекті ұстатты. Әдеттегідей 27 500 тг 17 тиын. Сабақтарым біткен соң, жақын маңдағы банкоматқа қарай тарттым. Есепшотымда алдыңғы үш айлық жалақыдан қалған тиын-тебен жатқан болатын (17 тиыннан есептегенде – 51 тиын). Әншейінде «Алуға болатын сома» деген тетікті басып, түбіртектегі соманы енгізетінмін. Неге екенін, осы жолы саусақтарым еріксіз «Шоттағы сома» деген тетікті баспасы бар ма?

Қалай басқанымды өзім де білмей қалдым. Кенет, сенейін бе, сенбейін бе, мониторға «55 000 тг 68 т» деген сандар шыға келді! Мәссаған! Өңім бе, түсім бе? «Тауықтың түсіне тары кіреді» демекші, мына сандар тек көз алдыма елестеп қана тұрған болар? Көзімді екі қолыммен көлегейлеп алып, жақсылап үңілдім: 55 000 тг 68 т! «Мүмкін емес! Бухгалтер шатасып кеткен шығар. Бәлкім, бір әріптесімнің айлық жалақысы ма екен? Қой, тимейін!» – дедім де, өзімнің кәдуілгі 27 500 теңгемді алып, үйге беттедім. Содан «бухгалтер өзі шақыртатын шығар, мұндай жайт аяқсыз қалмайтыны анық» деген оймен бір апта елеңдеумен болдым. Ешкімнің менде шаруасы жоқ. Тыныштық.

Келесі аптаның дүйсенбісінде таңертең бухгалтердің кабинетіне барып: «Маған осы айда қанша ақша түсірдіңіз?» – деп сұрадым. «Аты-жөніңіз кім? Корешок берілмеп пе еді? Тааак… Сейтмагамбетова Мадина… 27 500 теңге 17 тиын», – деп жауап берді.

Жұмыс аяқтала сала банкоматқа қарай құстай ұштым. Сөйттім де, қалған ақшаны алдым, қалтама салдым. Алайда қуаныштың ізі де жоқ, керісінше, ұрлық істеген адамдай өз-өзімнен қуыстанып, үрейленіп келемін. Қарсы алдымнан кезіккен адамдар «Бұл сенің ақшаң емес қой!», «Бұл не істегенің?» деп кінәлай қарайтын секілді. Бір сәтке анамның бейнесі де көз алдыма келе қалды. Ренжіп, «мен сені Алматыға осындай тірлікпен айналысу үшін жіберіп пе едім?» деп тұрғандай. Бұрыштан айнала бергенімде полиция қызметкерінің шыға келмесі бар ма? «Біттім! Мені ұстауға келе жатыр!». Жоқ, ол кісі менімен тіпті шаруасы жоқ, өз жөнімен кетіп барады. Сонымен не керек, үйге дірілдеп әрең жеттім-ау. Бірақ әлгі ақшаны көпке дейін жұмсауға бата алмай жүрдім…

Мамыр айы. Қуанышты хабар да жетті: «Айлық түсті!». Жұмыс аяқталған, банкоматқа келе жатырмын. Қолымда «27 500 тг 17 тиын» деген сома жазылған түбіртек. Жасырмаймын, «Бұл жолы ақшам қанша болып түседі екен?» деген қызығушылық та жоқ емес. Пендешілік-ай!

Міне, банкоматқа да келдім. Тағы да «Шоттағы сома» деген тетікті бастым. Ааа!!! Жаратқан Ием-ау, мен сенің осындай сыйыңа лайық па едім?! Мониторға «55 000 тг 85 тиын» деген сандар шығып тұр! Бұл не ғажап!

Содан алдыңғы жолғыдай үрейге бой алдырмасам да, түрлі ойларға беріліп, үйге қарай аяңдадым. Артық ақшаны тағы да алған жоқпын.

Үйге кірген бойда қағаз-қалам алып, қанша ақша артық түскенін есептеуге кірістім. Сөйтсем, сенесіз бе, сәуірде де, мамырда да айлық жалақым артық-кемі жоқ екі еселеніп түсіпті ғой. Тіпті тиынына дейін! Кенет ойыма баяғы екі тоқаш түспесі бар ма? Шынымен сол тоқаш үшін ғана Алла Тағала менің несібемді осылайша арттырғаны ма? Еее, Жаратқанның құдіретінде шек жоқ екен ғой!

Маусым айында банкоматқа келе жатып, «Бұл жолы өзімнің тиесілі айлық жалақым түсіп тұрса да, көңіл күйім түспейді. Бәрінің де өлшемі бар» деген ойда болдым. Қалай ойлайсыздар, бұл жолы маған қанша ақша түсті? Иә, иә, артық-кемі жоқ 27 500 тг … тиын.

Басымнан өткен осы жайттардан кейін жолым ашылып, көңілді күндер легі басталды. Жаңа оқу жылында директор жарты жүктеме тәлімгерлікті қосып берді. Бұл жақсылығы аздай, баласын үйден оқытатын мұғалім іздеп келген ата-ананы бірден маған бағыттапты. Тағы бір-екі айдан соң бірден жүрегіме жол тапқан «Жұлдыздар отбасы» журналымен таныстым. Танысып қана қоймай, өзім де сұхбаттар алып, әжептәуір қаламақы ала бастадым. Енді бірнеше айдан кейін журнал қызметкері болып шыға келдім. Сөйтіп, жай ғана бөлке нан емес, енді ет қосылған бәліш жейтін күнге жеттім… Ары қарайғы өмірімде де, шүкір, еш тарықпай келемін…

Айтпақшы, жағдайым жақсарғаннан кейін дүкенге барған сайын жазбамның басында айтып өткен баланы іздеп жүрдім. Көпке дейін. Бірақ көре алмадым. Тек бір рет қана әдеттегідей елеңдеп, артыма бұрылып қараумен кетіп бара жатқанымда көзіме шалынды. Бір көрінді де, ғайып болды. Топ адамның ішіне сіңіп кетті ме екен, білмедім…

islam.kz

Жіберіп алмаңыз:

Ішінен бәрі көрінетін ішкиімдер жұртты шошытты (фото)

5 жасар ауыл баласы елбасыға видео сәлем жолдады

Қазақстанда түйе зәрімен қалай емделеді (видео)

Роналду өзін ақшасы көп гомосексуалиспін деп атады

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Источник: Stan.kz

2
Комментариев

Пікір қалдыру


Айгерим
17 күні 8 сағат кері

кайдан тускен акша. банктен детализация алып карамаима .бул кыз да кызы екен

Анонимно
17 күні 23 сағат кері

Оте кызык екен! макала авторы,жеке омиринизде озгерис болды ма осы окигадан сон?

wpDiscuz
Орташа айырбас бағамы
09.12.16
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар