Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаев каннибалдар отырған түрмеде жазасын өтеуі мүмкін – заңгер

Бүкіл әлем көз тіккен "Бишімбаев ісі" әлі күнге дейін қоғамда өзектілігін жойған жоқ. Атышулы сот процесінен кейін 24 жылға бас бостандығынан айырылған экс-министрдің енді жазасын қай колонияда өтейтіні туралы тақырып қызу талқыланып жатыр. Көпшілік көкейіндегі дәл осы сауалға белгілі заңгер әрі феминист Айгерім Құсайынқызы өз болжамын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Бишімбаев осыған дейінгі қылмысын, яғни парақорлыққа байланысты қылмысын Шымкенттегі түрмеде өтеген еді. Бірақ бұл жолы аса қатігездікпен жасалған қылмыс болғандықтан Қостанай облысында орналасқан "Қара бүркіт" түрмесіне барады деп болжап отырмын. Ол жерде Челах та отыр және осыған дейін тәуелсіз Қазақстан тарихындағы біраз канибал да отыр, яғни аса ауыр қылмысы үшін сотталғандар отыр. Сол жаққа баруы мүмкін немесе басқа да екі облыстағы абақтыға бөлінеді. Бірақ ол қазір емес, апелляцияның уақыты біткеннен кейін. Бірақ "Қара бүркіт" түрмесіне барса, ол – ең қатал, ең ауыр колония", – деді заңгер Айгерім Құсайынқызы. 

Атышулы сот үкімі шыққаннан кейін Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары наразылық білдіріп, енді апелляциялық сотқа шағым түсіретінін жеткізген еді. Бұл тақырыпқа қатысты заңгер өз пікірін білдірді.

"Әлбетте, апелляциялық сотқа шағым түсіреді, ол түсінікті. Тіпті сот барысында Бишімбаевтың адвокаттарының судьяға қарсы шыққан кезінде, соттан бас тартқан кезде де апелляцияға дайындалып жатқанын білдік. Бірақ Қазақстан Республикасындағы апелляциялық соттардың статистикасына қарасақ, олар 80%-ы алғашқы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырған. Сондықтан Бишімбаевтың мерзімін азайтады деген ешқандай үміт жоқ. Бірақ ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес кез келген азамат мерзімінен бұрын шартты түрде босай алады. Мерзімінен шартты түрде босай алмайтын бір-ақ санат бар, ол – педофилдер ғана. Бишімбаев 16 жылдан кейін 60 жасқа келеді. Ол 2040 жылы осы өтінішін судьяға бере алады. Бірақ судья, прокуратура оның өтінішін қанағаттандыра ма, жоқ па ол басқа мәселе. Себебі негізгі талаптардың бірі жәбірленуші тараптың, яғни Нүкеновтер отбасының "Иә, біз Қуандықтың мерзімінен бұрын шыққанына қарсы емеспіз" деген жазбаша келісімі керек. Менің ойымша, ондай келісімді Нүкеновтер отбасы бермейді. Менің болжамым бойынша, ол 3-4 жылдан кейін "сүйіктімді өлтіріп қойдым" деген желеумен психиатриялық емдеу орындарына түседі деп ойлаймын. Ол 24 жыл түрмеде отырмауы да мүмкін", – дейді заңгер.

Ал белгілі қоғам белсендісі Ақмаржан Көшербаева әйелін өлтірген 44 жастағы Қуандық Бишімбаев темірторда өткізетін уақытында өмір жолында кездесетін қаншама бақытты сәттен құр қалатынын айтты.  

"Бишімбаевтың 16 жылдан кейін қандай жағдайда болатынын уақыт көрсетеді. Оған дейін Қазақстанда да біраз өзгеріс болатын шығар. 16 жыл да аз емес, ол 60 жасқа келетін кез болады. Ең керемет кездері, ең керемет уақыты өтіп кетеді. Өз балаларының өскенін көре алмайды, әке-шешесінің де жасы жетіп қалды, оларды қалдырып кетті. Осындай үлкен жасқа келгенде әке-шешесінің қасында бола алмайды. Оның бәрі жаза", – деді Ақмаржан Көшербаева.

Ал қоғамдағы өзекті мәселелерге ойын ашық білдіріп, әлеуметтік желіде өткір пікір жазатын журналист Дина Төлепберген 24 жылға сотталған Бишімбаевтың басты қатесі мен қаруын ашық айтты.

"Әу баста Бишімбаев бұл соттың ашық өтеуін өзі талап етті. Соңында осы шешіміне өзі өкінді-ау деп ойлаймын. Өйткені өзінің біліміне, эмпатия, симпатия, манипуляцияның терең сырларын біле отырып, соны пайдалана отырып, бүкіл қазақ халқын баурап аламын деп ойлаған шығар. Өйткені біз осы уақытқа дейін құрбанның өзін кінәлі етіп қоюға жол беріп келдік. Сондықтан да Бишімбаев өзіне кәміл сенді. Бірақ Алланың құдіреті, біздің қоғамның көзі, сана-сезімі, ойы ашылуының нәтижесі деп айтуға болады. Міне, күні кеше 24 жылға сотталып отыр", – дейді Дина Төлепберген.

Бишімбаевтың онлайн форматтағы ашық сотынан кейін қоғамның да қызығушылығы артқандай. Мәселен, әйелін 10 жыл бойы ұрып-соқты деп таяуда ғана айыпталған дипломат Сәкен Мамашқа қатысты сот отырысының да елдің көз алдында өткенін қалайтындар көп көрінеді. Солардың бірі – Дина Төлепберген.    

"Қазір мына Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істейтін елшінің кеңесшісі өзінің әйелін қаншама жыл бойы құрбан еткені туралы ақпарат таралып жатыр. Бәлкім осы сот процесі ашық болуға тиіс шығар. Өкінішке қарай, күйеуінің қолынан қаза тапқан қазақстандық әйелдер өте көп", – дейді тележүргізуші.  

Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.

 

Талқылау