Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бірінші жолдасым ерте қайтыс болды": Айжан Нұрмағамбетова алғаш рет жеке өмірі туралы сыр шертті

ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айжан Нұрмағамбетова жеке өмірі туралы айтып, қазіргі жолдасымен қалай танысқанын “Алғашқы” бағдарламасында айтып берді. 

Фото: Бағдарламадан скриншот

Әншінің алғашқы некесі сәтсіз болып, жолдасы дүние салған. 

“Мен әкемнің қызы болдым. Әкем үнемі “маған ұқсайтын адамға шықпа” деп айтатын. Бірақ мен ол кезде басқаша едім. Жастық максимализм болды. Ол кісі дүниеден өткенде қатты жыладым. Махаббатымнан айырылғанымды түсіндім. Тірісінде қадірін білмедім бе, арамызда жоқ адам туралы жаман айтқым келмейді. Содан кейін Әділді жолықтырып, отау құрдық. Оның да өз балалары бар. Менің жігіттерге талабым қатты болды. 10 рет алдыма қолымды сұрап келсе де, бетін қайтардым. Маған 11 рет келу керек. Көп жігіт солай теріс айналып кетті”, – деп жастық шағын есіне алды әртіс. 



Сонымен қатар қазіргі жұбайының жақсы қасиеттерін айтып, жер-көкке сыйғызбай мақтады. 

“Әділмен отау құрғаныма бақыттымын. Мен тұрмыстағы келіншек болсам да, өнерімді тастамадым. Бірақ жігіттер “бриллиантқа көміп тастаймын, сахнаға шықпайсың” деді. Маған сондай сөздері ұнамады. Әділ – Қызылорда өңірінің тумасы. Кеңес Дүйсекеев ағамыздың інісі болып келеді. Марқұм ол кісіні көрген сайын сәлем етіп, амандасушы едім. Менің талаптарыма келген жігіт болғасын, екінші рет тұрмыс құруға келісім бердім. Өнерімнің қолдаушысы. Әлі күнге дейін шығармашылығымды бақылап отырады. Кеңесін айтып, ақыл береді. Бірақ өте қызғаншақ адам. Жас күнімде жанымнан қалмай еріп, гастрольдерде жүретін. Телефон жоқ ауылға концерт қоюға барсақ, “Айжан күйеуің іздеп жатыр” деп мені телефонға шақыратын. Құрбыларыммен шай ішіп қайтамын десем, “40 минут жете ме” дейтін. Қазір оның бәрі қалды. Қарт адамға кім қарасын?!”, – деп күлді өнер иесі.  

Талқылау