Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір отбасын қанды қол қарақшыдан құтқарып қалған полицей «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

Учаскелік инспектор Ерлан Таңжарықовты ауылдастары ерекше құрмет тұтады. Қарапайым, қашанда көмекке келуге әзір, қайырымды жан деп бағалайды. Ерлан Қостанай облысының Таран аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет істеген жеті жылдың ішінде талай қылмыстың жолын кесті.

Безымянный

Бұл туралы “Хабар” арнасы хабарлайды.

Ал өткен жылы ол қарулы қарақшыға қарсы тұрып, бүтін бір отбасын ажалдан аман алып қалған. Сол бір күнді еске алса, Нина әжейдің көзіне бірден жас оралады. «Бейне бір қорқынышты түс сияқты», – дейді. 29 ақпанда түнгі сағат төртте баса көктеп кіріп келген қарақшы үй ішіндегілерді қыспаққа алып, ақша талап етеді. Күш көрсетіп, үш әйелді байлап тастайды.

“Қолында пышағы мен балғасы бар. Өзі мас сияқты. «Өлтіремін», – деп қорқыта бастады. Зәрем зәр түбіне кетті. Тірі қалмайтын шығармын деп ойладым”, – дейді Береговой ауылының тұрғыны Нина Головко.

Жәбірленушілерді азаптап қинау бір сағатқа созылған. Абырой болғанда, қарақшы түпкі бөлмеде жатқан оқушы қыз Юлияны байқамаған. Ол учаскелік полицей Ерлан Таңжарықовпен хабарласып үлгермегенде, бұл оқиғаның қайғылы аяқталуы мүмкін еді.

“Ол менің кіріп келетінімді күткен жоқ. Мен келіп, күреспен жығып, пышағын алып қойып, тезірек полиция шақырттым. Мен өзімді батырмын деп санамаймын. Бұл – әрбір полиция қызметкерінің міндеті”, – дейді учаскелік полиция инспекторы Ерлан Таңжарықов.

Калинин селолық округінде екі мыңнан астам адам тұрады. Ел-жұртпен етене араласатын Ерлан олардың әрқайсысының жағдайымен, мұң-мұқтажымен жақсы таныс. Ауыл тұрғындарының барлығына ұялы телефонының нөмірін беріп қойған. Әріптестері болса оның еңбекқорлығын ерекше бағалайды.

“Ерлан жұмыс барысында елгезек, әрқашан өзінің жағдайын емес, халықтың жағдайын ойлап тұруының арқасында көпке үлгі болып жүр. Әсіресе қызмет барысында ол жеке уақытымен санаспай, уақытын қызметке бөліп отырады”, – дейді учаскелік полиция инспекторы Ербол Сейітмағанбет.

Ерлан – екі баланың әкесі. Жұбайы Динара жергілікті шаруашылықта жұмыс істейді. Көрсеткен батылдығы үшін полиция капитаны Ерлан Таңжарықов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. «Атақ-даңқтан гөрі мен үшін халықтың сенімі қымбат», – дейді ержүрек тәртіп сақшысы.

Оқи отырыңыз:

Қазақстандықтар Астана күніне қанша күн демалады

Шымкентте қылмыстық топты басқарып келген атаман-әйел ұсталды

Қазақстандағы ең танымал есімдер белгілі болды

ОҚО-да зорланған қызға қатысты пікір білдірген прокурор қызметінен қуылды

Талқылау