Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір дәрігер үш адамның жұмысын істеп отыр": Біртанов өңірлердегі кадр тапшылығы туралы

Қазақстанда дәрігерлер арасындағы кадр тапшылығы әлі де шешімін таппай тұр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі. 

Министрдің сөзінше, денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығына жүргізілген талдау нәтижесінде дәрігерлік үстемені қатар атқару жағдайларын есепке алғанның өзінде, 7 мыңнан аса маманның жетіспейтіні анықталған. 

«Министрлік кадр саясатымен айналыспайды. Бізде бір дәрігер үш адамның жұмысын істеп отырған өңірлер бар. Әсіресе анестезиолог-реаниматологтар мен акушер-гинекологтар арасында тапшылық қатты сезіледі. Дәрігерлерге үстемақы төлеуге ешкім тыйым салмайды. Кадр мәселесімен бас дәрігерлер айналысу керек», - дейді Біртанов елордада өткен есеп беру кездесуінде. 

Сонымен қатар министр жаңа ережелер бойынша, медициналық ЖОО студенттері міндетті түрде медицина қызметкерлері тапшы өңірлерге жіберілетінін айтты. Өткен жылы 2 мыңға жуық түлек өңірлерге жіберілген. 

«Бұл мәселені әрі қарай шешу үшін, түлектердің мемлекеттік медициналық ұйымдарда міндетті үш жылдық еңбекпен өтеуі енгізіледі. Сонымен қатар түлектерді өңірлерге бөлу Enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады», - дейді денсаулық сақтау министрі. 

Талқылау