Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Білегін жұлып кеткен: Қарағандыда қолында жарылғыш зат жарылған сарбаздың оқиғасының мән-жайы белгілі болды
«Орталық» Ұлттық ұланның баспасөз қызметі Қарағандыда сарбаздың қолында жарылған заттың граната болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Пластмассадан жасалған белгісіз зат жарылып, салдарынан оң қолының білегін жұлып кеткен, деп хабарлайды Stan.kz.

«28 шілдеде сағат 10:48 шамасында аға маман, электркүшті құрылғылардың басшысы, кіші сержант Қарабас аулындағы оқу орталығының аумағында жүрген. Ол жұмыс барысында пластмассадн жасалған белгісіз заттың жерден шығып тұрғанын көрген. Сарбаз бұған мән берместен, ол затты жерден алмақ болған. Сол кезде жарылыс болды», – дейді «Орталық» Ұлттық ұлан баспасөз қызметіндегілер.
Ведомство мәліметінше, әскери қызметкер келісімшарт бойынша 5451 бөлімінде жұмыс істейді. 2007 жылдан бері әскерде қызмет етуде. Ол 1985 жылы дүниеге келген.
Қазіргі уақытта аталған оқиғаға қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.
«Сарбаз облыстық медициналық орталықта жатыр. Жағдайы – тұрақты ауыр. Есін біліп, сұрақтарға жауап беріп жатыр. Жарылыс салдарынан, оның оң қолының білегін жұлып кеткен. Оған тиісті медициналық көмек көрсетілуде», – дейді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Қарағанды облысында сарбаздың қолындағы граната жарылып, жансақтау бөліміне түскені хабарланған еді.
Астаналық әйел автобус бақылаушысын өзіне қол көтерді деп айыптады