Биікте қаза тапқан батыр: Кеңес Одағының Батыры Жұман Қарақұловтың ерлігі
Stan.kz қызыл әскер жауынгері, 4-ші Украина майданының 1-гвардиялық армиясының 128-гвардиялық тау атқыштары дивизиясының 327-ші гвардиялық тау атқыштар полкінің пулеметшісі, Кеңес Одағының батыры Жұман Қарақұловтың ерлігін еске ала отырып, қазақ батырының өмірбаянын ұсынады.
Жұман Қарақұлов 1921 жылы 11 маусымда Өзбекстанның Ахунбабаев деп аталатын ауылында, қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Өзбек жерінде туған қазақ баласы Бүкілодақтық Коммунистік партияның мүшесі болған. Тек 4-сыныптық білімі білімі бар Жұман соғысқа дейін ауылда мақта шаруашылығында жұмыс істеді.
Сұрапыл соғыс басталғанда ауылда мақта теріп жүрген қазақ баласы да немістерге қарсы шайқасып, жаудың бетін қайтыру үшін майданға аттанады.
Содан 1942 жылы қызыл әскер қатарына қабылданып, 1942 жылдың ақпан айынан бастап Ұлы Отан соғысының қатысушысы болды.
327-ші гвардиялық тау атқыштары полкінің атқышы болған қызыл әскер жауынгері Жұман Қарақұлов 1944 жылы қазан айында бұрынғы Чехословакия, яғни қазіргі Спина қаласының солтүстік-шығысына қарай 18 шақырым қашықтықта орналасқан Звала елді-мекенін жау қолынан азат ету ұрысында ерен ерлігімен ерекше көзге түседі.
Сөйтіп, 1944 жылы 17 қазанда қызыл әскер жауынгері Қарақұлов қызмет еткен бөлімше Звала елді-мекеніне қарай шабуылға шығады. Алда фашистер бекініске айналдырған биіктік тұрды. Сонда Жұман Қарақұлов алғашқылардың бірі болып алға шығып, үш сағат бойы рота жауынгерлерімен бірге жаудың барлық шабуылына төбеп беріп, фашистердің траншеясын басып алды. Қазақ жігіті болған рота осылайша, күші басым жауға төтеп беріп, траншеяның аумағын ұстап тұрды.
Екінші күні, қазақ жігіті тағы да алдыңғы қатарда жүріп, жаудың бірінші желісіндегі окопты басып алады. Сол кезде Қарақұлов бірнеше сағат бойы бір топ фашистке қарсы жалғыз өзі шайқасты.
Бір уақытта күтпеген жерден шабуыл жасап жатқан рота қапталын фашистік пулеметтің оғы келіп ұрады. Бұл ротаның ілгері жылжуын тоқтатты. Сонда қолына граната ұстаған 23 жасар Қарақұлов жаудың пулеметіне қарай жүгіріп, оның көзін жойды. Өкінішке орай, өмірін қауіпке тіге отырып, жауға қарай ашына жүгірген қазақ батыры сол ұрыста ерлікпен қаза тапты. Майданда ерлік көрсеткен қазақ батырының денесі Чехияның Звала қаласында жерленді.
Дегенмен, оның бұл ерлігі елеусіз қалмады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен 1945 жылдың 24 наурызынан бастап фашистік-неміс басқыншыларына қарсы күрес майданында үлкен ерлік пен батырлық көрсетіп, жауынгерлік тапсырмаларды мінсіз орындағаны үшін қызыл әскер жауынгері Жұман Қарақұловке қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бұдан бөлек, ол Ленин орденімен, 2-ші және 3-ші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Бүгінде батырдың құрметіне оның туған ауылындағы мектеп пен Чимбай қаласындағы көшеге Жұман Қарақұлов есімі берілген.