Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Бейітте аппақ киінген бір адам отыр”: 85 жастағы қария өлген адамның тіріліп келгенін өз көзімен көргенін айтты

Еліміздің 85 жастағы тұрғыны қайтыс болған адамның тіріліп келгенін өз көзімен көргенін айтып берді. Қарияның сөзінше, ол 9-10 жаста болған кезде ауылдасы қайтыс болыпты. Алайда денесі жер қойнына тапсырылғаннан кейін үйіне қайтып келген.

"Бейітте аппақ киінген бір адам отыр": 85 жастағы қария қайтыс болған адамның тіріліп келгенін өз көзімен көргенін айтты

Бұл туралы «Замана» басылымына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Қарияның айтуынша, оқиға 1943 жылы 22 мамырда болған екен. Ол кезде Шымкент облысы, Шымкент ауданы, Қаратөбе ауылдық кеңесіне қарасты Сталин колхозында тұратынбыз, дейді Шалқар Арысбай.

«Ауылда Сәрсенбай деген ата болатын. Колхоздың малын бағатын сол кісі бір күні кенеттен қайтыс болды. Жұрт жүрек талмасы ұстап қал­ған деп, есін жиюын күтіп денесін үш-төрт күн сақтағасын оны өлген деп ұйғарыпты.

Біз ол кезде бұғанасы қатпаған баламыз, бірақ колхоз жұмысына қатысамыз. Түске дейін сабақта боламыз, түстен кейін үлкендер бізді колхоздың жұмысына жегеді. Сол күні бізді бір-екі қарияға қосып, Сәрсенбай атаны жерлеуге жіберді. Ол кезде көп нәрсенің мәнісін біле бермейміз ғой, әйтеуір аталардың істе дегенін істеп, марқұмды жерлеп қайттық», – дейді қария.

Бірер күннен кейін қырманда жұмыс істеп жүрген Шалқар Арысбай басшысынан қайтыс болған Сәрсенбай атайдың тірі екенін, үйіне қайтып келгенін естиді. Мұндай хабарды естігендер қайран қалған екен. «Ата, өлген адам қайтіп үйіне келеді? Қалай тіріліп кеткен?» – деп таңқалдым, дейді.

«Кейін естідік: Шаншарбай деген ата бір жұмыс­тармен Қарабұлақ базарына барып, түнделетіп қайтқан екен. Жол мазараттың жанынан өтетін. Сол жолмен келе жатса, мазаратта аппақ киінген бір адам отыр дейді. Содан қорыққанынан ауылға тез жетіп, көрген-білгенін Батырбек молдаға айтыпты. Сосын екеуі мазаратқа барса, әлгі адам сол жерде әлі отыр екен. Молда құран оқып, ақырындап жанына барса, ол: «Мені неге көмдіңдер?» – депті. Сонда барып олар әлгі адамның Сәрсенбай ата екенін аңғарады. Сосын оны үйіне ертіп келіпті», – дейді Шалқар Арысбай.

Өз сөзінде қария бұл оқиғаның көпке дейін ел аузында айтылып келгенін, кейіннен ұмытылғанын айтады. «Ал менің есімнен кетпейді» деген ол бұл жағдайды Құдайдың құдіретімен болған жайт деп отыр.

Айтуынша, Сәрсенбай қария сол оқиғадан кейін он жыл өмір сүрген. Ол 1953 жылы бірінше рет «қайтыс болған» күні, яғни 22 мамырда дүние салыпты.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау