Бейбіт Қорған отандық жобаға қатысып, іріктеу кезеңінен өте алмай қалды (видео)
Кезінде “Шоқ қыздар” әнімен талай арудың жүрегіне шоқ салған хитмен Бейбіт Қорған сахнаға қайта оралды. Ол енді өз мүмкіндігін әртүрлі жобалар арқылы дәлелдеуге кіріспек. Күні кеше Бейбіт отандық I am a Singer жобасының іріктеу алаңына келді, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
Алайда тәжірибелі әнші төрешілерді таңғалдыра алмай, сүрініп кетті.
“Бұл жобаға келген себебім – таңғалдырғым келеді. Бар күшімді саламын деп ойлаймын. Кішкене қобалжу бар, бірақ қатты емес”, – деген Бейбіт жеңімпазға 50 миллион теңге берілетінін естіген кезде де қызығып қалғанын жасырмады.
“Ақша кімге керек емес? Ол жағы да ойландырды. Билейтіндей шоу емес қой. Дауыстың мүмкіндігін көрсету керек сияқты”, – деп ағынан жарылды Бейбіт.
Бейбіт Қорған Мистер Икстің “Ариясын” орындап, қазыларды таңғалдырмақ болды. Төрешілердің бірі Сәкен Майғазиев “Шоқ қыздарды” айтып жүрген жігіттен мұндайды күтпегенін ашып айтты. “Үш ұйықтасам түсіме кірмепті” деп ағынан жарылған Сәкен әріптесіне мүмкіндік беруді жөн деп тапты.
Алайда екінші төреші – рок-музыкант әрі продюсер Элхан Ахмедов Бейбіт Қорғанға “кәсіби емес әнші” деп баға берді.
“Сіз ән айтып тұрған кезде мен Сәкенге “бұл кәсіби орындаушы емес” дедім. Бұл пікірім бір сәтке де өзгерген жоқ. Бүгін сахнада тамаша жігіт, бәлкім дарынды актер ән айтқан шығар, мен білмеймін. Бірақ әнші ретінде әлсіздеу. Себебі мен “Мистер Х”-тің ариясын талай мәрте естігенмін. Бұл қаныңды тулататын ән, бірақ бүгін мен ондай арияны естімедім”, – деген ол Бейбітке “жоқ” деп жауап берді.
Ал Мақпал Исабекова әріптес досына сәттілік тілеп, сахнаны жастарға босатып беруді сұрады.
“Мен не дерімді білмеймін, өйткені менің ішімде екі Мақпал күресіп жатыр. Бірі – Бейбіттің досы, Бейбіттің әндерін сүйіп тыңдайтын, бұрыннан білетін Мақпал, екіншісі – мына креслода сарапшы болып отырған Мақпал. Басқа да жас буынға, осы сахнаға үміт артып келген орындаушыларға себепкер болып, оларға да жол беруді көздеп отырған Мақпал.
Не дейін, Бейбіт? Сенің өнерде ойып тұрып алатын орның бар. Сен менің жауабыма байлаынысты ертеңгі күні көріспей кетсең, мен де ренжимін. Сахнаға келіп жатсақ балаларға да мүмкіндік бергім келіп отыр. Осы сахнаның иісін аңсап, ұйықтап, түсінде көрген жастарға жол берсек, қалай қарайсың? Түсініп тұрған шығарсыздар, “жоқ” деген сөзді айта алмай отырмын”, – деді Исабекова.
Ал Бейбіт Қорған мұндай шешімге еш ренжімейтінін атап өтті.
“Қиналатын түгі жоқ, бәрі де түсінікті. Аллаға шүкір, өзіміздің тыңдарманымыз бар. Бұл жерде ең бастысы, басқа жанрда, басқа стильде ән айта алатынымды көрсеткім келді. Ал осылай боларын білдім”, – деді ол.
Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.