Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Бесеудің хаты». Мансұр Ғатаулин: Мен халқымның жауының жауымын!

Әйгілі «Бесеудің хатын» Ғабит Мүсірепов, Мансұр Ғатаулин, Емберген Алтынбеков, Мұташ Дәулетқалиев, Қадыр Қуанышев жазғанын білесіз бе?

News-image-57863-0

Бұл туралы Астана арнасының “Біздің уақыт” бағдарламысында айтылды.

Ашаршылықтан қынадай қырылған қазаққа араша түскісі келген бес азаматтың ішінде Мансұр Ғатаулин тергеусіз атылған. Қалған төртеуі қуғын көрген, тірі қалған.

Біздің Алматыдағы тілшіміз Ришат Асқарбекұлы 82-гі Ая Мансұрқызымен сұхбаттасты. Әкесі қызыл террордың құрбаны болғанда Ая апа 2-ақ жаста еді…  «Мен – өз халқымның жауының жауымын. Мен ондай дертке 1932 жылы аштықтан әбден ашынып, көздерi қарауытқан, сөйтiп, адамға пышақ ала ұмтылған халқымды көргенде ұшырағанмын», – деген Ғатаулин сияқты рухы бар азаматтар қазір де бар, әрине. Геноцидтің, репрессияның не екенін білетін халық үшін сорақылықтың, шектен шығудың, әділетсіздіктің белең алмауын қадағалау және оны айту оңай емес. Бірақ адам мен мемлекет арасында өркениетті, соған жақын қарым-қатынастар азат ойлы қоғамда ғана орнайды. Ең маңыздысы – үрейленбей өмір сүру. Адал еңбекпен дегеніңе жететініңе сену…

Аз-кем шегініс жасадық. Енді «Мен – өз халқымның жауының жауымын» деген Мансұр Ғатаулин туралы сюжет.  Хат жазған 5 азамат болшевиктердің Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Голощекинді тайсалмай айыптады. Ал хатты жазуға бастама көтерген Ғабит Мүсірепов пен Мансұр Ғатаулин. Жоғарыға жолданған хабарламаға Емберген Алтынбеков, Мұташ Дәулетқалиев, Қадыр Қуанышев сынды қазақ зиялылары да қол қояды. Тарихта «Бесеудің хаты» деген атпен қалған жазба, республикадағы мал шаруашылығының күйрегенін ашық сынап, орталыққа елді алапат ашаршылық жайлағанын жеткізген алғашқы дабылдардың бірі болатын.

Өлкелiк комитетiне және Голощекин жолдасқа:  …«Бүгiнгi Қазақстан – бұл 163 миллион сомның товарлы өнiмiн беретiн, 40 миллион малы бар өлке», – деп жаздыңыз. Сiз, Голощекин жолдас, 1930 жылы «Октябрь революциясының жеңiстерi» деген мақалаңызда… Бiрақ қазiр, Сiздiң мәлiмдемеңiзден кейiн 2 жыл өткен кезде Қазақстанда мал шаруашылығы саласында мал басының қисапсыз кемiп кеткенi әмбеге аян болып отыр: 1930 жылғы мал басының 1/8 бөлiгi (40 миллионнан 5 миллион) ғана қалды. … Мал басының қисапсыз кемiп кетуi көптеген қазақ аудандарын қамтып, адамдардың жаппай қырылуына әкеп соққан ашаршылық (қыстың екiншi жартысынан бастап) жөнiнде әлi күнге дейiн ауыз ашпай отыру қаншалықты дұрыс? Колхоздар мен колхозшылардың (iшiнара совхоздардың да) қоғамдастырылған және қоғамдастырылмаған малы да осындай зор шығынға, сұрапыл қырғынға ұшырады…

Ғабит МҮСІРЕПОВ Мұташ ДӘУЛЕТҚАЛИЕВ Мансұр ҒАТАУЛИН Емберген АЛТЫНБЕКОВ Қадыр ҚУАНЫШЕВ 1932 жылы 4 шілдеде жазылған хат бастапқыда Иосиф Сталинге бағытталған. Алайда аймақ басшысы Голощекиннің қолына түсіп, жаппай қудалау басталады. Бұл сынды қабылдай алмағандықтан, кек алу операциясы жүргізіледі. Алғашқылардың бірі болып нысанаға сол кездегі баспа ісінің маманы, жас та болса зиялылар арасында беделді Мансұр Ғатаулин іліккен.

“Әкем менің есімде жоқ. Анам ол жайлы мүлде айтпайтын. Ол кезде айтуға болмайтын. Өйткені, бәрі қорқады. Тек көз жұмарының алдында ғана бәрін баяндап берген екен”, – дейді Ғатаулиннің қызы Ая Мансұрқызы.

Батыс Қазақстан облысында туып, кейін Қарағанды, Қызылорда өлкелік партия комитеттерінде бірінші хатшы болған Мансұр Ғатаулиннен қалған жалғыз тұяқ – Ая Мансұрқызы. Қызыл террордың құрбанына айналып, әкесін Қарқаралыдан ұстап әкеткенде, ол небәрі 2 жаста болыпты. Ая Мансұрқызы,

“Әкемді алып кеткенде анам “Алматыға кетеміз” деді. Анам өзі Алматының тумасы. Туыстарының бәрі Татаркада тұрады. Сондағы әпкесінің үйіне бардық. Ол кіргізбеді. Олжерден кетуімізді сұрады. Сосын бірнеше күн далада жүрді. Кейін бір көрші “Енді қайда барасыңдар. Менің жертөлеме кіріңдер. Ол жер жақсы” деп жертөлесіне кіргізді”, – дейді Ая Мансұрқызы.

Ая Мансұрқызы Алматыда тұрады. Жақында 82 жасқа келген апамыз репрессияға ұшыраған тағы бір отбасы – Хангелдиндер әулетіне келін болып, одан үш бала тараған.  «Халық жауының қызы» деген атпен еш жерден пана таппай, ұзақ жыл азапты күн кешкенін күрсініп еске алады. Жақын туған-туыстары теріс айналғанда, жесір әйел мен қорғансыз қыздың етегі жасқа толған. Бірақ тасбауыр болып кетпеген.

“Ештен кеш жақсы дейді ғой, міне, 80 жыл өтті. Биыл ескерткіш ашып, сондай құрмет көрсетіп аталарымызға, апаларымызға. Мына кісінің көңілі орнына түсті, сондай қуанышты. Көп жыл күтті. Жалғыз қыз болғаннан кейін бұл кісіге енді қиын болды ғой”, – дейді Ая Ғатаулинаның келіні Разима Хангелдина.

Алматыда отызыншы жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған осыдан 25 жыл бұрын жоспарланған ескерткіш ақыры ашылды. Көптен күткен монументті жасауға байқау жарияланған. Оған жалпы саны 21 жоба түсіп, көпшіліктің, арнайы мамандардың талқылауына ұсынылды. Астанадағы мемлекеттік комиссияның ұйғарымымен жобалардың ішінен баласын кеудесіне қысқан Ана бейнесі жеңімпаз деп танылды.  “Қарағайлы” саябағында қола мен граниттен жасалған, биіктігі 3 метр бұл ескерткішті сәулетшілер Қанат Бегулиев, Айдос Бүркітбаев және Дулат Үсенбаевтар жасады.

“Ол дұрыс шара, бірақ бұл жұмыстың бастамасы ғана. Ашаршылық құрбандарының санын, қажет болса, аты-жөнін анықтауымыз керек. Саяси құрбандарды да түгендеу керек. Алматы мен Астанада ғана емес, облыс орталықтаында, аудандарда аты-жөні қашалған ескерткіштер болуы керек. Бұл әлем халықтарының жасап жатқан әрекеті. Себебі халық, ұрпақ оларды білуі тиіс”, – дейді алаштанушы тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді.

1918-1933 жылдар аралығында Қазақстанда түрлі деректер бойынша үш миллионнан астам адам опат болған, ал 1931-1933 жылдары 1 миллион 700 мың адам қырылып кеткен. «Кеше ғана бiр қойдың етiн бiр-ақ асып жеп, қымызды сабасымен iшетiн халықтың ендi бүгiн бiр уыс бидайға зар болып, аштықтан қырылып жатқанына бейжай қарай алмаймыз.»  Ғабит Мүсірепов осылай деп, хат жазу туралы ұсыныс тастаған екен. Ал кейінірек саяси қуғын-сүргін басталғанда жағдай тіпті ушыға түседі…

“Ғабит Мүсіреповті тауып, үйіне бардық. Ол “Жақсы келдіңдер, бірақ бұдан кейін келмей-ақ қойыңдар. Мен де қорқам” деді”, – дейді Ая Мансұрқызы.”

Ғабит Мүсірепов 80-жылдарға дейін өмір сүрді. Қазақ әдебиеті үшін үлкен еңбек сіңіріп,  Жазушылар одағын басқарғанын білеміз. 1904 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген Мұташ Дәулетқалиев ұзақ жылдар жоғары партия мектебінде ректор болып еңбек етеді. Қуған- сүргін көргенімен, 1982 жылы Алматыда қартайған шағында өмірден өткен. Есiмiн көпшiлiк бiле бермейтiн «бесеудiң» бiрi – 1904 жылы туған Емберген Алтынбековтің қай жылы өмірден өткені туралы дерек жоқ. Ал Қадыр Қуанышевтің туған жылы 1906. 1930 жылдан бастап Коммунистiк партияның мүшесi болған ол, Қазақ АССР Мемлекеттiк жоспарлау комиссиясының энергетика секторының меңгерушiсi қызметiн атқарыпты. Ол да бертінге дейін өмір сүрген. «Бесеудің хатын» ұйымдастырғандардың ішінен тек Мансұр Ғатаулин ғана оққа байланып, небәрі 34 жасында құрбан болады.

“Бесеуінің хаты негізі аштықты көтерген. Сол кездегі үкімет басшысы – Ораз Исаев та Сталинге телеграмма соғады: “халық қырылып жатыр, аң аулауға рұқсат беріңіздер”-деп. Соған сол кездегі Үкімет басшысы, соның қол қойған телеграммасы бар “аң аулайтын болсаңдар, заң алдында жауап бересіңдер” деген. Сонда халықты мал құрлы көрмеген. Міне, сонда, мына қазақты ұлт ретінде жоюға бағытталған саясат болатын. Қазір шүкір, тәуелсіз мемлекетпіз”, – дейді Қазақстан саяси қуған сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы.

Баспагер, журналист бола жүріп, саяси iстерге етене араласқан Мансұр Тиятұлы Ғатаулин халықтың басына төнген қасiретке қарсы тұруды азаматтық парызы санады. Ату жазасына кесiлiп бара жатқан жанкештi азамат сотта жанындағы өзiнiң серiктерiн нұсқап: «Бұлардың еш жазығы жоқ. Мен – жаумын. Менi соттаңдар, жалғыз өзiмдi. Бiрақ мен де халық жауы емеспiн, мен – өз халқымның жауының жауымын» деп кеткен. Ол НКВД-ның Алматыдағы түрмесінде атылып, мүрдесі Алматы облысы Жаңалық ауылына апарып көмілген.

Тағы да оқыңыз:

Ілияс Жансүгіровтың үлкен ұлы қалай өмір сүруде

Қазақтың үш асыл ұлы бір әйелге ғашық болған

Орыс қыздарын жар еткен қазақтың біртуар қайраткерлері

Талқылау