Белгілі заңгер: Барлық “Алтын”, “Күміс алқаларды” министр іліп алсын ілетін жеріне
Күні кеше бүкіл еліміздің қабырғасын қайыстырған қайғы болды. Астанада өрт салдарынан бір үйдің 5 бірдей баласы көз жұмды: 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары дүниеге келген бүлдіршіндер. Олардың ең кішісі – жасқа да толмаған. Түнде олар тірідей өртеніп кеткен кезде, ата-анасы жұмыста болған. Осыған байланысты елімізде ең көкейтесті мәселе – көпбалалы отбасыларға қамқорлық көрсету, ана мен баланың құқығы, мемлекет тарапынан төленетін мардымсыз жәрдемақы көлемі сияқты сауалдар.
Күнкөрістің қамымен емшектегі баласын тастап, жас ананы жұмыс істеуге не мәжбүрледі? Еліміздегі көпбалалы аналардың мәселесін жиі көтеріп жүрген “Ел бірлігі” одағының президенті, белгілі заңгер Ризабекова Шолпан Бостанқызына осы сауалды қойып көрген едік.
Естеріңізге сала кетсек, белгілі заңгер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тізгінін ұстаған лауазымды тұлғаларды “Анасы қайда қарап отыр?” деген сөзі үшін сотқа бере аламыз” деген еді.
Бүгінде Шолпан Бостанқызы еліміздің өңірлерінен қол жинап, аталған министрлікке ашық хаттарын жолдайтындарын жеткізді.
“Елдің шығысы мен солтүстігінде біз қол жинап, ашық хат жіберіп жатырмыз. Көпбалалы аналардың, Алтын, Күміс алқа иелерінің жағдайы сын көтермейді. Заңның жоқтығынан көпбалалы аналардың жағдайы бір шетте қалып қалды, беймәлім. Ендеше оның несі керек?! Барлық Алтын алқа, Күміс алқаларды жинаймыз-дағы Әбілқасымованың алдына тастаймыз. Солардың бәрін іліп алсын, іліп алатын жеріне. Не үшін берді Күміс алқа, Алтын алқаны? Оның не қажеті бар? Олар – батыр аналар. Неге ең құрмағанда, бір рет жерін бермеске? Неге бір рет пәтер бермеске, олар 10-12 бала тауып жатқанда? Біз үкіметті сол уақытта сыйлайтын боламыз? Халық болып, көпбалалы аналар болып үкіметті сол уақытта дәріптейтін боламыз. Ертеңгі күні елімізге, халқымызға қызметіміз де дұрыс болады. Белсенділігім де дұрыс болады. Қазір халық сенбейді үкіметке. Сенгісі келмейді. Бәрінің көздері ашық, неге осылай болып жатқанын бәрі біледі. Демек ертеңгі күні көпбалалы аналардың да айтар сөзі бар. 10 баланы дүниеге әкеліп, мемлекеттен еш көмек көрмедім, темір жол, басқасында ақысыз жүретін жеңілдіктер берілмеді деп. Соны жасауға болады ғой. Неге оның бәрі жоқ? Неге соны үкімет қарастырмайды? Мемлекеттік бақылау қайда? Қадағалау қайда?”, – деп ашынады Шолпан Бостанқызы.
Өз міндеттерін дұрыс атқара алмайтын ведомствоған заңгердің уәжі бар.
“Министрлер неге бақылай алмайды? Онда қоғамдық кеңестерге құзіретін бірсін, біз қоғамдық кеңестер арқылы соны бақылап, есеп беріп, айтып отырайық. Халық сөйлемегенде кім сөйлейді?”, – дейді “Ел бірлігі” одағының президенті.