Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бекболат Тілеухан министрге: Наурыз таяп қалса да менің балам әлі Ю әрпін оқып жүр. Бұл қалай?

Бекболат Тілеухан ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті оқулық мәселесін талқылау үшін Парламентке шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Балалардың тақырыбына бұрылған кезде, ұлт пен мемлекет үшін бұдан маңызды іс жоқ. Шын мәнінде, әліппедегі қаріп тануды қабілетті бала 22-24 күнде үйренеді, қабілеті жоқ деген бала ары кеткенде 60 күнде меңгереді. Ал менің бірінші сыныпта оқитын балам бүгінгі 26 ақпанда әлі «Ю» әрпінде жүр. 7 ай оқып жатқанымен, әріптерді толық танымаған. Бұл қалай? Оның үстіне балада ешқандай еңсесін көтеріп, ойнайтын мүмкіндік жоқ. Таңертең сағат 8:30-да кеткеннен, үйге сағат 17:00 кезінде келеді. Не алып жатқан білім жоқ, не бала болып жүгіріп, демала алмайды. Сонымен қатар күресіне, домбырасына және басқа да үйірмелеріне бара алмайды», – деп тоқталды депутат ҚР БҒМ өкілдеріне қаратып айтқан сөзінде.

Осы орайда Тілеухан мектеп бағдарламасы балаларға қиын түсіп жатқанын атап өтті.

«Былтыр осы мәселені Парламент қабырғасында айтқанбыз. Сол кезде министрден «оқулықтарға тікелей кім жауап береді?» деп сұрағанда, ол өз кезегінде министрлік жауапты екенін айтқан еді. Бір әліппені 7 ай бойы кеміріп жатыр және оны әлі толық өткен жоқ», – дейді Тілеухан.

Өз кезегінде Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов өзінің де баласы жаңартылған бағдарлама бойынша білім алып жатқанын сөз етті. «Менің балам қазір екінші сыныпта оқиды. Бірінші сыныпта сол әліппені оқыды. Бала оқығанда ата-ана ретінде өзің де сол кітапты оқисың. Сондықтан алдыңғы жылы әліппені мен де бірге өттім. Жаңартылған білім мазмұны бойынша балам аталған бағдарламамен тәлім алып жатыр. Осы орайда соншалықты қиын болды, бүгін оқи алмайды деп айта алмаймын», – деді Аймағамбетов.

Білім министрі орынбасарының сөзіне қарағанда, балалардың наурызға дейін әліппені оқып жатқаны типтік бағдарламаға байланысты.

Бұл жерде Бекболат Тілеухан вице-министрдің сөзін бөліп: «Менің балам теңертеңнен кешке дейін мектепте. Неге біздің балаларымыз әке-шешесінің бауырында болмайды? Балалар ата-ананың жылуын көруі керек қой. Кеңестік кезеңде 10 желтоқсанда «әліппемен қоштасу» болатын. 1973 жылдың желтоқсанында Бекболат Тілеухан әліппемен қоштасқан. Ал наурыз таяп қалса да, менің балам әлі «Ю» әрпінде жүр. Ендеше типтік бағдарламаңыз қате. Типтік бағдарлама өзгермейтін қасиетті кітап емес. Сондықтан оны өзгертейік», -деді.

Осы орайда депутат бұл мәселеге қатысты ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің Мәжіліске келуі керектігін атап өтті. «Осы мәселеге министрдің өзі келсін. Парламенттің қабырғасында талқылайық. Талқылауға тәжірибе жүзінде жұмыс істеп жүрген мұғалімдерді, яғни білімнің қамын ойлаған педагогтарды шақырайын», – деп түйіндеді сөзін Бекболат Тілеухан.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың ақпанын Мәжілістегі Үкімет сағатында оқулықтардағы кемшіліктерді талқылау мәселесі бойынша депутат Бекболат Тілеухан ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті жекпе-жекке шақырған болатын.

Тағы да оқыңыз:

Астанада дәрігерлердің салғырттығынан жүкті әйел қайтыс болды

Жұбановтың немересі атасының атымен аталатын университеттегі былыққа көз жұма қарай алмайтынын жеткізді

Атышулы Замира: Жігітім жоқ, бар болса екіқабат болып баяғыда байға тиіп алар едім

Павлодарда көшеден өтіп бара жатқан 24 жастағы жігіт үш баланы өрттен құтқарып қалды

Талқылау