Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бекболат Тілеухан депутаттарға қазақтың көне есебін шешуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, фольклордың өзіндік бір тармағы ретінде халықтың көне есептерін зерттеуге қолдау көрсетуді сұрады.

1397902

Ол бұл мәселенің маңыздылығын айта келе, әріптестеріне қазақтың байырғы есептерінің бірін шешуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

“Елбасы “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру”  мақаласында “Жаңғыру бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрге шекеден қарамауы керек. Керісінше замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу керек. Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды” деп жазды.

Елбасының осы бастамасын жалғастыру мақсатында және осы бастамада көрсетілген міндеттер мен тапсырмаларды іске асыру үшін бір топ гуманитарлық және нақты ғылымдар мамандары, атап айтсақ, филология, әдебиеттану, математика, физика, IT-технология, техника және басқа да ғылым мамандары, ғылым докторлары мен кандидаттары “Ұлы далалық байырғы қазақи көне есептер – қазақ фольклорының қасиетті рухани құндылығы” атты ғылыми жобаны жүзеге асыруға ұсыныс беріп отыр”, — деді Бекболат Тілеухан мәжіліс отырысында.

Депутаттың айтуынша, фольклор тек қана аңыз, қисса, ертегі, мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаш қана емес, оның ауқымы өте үлкен.  “Мәселен, жұмбақтар дегеніміз дедукция және индукция әдістерімен шешілетін математикалық логика есептері екені баршамызға мәлім. Демек, халықтың байырғы көне есептері фольклордың өзіндік бір тармағы болып табылатын дүние. Өкінішке қарай, бұл тақырып осы күнге дейін бізде ғана емес, барлық елдерде де зерттелмеген. Тіпті, зерттелуі басталмаған проблема. Демек, халықтың көне есептерін зерттеу, оны бір жүйеге келтіру өз алдына жаңа ғылыми бағыт болып табылмақ”, — дейді ол.

Халық қалаулысының сөзінше, қазақтың көне есептері қарапайым арифметикадан бастап, геометрияны, жоғары математиканы, тіпті сандар теориясын қамтиды. Оның ішінде Абылай хан, Бәйдібек, Төле би, Қазыбек би, Саққұлақ шешен сияқты тарихи тұлғалардың есімдерімен аталатын есептер өзіндік келбетімен ерекшеленіп тұратынын айта келе, депутат әріптестеріне қазақтың көне есептерінің бірін шешіп көруді ұсынды.

“Бір үлкен ас болыпты, сол асқа мың адам қатысыпты. Астың шарты былай болған: төреге төрт табақ, қожаға қос табақ, төрт қараға бір табақ. Сол аста 650 табақ тартылыпты. Сонда кімге қанша табақтан келді? Осыны шешу керек. Осыны каникулға шейін шешіп, ойланып көріңіздерші”, — деді Тілеухан.  Бұған қоса депутат кеңес одағы кезіндегі белгілі малшы-селекционер Жазылбек Қуанышбаевтың есепке алғырлығын мысалға келтірді.

“Жазылбек Қуанышбаевты білесіздер, мың қойды бар болғаны 3-4 минуттың ішінде есептеп шыққан. 20, 30 қойды топтап санайтын болған. Фотографиялық жад деген біздің ата-бабамызда болған нәрсе. Ментальдық арифметика дегенді қазір айтып жатырмыз. Ол ата-бабамызда баяғыда болған дүние. Осыларды қайта қалпына келтіруге болады ғой. Осыға кірісу өте маңызды”, — деген халық қалаулысы Үкімет басшысынан ғалымдарға қолдау көрсетуді сұрады.

Тағы да оқыңыз:

Қазақстан мейрахманаларында тамағын тауысып жемегендерге айыппұл салынатын болды

Алматыда бейтаныс адам банк кассирін тапаншамен қорқытып 65 млн теңгені алып кетті

Ақтөбе облысының бас дәрігері өзі өлген соң ағзасын алуға рұқсат берді

Талқылау