Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Баян Алагөзова қытай азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызын жақтап шықты

“Махаббатты қолдаймын”.  Продюсер Баян Алагөзова елді шулатқан оқиғаға қатысты өз пікірін білдірді. Ол қытай азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызын қолдап шықты, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Баян Алагөзова

“Өзге ұлт өкілінің әйелі болу бізде қабылданбайды. Біреудің тағдырына разы емес ер азаматтар “армиясы” осылай шешіпті. Қатты таңырқап отырмын. Демек қытайлардан миллиардтаған доллар қарыз алуға болады, олардың техникасын пайдаланып, қытай мейрамханаларына барып, киімін киіп, тіпті мұнай компанияларын қытай азаматтарының басшылығына беруге болады, бірақ қытайлықты сүюге болмайды”, – дейді Мақсатқызы.

Продюсердің айтуынша, қытайды сүюге болмайды деген азаматтар шын мәнінде махаббаттың не екенін білмейді. Оған толық сенімдімін, дейді Алагөзова.


Тағы оқыңыз:

Танымал азаматтар Баян Алагөзованың оразаға қатысты сынына жауап берді


“Айтқым келгені, жүрек қалауын ұлтына, терісінің түсіне, менталитетіне, салт-дәстүріне қарап таңдамайды. Жүрек тек қана сүйеді. Барлық өркениетті елдерде біреудің қарым-қатынасына араласу көргенсіздік саналады. Тәрбиелі адамдар ондай ойдан ада. Мұндай зұлымдыққа қашанға дейін төзуіміз керек? Неліктен біздің әйелдер кімге тұрмысқа шығуға болатынын, ал кімге болмайтынын анықтау үшін ерлерден рұқсат сұрауы керек?! Неге біреудің жеке қарым-қатынасы жалған патриотизмге айналып кетеді?

Құрметті қазақтың жігіттері, біздің қыздар тек қана сіздерге тұрмысқа шыққысы келетіндей жағдайға жеткізіңіздер. Ең болмағанда, қарапайым нәрседен бастаңыздар. Әйелді, оның құқығы мен жеке тұлғасын құрметтеуді үйреніңіздер. Әйел күң емес, сіздердің жеке меншіктеріңіз емес. Кімді сүю керектігін сіздерден сұрамайды. Мен аралас некені қолдамаймын да, оған қарсы да емеспін! Мен махаббатты қолдаймын”, – дейді ол.

Себебі Алагөзова тек қана махаббатты бастан кешкен әйелдің бақытты бола алатынына сенімді. Продюсердің айтуынша, әйел тек өзі сүйген азаматтан бала тапқысы келеді.

“Әйел перзентінің қай ұлттан болмаса қай нәсілден болғанына қарамастан, оны жақсы көреді. Демократиялық елде тұрамыз, азаматтардың бостандығы бірінші орында деп айқай саламыз. Бірақ ол бостандық тек ерлерге қатысты сыңайлы. Ерлер бірнеше әйелден алып, қалаған адамына үйленіп, балағаттап, ұрып, бұйрық беріп, басқарып, рұқсат беріп немесе тыйым сала алады, бұл тізімді шексіз жалғастыра беруге де болады… Құдай сақтасын, ертеңгі күні қызым шетел азаматын сүйіп қалса, не болатынын ойлауға да қорқамын. Егер ұлтты бәрінен биік қоятын болсаңыздар, онда ұшақ, автокөлік пен телефондарды былай қойғанда, ең алдымен тіс жуғыш пастасын өздеріңіз жасап үйреніңіздерші. Айтпақшы, қытайлардың “аспанның жартысы әйелдер үшін” деген жақсы сөзі бар”, – деп түйіндеді сөзін ол.

Айта кетейік, желіде қытай азаматы мен қазақ қызының құдаласу рәсімінен видео тарап кеткен еді. Қазақтың танымал жігіттері өзгенің етегінен ұстаған қандасымызды “іштен шыққан жауға” теңеп, оны қатал сынға алған болатын.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау