Басын кесіп алып, айдалаға лақтырып жіберген: Қызылордада сүйіктісін қатыгездікпен өлтірген жігіт қамалмайтын болды
Қызылордада сүйіктісін пышақтап өлтіріп, басын кесіп алып, айдалаға лақтырып жіберген жігітке қатысты сот үкімі шықты. Оны түрмеге емес, психикалық емдеу орталығына жіберіледі. Судья жігіттің жантүршігерлік қылмыс кезінде өз әрекеттеріне жауап бере алмайтын күйде болғанын айтты.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Адам шошырлық жағдай осыдан 7 ай бұрын қала маңындағы Тасбөгет кентінде орын алған. 27 жастағы жігіт сүйіктісімен жанжалдасып қалып, көлігінің ішінде оны үш жерден пышақтаған. Артынша 22 жастағы қыздың басын кесіп алыпты.
Мұнан кейін жігіт өзін өлтірмек болып, өзін де бірнеше жерден пышақтаған екен. Мұндай сұмдық қылмысқа барған жігіт қаладағы оқу орындарының бірінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет еткен.
«Шыңғыс Бикенов ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағында көзделген «Қылмыстық әрекетті есі дұрыс емес күйде жасауына» байланысты ҚК-ның 16-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Оған қатысты психиатриялық стационарда мәжбүрлі түрде емдеу қолданылды», - дейді облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі Әл-Фараби Жақсылықов.