Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Бас прокуратура Әблязовты Астанаға тергеуге шақырды
ҚР Бас прокуратурасы Мұхтар Әблязовты Астанаға тергеуге шақырды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.
Сурет: Валерий Левитин/Коммерсантъ
Бас Прокуратура Әблязовты банкир Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты іс бойынша тергеуге шақырды.
Ведомствода мәлімденгендей, тергеушілердің қолында Әблязовтың банкирдің өліміне қатысты қылмысқа қатысы барын дәлелдейтін айғақтар бар.
Күдікті Қазақстан аумағынан тыс жерде жүргендіктен, оның тергеуге шақырылғаны БАҚ-тар арқылы хабарлануда.
«Күдікті Әблязов Мұхтар, Сізге 16 тамызда сағат 15:00-де Астанадағы Бас прокуратураның әкімшілік ғимаратына келу керек», – делінеді хабарламада.
Хабарланғандай, тергеуді Бас прокурордың көмекшісі Бекжан Ермұханбетұлы жүргізіп жатыр.
Сондай-ақ, Бас прокуратура Әблязовтың өз қорғаушысын жіберуге немесе мемлекеттік қорғаушы тағайындалуын сұрауға құқығы бар екенін мәлімдеді. Күдіктінің қорғаушысы болмаған жағдайда, оның тағайындалуын тергеуді жүргізіп жатқан орган ұйымдастырады.
Сонымен қатар ведомство Әблязовты тергеуге келуіне кедергі келтіретін нақты себептерді алдын ала ескертуге міндеттеді.