Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балалардың ойын алаңын қызғанған: Елордада көпқабатты екі үйдің тұрғындары бір ауланы бөлісе алмай дауласуда

Нұр-Сұлтанда көпқабатты екі үйдің тұрғындары бір ауланы бөлісе алмай, дауласып жатыр. Бір-бірінен балалардың ойын алаңын қызғанған елордалықтар екі араны темір қоршаумен бөліп алып, көршілерін өткізбейді екен. Өткен күзден бері дүрдараз тұрғындар әкімдікке де талай айтқан, бірақ Сарыарқа ауданының билігі әдеттегідей асығар емес. 

Елордадағы атышулы «188 көше» ауданы қазір Шәймерден Қосшығұлұлының атында. Осы жердегі қатар тұрған екі үйдің тұрғындары былтыр күзден бері бір ауланы бөлісе алмай жүр, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

Даудың басы КСК-ның көк қоршауынан басталған. Балалардың ойын алаңын қызғанған 23-үйдің тұрғындары екі ортаны жауып тастапты. 

«Біздің балалар ойнайтын алаңда мүлдем жағдай жасалмаған. Талай шағымдандық, тіпті қала әкімінің өзі келіп, жақын уақытта шешеміз деп кеткен. Бірақ түк шара қабылданбады. Мына жерде дені дұрыс алаң болмаған соң, балаларымыз амал жоқ көрші үйге барып ойнайды. Тұрғындар да қоршауды сол үшін жауып тастаған», - дейді қала тұрғыны Виктория Лим.

Басында бір-біріне ескерту жасаған көршілердің қазір шыдамы таусылған. Бір-бірін атарға мылтығы жоқ. Күнде айтыс-тартыс.

23/2-үйдің тұрғындары көрші КСК балалардың ойын алаңын ғана емес, жаяу жүретін жолды да қоршап тастады деп қынжылады. Әсіресе, іргедегі мектепке қатынау қиын. Оқушылар тұтас ауланы айналып, көліктің арасымен жүруге мәжбүр. Болмаса қоршаудан секіріп өтеді.

Іргелес үйдің келіншектерімен дауласып жүрген көрші КСК-да қазір тірі жан жоқ. Кешелі бері есіктері құлыптаулы. Тек көршілерден ортақ жерді қызғанып, айналасын қоршап алған үйдің тұрғындары өз КСК-ларының әрекетін әлеуметтік желідегі чатта талқылап жатырмыз деп ақталды. 

Екі үйге ортақ алаңға таласқан көршілер даудың соңы жазатайым жағдайға ұласып кете ме деп алаңдайды. 

«Әкімдіктен рұқсат алған ба, білмеймін, сондай бірнәрсе бар. Өздерінің бір рұқсатын көрсетіп отыр. Бұларға рұқсат берілген, ал бізге жоқ. Бәрі де мынау мемлекеттік бағдарламамен салынған үй. Біздікі салынған кезде ол үй болмаған. Енді мына жерде балалар ойнап жүреді. Немерелер кішкентай. Олар сол жерге кіріп ойнағысы келеді, кіргізбейді, айқайлайды», - дейді тұрғындардың бірі Алмас Әбдірахманов. 

Бұл мәселені тұрғындар қала әкімдігіне де талай айтыпты. Әзірге еш нәтиже жоқ. Біз де күні бойы хабарластық, тіпті аудан әкімінің тікелей нөміріне де қоңырау шалдық. Бірақ мән-жайды түсіндіретін бір шенеунік табылмады. Айтпақшы, Қосшығұлұлы көшесіне бірер жыл бұрын Елбасының да өзі келіп, аралап, әкімдікке тиісті тапсырмалар беріп кеткен болатын. 

Талқылау