Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте балабақшадағы қатарластары 4 жасар баланы қылқындырып, ес-түссіз күйге түсірген

Шымкент тұрғыны Алина Хаджиева тәрбиеші шығып кеткен кезде қатарластары ұлы Маркты қылқындырғанын айтты. Алинаның қолында фотоайғақ бар. Оның мәлімдеуінше, оқыс оқиға сәрсенбі күні, 7 қыркүйекте Кремлевская көшесіндегі №14 балабақшада болған.

Бұл туралы tvk арнасы хабарлайды.

«Сәрсенбі күні сағат 13.30-да маған тәрбиеші Қарлығаш хабарласып: «Келіп ұлыңызды алып кете аласыз ба? Ол құлап, мойнын жарақаттап алды», – деді. Мен: «Ондай жағдай жиі болатынын айтып бұдан бұрын ондай мәселеге бола хабарласпайтын едіңіздер ғой», – деп едім, тәрбиеші: «Білмеймін, менің кезекшілігім жаңа басталған болатын, мұнда басқа жаңадан келген тәрбиеші болды», – деді. Телефон тұтқасын балама беруді сұрадым. Тәрбиеші оның жылап жатқанын айтты. Өзім жұмыстан шыға алмағандықтан, күйеуім барды. Бір кезде ол балабақша ауласынан сурет жіберді. Ұлымда гематома және мойынның алдыңғы жағы қансырап тұр екен. Аулада пластмассадан қиылған гүлдер болатын. Соны қатты жіппен байлап бекітіп тастаған. Балалар сол гүлдің біреуін жұлып алып, жібімен менің ұлым Маркты қылқындырған, екі бала екі жағынан ұстап тартыпты. Ұлым ес-түссіз талып түскен. Мойнындағы қанталаған қызыл іздер сол пластмассадан қалып отыр. Ол өліп кетуі мүмкін еді ғой?! Жанында тәрбиешілері де болмапты», – дейді Алина Хаджиева.

Абдырап қалған әйелдің айтуынша, балабақшаға келгеніне екі күн де толмаған тәрбиеші белгісіз себептермен балаларды жалғыз қалдырған. Ал тәрбиеші қайта оралған кезде 4-жасар Марк еденде ес-түссіз жатқан. Балабақша меңгерушісі болған оқиғаны «бала ойыны» деп жылы жауып қоя салуды жөн санаған. Алинаның ызасын тудырған да осы нәрсе. «Ұлым өліп кетуі де мүмкін еді» деп ашынған ана баланың қауіпсіздігіне жауап беретін жандардың лайықты түрде жазаланғанын талап етуде. Баланың ата-анасы жедел жәрдем мен полиция шақыртқан. Алайда заң қызметкерлерінен еш қайыр таппаған.

“Меңгеруші «арыздарыңызды қайтып алыңыздар, басқа балабақшаның бір жылдық ақысын төлеп беремін» деді. Алайда бізді онсыз да басқа балабақшаға ауыстыруы тиіс. Одан кейін олардың адвокаттары келіп, арызды қайтарып алмағанымызды ескертті. Әрі қарай баланың өзі құлап қалғандығын айта бастады. Жұма күні анам Абайдағы РОВД-ға барған еді. Сонда біздің арызымыздың тергеушінің қолына тименгендігін білдік. Анам өзі апарып берді. Ал сенбі күні тергеуші хабарласып, қылмыстық істің жабылғандығын хабарлады. Сол күннен бастап тергеуші де тұтқасын көтермеді”, – дейді Алина.

Бұл арада телеарна тілшісі тәрбиешінің үстінен ҚР қылмыстық кодексінің №141 «Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, сотқа дейінгі тергеу амалдарының жүріп жатқанын анықтаған.

 

Талқылау