Бала жоғалып кетсе не істеуі керек: барлық балалар білуі тиіс қағидалар
Әр ата-ана өмірінде бір рет баласын назарынан тыс жіберіп алатын кездерді бастан өткерген болар. Ол көшеде, дүкенде не темір жол вокзалы, әуежайдағы қалың көпшілік арасында болуы мүмкін. Әрине, мұндай жағдай отбасының барлық мүшесін сарыуайымға салып, үрейлендіретіні сөзсіз. Алайда балаға не істеу керегін алдын ала үйретсеңіз, қиындықты барынша жылдам шеше аласыз.
Бала білуі тиіс негізгі ереже:
- өзінің және ата-анасының есімдері;
- ата-анасының телефон нөмірі;
- үйінің мекен-жайы.
Балаңызды тексеріп көріңіз: мысалы, ол үй телефонынан сіздің ұялы телефоныңызға қоңырау шалып, есімдеріңізді және телефон нөмірлеріңізді айтады.
Бала білуі тиіс тағы бір нөмір – 112. Бұл құтқару қызметінің нөмірі және оған үй телефонынан да, ұялы телефоннан да хабарласуға болады.
Бала қалада жоғалып кетсе не істеуі керек?
1. Бала тұрған орнында тұруы тиіс. Ешқайда барудың, қашудың қажеті жоқ. Тек екеуіңіз бірге болған жерден тапжылмауы керек (дүкен, кинотеатр, кафе, ойын-сауық орталығы, сауда орталығы). Сонда оны табу оңайға соғады.
2. Балаңызға формадағы адамнан, яғни полиция қызметкерінен, күзетшіден, бекеттегі кезекшіден немесе сол жерде жұмыс істейтін адамдардан (сатушы, даяшы, әкімші) көмек сұрауына болатынын түсіндіріңіз. Сонымен қатар балалы әйелдің де көмегіне жүгінуге болады.
Назар аударыңыздар!
- Еш күмәнсіз тек полиция қызметкеріне ғана сенуге болады. Бала оны білуі және түсінуі тиіс. Басқа ересек адамдармен араласқанда сақтық таныту керек.
- Танымайтын адаммен ешқайда кетуге болмайды. Тіпті ол анасына алып баруды уәде етсе де.
- Тек отбасы мүшелері ғана білуі тиіс құпия сөз ойластырыңыздар. Ол бөтен адам балаңыз айтқан нөмірге қоңырау шалған уақытта қажет болады. Балаңыз: «Анашым, құпия сөз», – дейді. Сіз оны атағанда, бала телефонның арғы жағында сөйлесіп тұрған анасы, әкесі екендігіне көз жеткізеді.
Бала жол жүру кезінде жоғалып кетсе не істеуі керек?
1. Бала автобустан не метродан уақытынан бұрын түсіп қалып, сіз әрі қарай кете бардыңыз делік. Балаңызға әрі-сәріге күйге түсудің қажет еместігін түсіндіріңіз. Ол түсіп қалған бекетте сіздің қайтып келгеніңізді күтуі керек. Егер сізді қуып жету үшін басқа автобусқа не келесі метро вагонына отырып кетсе, кездесулеріңіз анағұрлым қиынға соғады.
2. Ал анасы түсіп қалып, бала автобуста қалып қалса не істеуі керек? Онда оған келесі аялдамадан түсіп, анасын күтуі тиіс.
Назар аударыңыз!
Егер бала жоғалып кеткенін түсінсе, ең алдымен оған бар дауысымен айғайлап анасын шақыруы керек. Екеуіңіздің таяқ тастам жерде тұрып, бір-біріңізді көрмей қалатын жағдайлар жиі болып тұрады. Қатты айғайлаудан ұялмауы керегін ұғындырыңыз.
Бала орманда адасып кетсе не істеуі керек?
1. Тұрған орнынан кетпеуі керек.
Ата-анасы барынша тез табуы үшін, оған қатты айғайлап, көмекке шақыру керек. Сонымен қатар таяқпен ағашты ұрғылауға болады. Егер баланың ысқырығы болса, бірден ысқыра бастауы тиіс.
2. Қандай жағдай болмасын, өзен, көл, тоғанға жолауға болмайды.
Балаға суды жүзіп өтуге тырыспау керегін айтып түсіндіріңіз. Тіпті өзен кішкентай, қауіпсіз көрінсе де. Жанында ересек адам болмаса, суға жақындамауы керек.
3. Ұйықтап қалуға болмайды.
Бір минутқа болсын мызғып алу туралы ойдан аулақ болғаны жөн. Балалардың ұйқысы қатты. Ұйқы үстінде дауысыңызды естімей қалуы мүмкін. Балаңыз алаңқайда жүгіріп, секіріп, әндетіп, қатты дауыспен өлең оқысын. Бастысы ұйықтауға болмайтынын естен шығармауы қажет.
4. Саңырауқұлақтар мен жидектерді жеуге болмайды.
Балалар тез уланып қалуы мүмкін. Сондықтан таныс жидектің өзін жеуге болмайды.
5. Жануарларға жақындауға, ұстауға, сипауға болмайды, әсіресе, төлін
Балаңыз ең сүйкімді жануарды да ұстауға, сипауға болмайтынын ұмытпауы тиіс. Егер тістеп алса, қиындық ушыға түседі.
6. Кез-келген ересек адамнан көмек сұрау керек.
Балаңыз ең бірінші көретін адам құтқару тобының мүшесі болар. Бірақ ол жай саңырауқұлақ теріп жүрген адам болса да, бірден көмек сұрау керек. Кез-келген адамның орманнан шығуға қуана көмектесетінін балаңызға түсіндіріңіз.
Ата-аналар ескеруі тиіс қағидалар:
1. Серуенге шыққанда бала ашық түсті киім киюі керек. Сонда оны бақылап жүру оңайға түседі.
2. Қалтасына ақ түсті бет орамал салып қойыңыз. Оны құтқарушылар түнде байқауы үшін ағаш бұтағына байлап қоюға болады.
3. Бала өзімен бірге су құйылған бөтелке алып жүруі тиіс. Ол судың қиын жағдайға тап болғанда керегі боларын білуі керек. Сонда шөлдеген кезде су ішу үшін өзен, көлге бармайды.
4. Қалтасына шоколад салып қойыңыз. Оны бірден жеп қоймауы керегін айтыңыз. Қиын жағдайға тап болғанда ол да қажет болады.
5. Міндетті түрде ысқырық алып, оны балаңызға беруді ұмытпаңыз. Балалар ысқырғанда ұнатады. Оның даусын бірден ести аласыз.
6. Жоғалып кеткені үшін балаға ешкімнің ұрыспайтынын түсіндіріңіз. Кейде балалар айғайлауға қорқады, себебі ұрыс естігісі келмейді. Ондай ештеңенің орын алмайтынына балаңызды сендіріңіз.
Назар аударыңыз!
- Балаңызға жоғалған жағдайда не істеу керегін түсіндіру үшін әдейі осындай жағдай тудырып, ойнаңыз. «Біз дүкендеміз. Сен бұрылсаң, жаныңда мен жоқпын. Не істейсің?»
- Ойыншықтармен қойылып қойып немесе осы тақырыпта сурет салуға болады. Мұнан кейін: «Автобустан анасымен түсіп үйренбеген қонжық не істеуі керек?» – деп сұраңыз.
- Тіпті рөлдеріңізбен алмасуға болады. Сіз әдейі қателескен кезде балаңыз қуана-қуана қателіктеріңізді түзетіп отырады. Бастысы қандай жағдай болмасын не істеуге болатынын және болмайтынын есте мығым сақтауы тиіс.