Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бүлдіршін Шымкенттегі кафеде уланып көз жұмды

Шымкентте кафедегі астан уланып көз жұмған бүлдіршіннің анасы дәрігерлердің салғырттығын айтып ашынды, деп хабарлайды Stan.kz.

“Бәріңізге сәлем! Айтайын дегенім Шымкенттегі қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы туралы. Менің аты-жөнім Әмина Өтегенова. Көз жұмған Гүлзаданың анасымын. Сенбі күні “Адана” кафесіне барып, пиде мен банан дәмімен сүтті коктейль іштік. Ертесі күні, 9 қыркүйекте, таңғы 6:30-дан бастап жүрек айну басталды. Жедел жәрдем қызметін шақырдық. Ол сағат 10:00-де келді. Мені ересектер ауруханасына жатқызды. Қызымды балалар ауруханасына жатқызуды ұсынды. Бірақ анам қызымды ауруханаға жатқызудан бас тартады”, – деп жазды анасы желіде.

Әмина Өтегенованың айтуынша, қызының жағдайы нашарлай бастағанда әжесі қайта дәрігер шақыртқан. Алайда жедел жәрдем қызметкерлері бүлдіршіннің дерті ауыр емес екенін айтып, өздерімен алмай кеткен.

“Анам сағат 14:30-да қайта жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер жағдайдың қатты ауыр емес екенін айтып, ауруханаға алып кетпеген. Сағат 16:30-да анам мен қызым ауруханаға өздері барды. Құжаттарын толтырып болып, сағат 19:30-да ғана дәрісін салған. Таңғы 07:00-де қызымның температурасы түсіп кетеді. Бұған дейін тек жүрегі айныған. Температурасы көтеріліп, іш өтуі болмаған. Температурасы 35,5 градусқа түсіп кеткенде дәрігер келіп, дәрісін салдырған. Кешкісін сағат 19:30-да температурасы қайта түсіп кетеді. Кезекші дәрігер ыстық шай беріп, жылыту тақтасын ұстау керектігін айтады.  Қызымның тыныс алуы нашарлағанда, реаниматолог келіп, жансақтау бөліміне алып кетеді. Бүйрегі, жүрегі қызметін тоқтатқан. Екінші рет жасанды тыныс бергенде жүрегі көтере алмаған”, – дейді Әмина Өтегенова.

Анасы қызына қойылған диагноз қорытындысына сенбейді. Сол үшін де мәйітханаға денесін союға бермегенін айтты.

“Мені құтқарды, оларға рахмет. Баламды құтқара алмады. Вирус токсиндері көп болғанын айтты. Бірақ қалай? Дәрі тамшысының күшін көтере алмады ма? Айтқан қорытындысы бойынша, бас миы ісінуі, септикалық шок, сепсис деп жазылған. Олар сепсисті қалай қойды? Қаны бұзылған ба? Оларда қанының қорытындысы болды ғой. Мен түнгі 22:20-да хабарласқанда, жалпы қан сараптамасын алғанын айтты. Сағат 22:40-де көз жұмған. Маған 00:15-те айтты. Түнгі 03:00-де өлі денесін берді. Денеде тамырлары көгерген, кеудесінде көгерген іздер болды. Ешқандай шағым айтпайтыныма қатысты қолхат алды.

Қызымды мәйітханаға, денесін союға берген жоқпын. Бәрібір сол диагнозды қояр еді. Қорытындыға сенбеймін. Біздің Денсаулық министрлігінің протоколы бойынша осындай ем жүргізді. Жаңалықты айтуға бөлім меңгерушісі мен реаниматологты, медбикені жіберді. Реаниматолог пен бөлім меңгерушісі жас көрінді”, – деп жазады Әмина Өтегенова.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау