Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бүгінде қымбат мазарларды жарыса салу сәнге айналған

Соңғы жылдары қайтыс болған адамның басына қойылатын мазарларды жарыса салу сәнге айналып бара жатқанға ұқсайды. Мұндай үрдіс Қызылорда облысы тұрғындарының арасында да жиі байқалуда.

бейит

Бұл туралы Stan.kz сайтының Қызылордадағы тілшісі хабарлайды.

О дүниелік болып кеткен ата-аналары мен жақындарының рухына осылайша құрмет көрсетіп жатқандардың әрекеті дін өкілдерін мазалауда.

Қызылорда қаласындағы Орталық бейіттің аумағы күннен-күнге үлкейіп келеді. Жаңадан мазарлар салынуда. Олардың арасында көкпен таласқан бейіттер алыстан менмұңдалайды. Жалпы, ислам дінінде әспеттеп мазар тұрғызу қаншалықты дұрыс? Осы мәселе төңірегінде Қызылордадағы «Қалмұхамбет ишан» мешітінің бас имамы Нұрлан Әбжановпен сөйлескен болатынбыз.

бейит3

«Қазір өлген адамның басына қойылып жатқан мазарларға қарасаң құдды бір сарайға ұқсайды. Қымбат құрылыс материалдарын пайдаланып, күмбездеп жатады. Алайда ислам дінінде алалау деген болған емес. Сол себепті бұл үрдістің кең қанат жайып келе жатқандығы бізді алаңдатып отыр», – дейді дін қызметкері.

«Шариғатта мазарды биік қылып салуға тыйым салынған. «Елу жылда ел жаңа демекші» жарты ғасырдан кейін жермен жексен болуы қажет. Әсіресе, төбесінің ашық болуы шарт. Күн сәулесі түсіп, жаңбыр тию үшін. Ал, қазіргі мазарлар көп жылдап тұрады», – дейді Нұрлан Әбжанов.

Қала тұрғыны Еділ Әділбек (есімі өзгертілген) жуырда інісін жерледі. Қайғылы жағдайға душар болған азаматтың мазарын салуға отбасы бар күш-жігерін жұмсапты.

«5000 мыңға жуық қызыл кірпіш пайдаландық. Ұзындығы шамамен екі жарым метр болды. 200 мың теңгеге фундаментін құйдырдық. Арнайы, Алматыдан күмбез алдырдық. Құрылысшыларға төлеген ақша тағы бар. Жалпы есептегенде бір бейітті көтеруге 2 миллион теңгедей ақша жұмсадық», – дейді жас жігіт.

Тіпті ақша жетпей қалып, несие де алыпты. Дін өкілдері мұның барлығы ысырапшылдық екенін айтады. Қайтыс болған адамға сый-құрметті көз жұмғаннан кейін емес, тірі кезінде көрсету қажет екенін айтады.

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда кафе-мейрамханаларға тек той-думанда ғана бармаймыз. Өлген адамның қырқы мен жүзі, тіпті жылы да қымбат орындарда беріліп жатады. Өткен жылы қызылордалық имамдар осы тұрғыда үңдеу жасаған екен. «Қаза болған үйде қазан көтерілмеуі керек. Алыстан келген ағайындарға көрші-көлем жиналып, ас дайындап беруі тиіс. Ал, қазір қалай? Дастархандары тойдан кем жасалмайды. Түрлі тәттілерді қойып, мал сойып жатады. Әрине, қайтыс болған кісіге құрмет көрсетілген дұрыс. Бірақ бос шығындалудың қажеті жоқ», – дейді дін қызметкері.

Қазір мешіт қызметкерлері ақпараттық-насихат шараларына көп көңіл бөліп жатқандарын айтады. Бос шығындалғанның орнына, садақа беріп, мұсылманға тән әрекет ету қажеттілігі жеткізілуде. Осы орайда, жақыны шейіт болған жандарға үңдеу тастау  бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне де міндет болып отыр.

Талқылау