Айза Имамбек: Менің атымды атақты жазушы Дулат аға қойыпты

Қазақтың қайсар қыздарының бірі – Айза Имамбек. Мәнерлеп сыр­ға­наудан Қазақстанның төрт дүркін чемпионы. Тайландта өткен «Asіan junіor-2010» Халық­аралық кубо­гының алтын медаль иегері.

3842452017962a9dc751e27d0b3e0530

2011 жылы Дубайда өткен «Golden Cup Dubaі-2011» чем­пионатының күміс жүлдегері. ҚР спорт шебері. Бүгінде Алматы­дағы спорт  және туризм ака­демиясының Олим­пиада фа­культетінің 1-курсында білім алып жатқан Айза Евфрат­қызы 28-Дүниежүзілік Қысқы Уни­вер­сиа­даға қатысып, үздік өнер көр­сетті. Біз бүгін тағы да бір жа­рысқа қызу дайындыққа кірісіп кеткен саңлақ спортшы қызы­мызбен тілдескен едік.

Ең бастысы – жеңу емес, жеңіс үшін тырысу

– Айза, әлем құлақ түрген Универсиада да аяқталды. «Тойдың боладысы қызық» демекші, осы Универсиада кезінде сенің есіңде қаларлықтай әсерлі сәттер болды ма?

– Әрине, ең алдымен, менің есімде қаларлық оқиға – Универсиадаға алғашқы мәрте қатысуым болды. Одан кейін еліміздің спортшылары атынан ант беру құрметіне ие болуым да мен үшін үлкен құрмет дер едім. Дайындық кезінде маған басқармадан хабарласып, еліміздің спортшылары атынан ант ететінімді хабарлап, антты ана тілінде бересің деген еді.

Бірақ, мен келгенде антты ағылшын тілінде айтуым керек екенін білдім. Оның себебі, ағылшын тілінде антты айтуы тиіс Абзал Рақымғалиев басқа қаладан кешігіп келуіне байланысты, оның орнына мені таңдапты. Сөйтіп, аз уақыт ішінде ағылшынша антты жаттап алуыма тура келді. Кешкісін Универсиаданың ашылу салтанатында 12 мың көрерменнің алдына шықтым. Іштей қатты қобал­жыдым. Бар ойым – бір сөзін ұмытып, немесе шатасып кет­­сем қайтемін деп қобалжыған едім. Бірақ, бекер уайым­даппын. Бәрі сәтті өтті. Өзімді еркін ұстадым. Оның үстіне өз елімізде өтіп жатқан соң ба, тым еркін болдым.

– Универсиада алдында сенімен байланысуға еш мүмкіндік болмады. Елімізден тыс жерде дайындалған екенсің. Неліктен?

– Иә, жарысқа мен Санкт-Петербургте дайындал­дым. Мұның өзіндік себебі де жоқ емес. Ең басты мәселе – бапкердің тапшылығы. Жалпы, біздің елімізде мәнерлеп сырғанау өте кенже дамыған спорт түріне жатады. Оның үстіне Универсиадаға қатысып, елдің абыройын қорғау үшін жан-жақты дайындығың болу керек. Бізді жарыс алдында міндетті түрде бір-екі аптаға мәнерлеп сырғанау спорты дамыған қалаларға жіберіп отырады. Әрине, жиі-жиі жіберіп отырса, нұр үстіне нұр болар еді.

Спортшылар тек қана Ресейге емес, АҚШ, Канада сияқты мемлекеттерге барып дайындалады. Әлемнің ең мықты мәнерлеп сырғанаушылары қазір сол мемле­кеттерде жүр. Бұл ретте бізге де сенім білдіріп, сол мем­ле­кеттерге дайындыққа жіберіп отырса, нәтиже де көбірек болар еді. Мүмкін, бұл арманымыз да күндердің күні орындалып, әлемдік ареналарда дайындық жасап қалармыз.

– Тағы да бір жарысқа қатысқалы отыр екенсің. Жал­пы, дайындығың, көңіл-күйің қалай? Сенімен кімдер барады?

– Сәтін салса, екі аптадан соң Жапонияда Азия ойын­дары басталмақшы. Біздің елімізден бұл додаға мен, Денис Тен, Абзал Рақымғалиев, сосын Элизабет Тұрсын­баева қатысқалы отырмыз. Кеше ғана өткен Универ­сиа­даның әсерінен әлі арыла қойған жоқпыз. Сондықтан жарысқа деген дайындығымыз да, көңіл-күйіміз де ойдағыдай. Әрі біздің өміріміз күнделікті жаттығулардан тұрады ғой. Дайындығымыз өте жақсы деп айтсақ та болады.

Қателік өзімнен болды

– Бағдарламаны әзірлеуге саған бапкерлер ме, әлде хореографтар көмектесе ме?

– Менің негізгі жаттықтырушыларым – белгілі спорт жұлдыздары. Спорттың әбден майын ішкен кісілер. Талай спортшыларды даярлап, бағын ашқан бас бапкер Құралай Ұзұрова мен Айгүл Қуанышева, сосын хореограф Ели­завета Сухетцкая. Мұз үстіндегі қысқа бағдарламаның да, еркін бағдарламаның да авторлары – осы кісілер.

– Айза, сенің өнеріңді бағалап, жіті қадағалап оты­ратын жанкүйерлерің «осы жолы әділетсіздік болды, дұ­рыс бағаламады» деп жатыр. Осы пікір қаншалықты дұрыс?

– Жоқ, мүлдем олай емес, қайта мені көтермелеп, бағаларымды жоғары қойып отырды. Мен қысқа бағдарламаны орындау барысында екі рет шатасып қалдым. Екі секірімді дұрыс орындай алмадым. Бағдар­ламаның екінші бағасы компонент деп аталады. Соны көтермелеп қойғандықтан, менің ұпайым жоғары болды. Меніңше, бұл негізі, өз тарапымнан кеткен кемшілік­терден болды. Өйткені, өте қатты қобалжыдым. Жан-жағымнан «Айза! Айза! Қазақстан! Алға! Алға!» деген жанкүйерлердің даусын естіген сайын, жауап­кершілікті өте терең сезіндім. Сосын алаңдаумен бол­дым. Мұз үстінде билеп жүрсем де, ойым көрерменнің ниетінде болды. Бойымда қобалжу басым болды. Мен, тіпті, шет елдерде де өзімді ешқашан бұлай сезінбеген едім. Өйткені, ол жақта мұншама жанкүйерің жоқ. Тек өзіңе ғана сенесің.

Кейде әкеммен дүкенге барған кезімде мені танып жатады. «Универсиадаға қатысасың ба, давай, алтын әкел» деп тілектерін білдіріп, суретке түседі. Қазір өзімді керемет танымалмын демеймін. Бірақ, осындай сәттерде өзіңе деген үлкен жауапкершілікті сезінеді екенсің.

Жапонияда «Көрұғлыға» билеймін

– Жапонияда қандай бағдарлама орындағалы отырсың?

– Дәл осы жолғы екі бағдарламаны орындағалы отырмын. Оның бірі – өздеріңіз білетін Көрғұлы, сосын танго.

– Бір бағдарламаны әзірлеуге қаншама уақытың кетеді?

– Бір маусым ішінде екі бағдарлама әзірлейміз. Сосын оны бір жыл, кейде екі жыл қатарынан орындай береміз. Жазға таман маусымды аяқтаймыз. Бұл деген дайындық бітті деген сөз емес. Қайта үш ай бойы артығымен жат­тығулар жасап, дайындықты күшейтеміз. Күнде таңертең ерте оянамын. Таңғы астан соң бірден мұзға барамын. Дайындықты денені қыздыратын жаттығулардан бас­таймыз. Ол үшін екі сағаттай уақыт кетеді. Мұз үстіндегі жаттығулардан кейін би, басқа да қосымша жаттығуларға кірісеміз. Жалпы, таңның атысынан күннің батысына дейін дайындықта жүремін.

– Дайындықтарды қай жерде жүргізесіңдер?

– Қаламыздағы әдемі спорттық нысандардың ашылғаны біз үшін өте қуанышты жағдай болды. Неге десеңіз, бұрын жағдайымыз мүшкіл еді. Дайындық үшін мұз айдынын іздеп кететінбіз. Барларының бағасы өте қымбат болды. Қазір жағдайымыз өзгерді. «Алматы Арена», «Халық Аренада» дайындалуға мүмкіндік алып отырмыз. Тиісті орындар осы нысандарды спортшы­лардың игілігіне беріп жатыр. Бұл дегеніңіз – еліміздегі спортты дамытуға жасалып отырған зор мүмкіндік, көрсетіліп отырған қолдау.

Бабам Имамбек кезінде би болған кісі екен

– Мәнерлеп сырғанау кенже жанр деп жатамыз. Дәл қазір сен үшін қандай мәселе маңызды?

– Спортта күрделі мәселелер жиі болып жатады. Ол – заңдылық. Мәселен, мәнерлеп сырғанауда да мәселелер жетіп-артылады. Мұз айдыны болса, бапкер жоқ. Бапкер болса, элементтер шықпай жатады. Хореография болмай қалса, онда бағдарламаң ойдағыдай шықпайды. Жалпы, қарап отырсаңыз, бәрі қанттай деп айтуға болмайды. Бір мәселе шешілсе, екінші мәселе шығып жатады. Бұл енді қай салада да қайталанып отыратын жағдай. Бұрындары мәнерлеп сырғанаушылар жоқ дейтінбіз. Қазір кішкентай мәнерлеп сырғанаушылар өсіп келеді. Күні ертең олардың арасынан керемет спортшылар шығатынына мен сенімдімін. Бұрын еліміз ауыр атлетика, бокс, т.б. спорт түрлерінен мықты болса, міне, енді, мәнерлеп сырғанау­шылардың саны артып келеді.

– Орайы келгенде, сенің тегіңе байланысты сұрағым келіп отырғаны…

– Менің бабам Имамбек кезінде би болған кісі екен. Өте ауқатты кісі болыпты. Қиын-қыстау кезеңде боль­шевиктердің қолына түспеу үшін тегін жасырып, Момбек деп жаздырып алған ғой. Содан атамыз аман қалған деседі. Біздің ендігі арманымыз – өзіміздің шын тегімізді сақтап қалғымыз келеді. Аталарымыздың әруағы разы болсын деп өз тегімізге көшсек дейміз. Ол үшін қаншама құжат қажет екендігін де білеміз. Мүмкін мұрағаттарда сақталып қалған шығар дейміз. Егер өз тегімізді алып жатсақ, бұл мен үшін орындалған тағы бір арманым болар еді. Мен өмірге келген соң көп ұзамай атам Бағдат өмір­ден өткен екен. Әкемнің айтуынша, ұзақ сырқаттанып, төсек тартып жатқан атам мені қолына алып иіскеп, «бақытты болсын, атасының атын шығарсын» деп батасын беріпті. Менің есімімді танымал жазушы ағамыз Дулат Исабеков қойған екен. Әкем Евфрат үнемі «Дулат ағаң алғашқы туындысындағы басты кейіпкердің есімін қойды. Сондай атақты кісілердің үмітін ақтауға тырыс», – деп маған зор сенім жүктеп отырады. Сүйікті газетім арқылы маған зор сенім білдіріп, қолдау көр­сеткен жанкүйерлеріме айрықша алғысымды білдіргім келеді. Барлық­тарыңыздың маған деген қолдауларыңыз маған қашан да қуат береді. Жеңістерге бастайды. Үлкен сенім жүк­тейді. Сол үшін қанаттанып, жеңіске жетуге тырыса­мын.

Алматы ақшамы газеті, Рая Ескендір

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter © stan.kz

Источник: Stan.kz

Загрузка...
Орташа айырбас бағамы
15.11.18
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Соңғы жаңалықтар