Айнұр Тұрсынбаеваны тойға шақырған азамат ақынның ақшасын бермей, алдап соққан
Айнұр Тұрсынбаева бір кездері өзін алдап соққан той иесі туралы әңгімелеп берді. Айтыскер ақынның айтуынша, кезінде өзін менсінбей, тойда көрсеткен қызметі үшін құр алақан қалдырған азамат араға жылдар салып, алдына қайта келген, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.
“Студент кезім. Жатақxанада тұрамын, ақша жоқ, тамақ жоқ. Бөлмелерді аралап қарыз сұрап жүрмін. Сөйтіп қиналып отырғанда колледж директоры шақыртты. “Бір ағамыз анасының тойына сені шақырып жатыр, арнау айтып бер, ақшасын төлейді” демесі бар ма?! Домбырамды көтеріп шауып бардым. Той өтті! Той иесі барлық әншілерді шақырып гонарар төлей бастады. Кезек маған келгенде “қайда тұрасың?” деді, жатақxанада тұратынымды естіді де “қарның аш шығар, саған продукты жетеді ғой” деп кете берді. Бір кезде әйелі шығып бір пакет бауырсақ пен піскен ет берді. Қайтайын десем таксиге ақшам жоқ, ұялы телефон ол да жоқ. Жердің түбіндегі жатақxанаға жаяу қайтуға тура келді. Қараңғы түн.. Бір қолымда домбыра, бір қолымда пакет.
Қорқып та келем. Жылап та келем. Бірақ ол кісіні жек көріп, қарғап сілеу миымда болмады. “Мен кіммін құрметтеп шығарып салатын” деп бір жыладым да қойдым. Ол күндер де артта қалды”, – деп еске алады Тұрсынбаева.
Ақынның айтуынша, дәл сол кісі араға жылдар салып ақынды қайта іздеп келген. Тек бұл жолы Тұрсынбаева өзінің көңілін қалдырған адамның алдына қайта баруды қаламапты.
“Жақында бір таныс кісілер xабарласып “бір ағайдың анасы 70-ке толып жатыр, қаншаға келе аласың?” деп сұрайды. Сұрастырсам баяғы ағай! Баяғы 50-ге толған анасы енді 70-ке толып жатыр екен. 20 жылдан соң алдыма келіп тұр! Бірден бара алмаймын дедім. Себебі сол күндері шет елде едім. Артынан өзі телефон шалды. Анасы мені жақсы көреді екен. “Айнұр тойды ашып берсін” деп өтініп тұр. Қанша сұрасам да беретін түрі бар. Айтайын дегенім егер сізді сыйламаса, бағаламаса ешкімге ренжімеңіз. Дәлелдеңіз! Такаппарлық көрсеткен адамды Аллаға тапсырып қоя салыңыз! Алла ешкімнің xақысын жібермейді. Дүние кезек екенін ұмытпасаңыз болды. Тек қана асықпаңыз! Өмір тамаша!” – дейді ол.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.