Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйел-баласын танымайды: Шымкентте жас жігіт ер адамды ұрып-соғып мүгедек күйге түсірген

Көршісінен оңбай таяқ жеген Шымкент тұрғыны 6 айдан бері төсек тартып жатыр. Басынан ауыр соққы алған азамат мүгедек болып қалыпты. Осы күні жүріп тұрмақ түгілі, өздігінен сөйлей де алмайды.

Ал, ер адамды ұрып соқты деген жігіт болса, оның мүгедек болып қалғанына мен кінәлі емеспін дейді. Сонда кім кімді төпелеген? Үш баланың әкесі неліктен мұндай халге түсті? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

39 жастағы Марс Мурадимовтың төсек тартып жатқанына міне жарты жылдың жүзі болыпты. Өздігінен жүріп тұра алмағандықтан, оған әйелі мен анасы қарайлайды. Шешесінің сөзінше, ұлын көрші жігіт осы жазда аяусыз ұрып соққан. Екі ер адамның неліктен төбелескенін нақты ешкім білмейді. Көрдім, білдім деген куәгерлердің өзі де осы күні екі сөйлеп жатқан көрінеді. Далада күйеуінің таяқ жеп жатқанын енесіне келіні айтып келіпті. Жүгіріп сыртқа шықсам, ұлым жерде жатыр екен, дейді анасы.

“Ұлымның жанына таяқ батқанын білдім, мен сол кезде. Міне, басынан зақым алған. Бұл соның әрекеттері. Әкесінің таяқ жеп жатқанын 10 жастағы ұлы Камиль де көрген. Жетіп барып, ажыратпақшы болды” – дейді жәбірленушінің анасы Тутия Мурадимова.

Міне, содан бері үш баланың әкесі ес түссіз жатыр. Өзге түгілі, өз балалары мен әйелін де танымастай күйге түскен. Тілі бұрмаланып, дұрыстап та сөйлей алмайды. Қайта қайта басын ұстап, ота жасатқан жерін көрсетіп бақты. Орны үңірейіп кетіпті. Шамасы жиі мазалайтын көрінеді. Енді екі жылдан кейін дәл сол жерге қайта операция жасатпақшы екен.

«Шерзод ұрып-соқты. Одан арғы жағын білмеймін. Соққыдан әлі есімді жияр емеспін» – дейді жәбірленуші Марс Мурадимов.

Бір қызығы, жәбірленуші тарап күдіктінің үстінен полицияға тек бір айдан кейін ғана шағым түсіріпті. Оған дейін күйеуімнің жанынан шыға алмадым дейді жұбайы. Дер кезінде хабарласып, мән жайды түсіндірмегендіктен бе, әйтеуір қылмыстық іс те бұрмаланып кеткен көрінеді. Тергеушінің өзімбілермендікке салынғаны соншалықты, сот медициналық сараптаманы өзінше жасатып алды, дейді.

«Сот медициналық сараптамасы жасалған жоқ. Біз прокуратураға шағым түсіргенімізде, бірақ білдік. Сараптама жасалып қойыпты. Оның қорытындысы, тергеушінің қолында деді бізге. Біз осыған аң таң болып тұрмыз. Өйткені, тексеруге менің күйеуімді ешкім алып кеткен жоқ» – дейді жәбірленушінің жұбайы Оксана Югшина.

Жәбірленуші айыптаған жігіт көрші тұрады екен. Бірақ, Шерзод Жаппарқұлов өзінің бұл іске еш қатысы жоқ екенін алға тартып отыр. Айтуынша, сол күні Марс Мурадимовты бір-ақ рет көріпті. Онда да сыртынан байқағанын айтады.

«Әйелі келіп, сенің үстіңнен заявление жазамын деді. Мен не үшін, оны ұрмадым ғой десем, сен ұрдың дейді. Көршілер бар, кімнің қандай адам екенін біледі. Мен ұрмадым оны» – дейді жәбірленушінің көршісі Шерзод Жаппарқұлов.

Дегенмен, аталмыш іске қатысты тәртіп сақшылары қылмыстық іс қозғапты. Осы күні тергеу амалдары жүргізіліп жатыр екен.

«Шымкент қаласы полиция департаментімен ҚР ҚК 107 бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. 23-қарашада осы аталған жәй бойынша, тағайындалған сот медициналық сараптамасының қорытындысын нақтылу үшін сот медициналық сараптама комиссиясы тағайындалды» – дейді Шымкент қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Әсел Сәденова.

Өкініштісі сол, үш баланың әкесі енді өмір бойы мүгедек болып қалуы мүмкін екен. Ал, оның обал сауабы кімге жазылады? Ол жағы белгісіз.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау