Әйел адаммен тартыспайын дедім: Болманов Астанадағы ғимаратқа қатысты даудың нүктесін қойды
Қыдырәлі Болманов қолөнерші Ырза Тұрсынзаданың даулы мәлімдемесінен кейін, журналистердің басын қосып, елордадағы “Спутник Қазақстан” орталығында баспасөз мәжілісін өткізді. Ол этно-дизайнер Ырза Тұрсынзаданың сөздерін жоққа шығарып, оның айыптауларына жауап берді. Бұл туралы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Фото: ҚазАқпарат
Заңгер Аманбол Әбеуовтің айтуынша, Майлин 22 мекен-жайы бойынша орналасқан ғимараттың қазіргі иесі – “Астана” әлеуметтік кәсіпкерлік кооперативі. Аталған мекеме ғимаратты “Қарақат мектеп студиясына” тағайындаған.
Ғимаратта белгісіз біреулер орнығып алғандықтан, 2017 жылдың желтоқсан айында “Астана” әлеуметтік кәсіпкерлік кооперативі құзырлы органдарға жүгінген. 2018 жылдың қаңтар айында елордадағы Алматы ауданының әкімдігі де полицияға шағым түсірген. Алайда ғимаратты заңсыз иеленіп алған азаматтар сол күйі анықталмаған.
“Астана” ӘКК мен “Айсұлтан Арт” компаниясы арасында келісімге қол қойылғаннан кейін, компания адвокаттық кеңсеге жүгінген. Аталған мекеме жинаған материалдарға жүгіне отырып, сот ғимаратта заңсыз тұрып жатқан тұлғаларды шығару туралы шешім қабылдады.
Заңгер Әбуеовтің айтуынша, Ырза Тұрсынзада сот отырыстарына қатыспағандықтан, сот сырттай оны ғимараттан шығару туралы шешім шығарыпты.
“Құзырлы органдар да, Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина да ғимаратта кімнің тұрып жатқанын анықтай алмаған», – деп түсіндірді заңгер.
«Бір жарым жыл бұрын мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мектеп ашу туралы әкімдікке хат жазылған болатын. Бұл мектепте оқу ақысын төлеу мүмкіндігі жоқ балалар оқиды. Олардың кейбірі науқас, бірақ талантты, ең бастысы өнер үйренуге ынталы балалар. Осылайша, елуден астам бала оқуға жазылды. Бірақ, мектептің өзі жалға алынған, ондағы 25 мұғалімге жалақы төлеу керек. Балалардың тең жартысын тегін оқыта алмағандықтан, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында әкімдіктен төмен бағада ғимаратты жалға алуға өтінім білдірдік. Қазірдің өзінде 30 баланы тегін оқуға қабылдап қойдық, олардың арасында науқас, ата-анасыз қалған немесе әлеуметтік жағдайы төмен балалар бар», – деді Қыдырәлі Болманов Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Бұдан өзге, Қыдырәлі Болманов жары Қарақат Әбілдинамен бірге Ырза Тұрсынзадаға талай мәрте көмектескенін мәлімдеді.
«Ырза апаймен етене араласқан емеспіз, бірақ сәлеміміз түзу. Жарнамалық қолдау сұрағанда да, барынша көмектестік. ЭКСПО-да үлкен киіз үй тікті, оған Қарақатты кішкентай сәбиімен фототүсірілім жасауға шақырды. Сонда Қарақат үлкен кісінің өтінішін жерге тастамай, қырқынан шықпаған сәбиімен барды. Ырза апайдың «Үйіме талай келді, киіз үйімде фотоға түсті» деуі жалған. Бұл ғимаратқа келіп көрмегенбіз және Ырза Тұрсынзаданың қайда тұратынын да білмегенбіз. Қарақаттың бес баласы бар, эфирлік уақыты бар, көптеген қоғамдық жұмыстарымен айналысады. Мектептің іс-қағаздарына мүлдем араласпаған. Мен де концерттің шаруаларына көңіл бөліп, құқықтық жұмыстарды адвокаттық кеңсеге тапсырғанмын. Ғимаратта этноөнерді насихаттап жүрген Ырза Тұрсынзаданың тұрып жатқанын әлуметтік корпоратив, ішкі істер басқармасы, әкімдік анықтай алмағанда, біз қайдан білеміз? Адвокаттар мен сот орындаушылар Ырза Тұрсынзаданың кім екенін танымайды, олар заңға сәйкес өз міндеттерін атқарған», – деп сөзін толықтырды Болманов.
Белгілі продюсердің дау болған ғимараттың тағдыры әлі де белгісіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттің меншігіндегі ғимарат тек қана жалға беріліп отырады.
«Ырза апайдың жасын сыйлап, бас тартайық, бере салайық деген әңгіме жүрмейді. Ол кісі де бізге бір ауыз хабарласпастан, журналистерді жинап алып, біздің тарапқа айыптауларды боратты. Әйел адаммен тартыспайын, үндемей қоя салайын дедім. Бірақ, есейіп қалған ұлым әлеуметтік желіден көріп, «Әке, бұл рас па?» деп сұрақ қойды. Біздің арымыз таза, біз ешкімнің мүлкін тартып алған жоқпыз. Ертерек білгенде бәлкім іс оңай шешілер ме еді? Отбасымды қорғау үшін, бізге қарсы айтылып жатқан сөздерге тоқтау салу үшін сіздерді жинап отырмын», – деді Қыдырәлі Болманов.
Еске сала кетейік, Ырза Тұрсынзада жұлдызды жұп Қыдырәлі мен Қарақатты Астанадағы “Алтын Орда” қолөнершілер ғимаратын заңсыз басып алды деп айыптаған болатын.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.