Аягүл Миразова: Жағдайы бар отбасынан шыққан балалар мұғалімге қызметшісіне қарағандай қарайды
Математика пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстаз, тұңғыш Еңбек ері атағын алған Аягүл Төреқызының 50 жылдық ұстаздық тәжірибесінде ешқандай сөгіс алып көрмегенін айтады. Алматы қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназиясының директорлық қызметін 25 жыл атқарған ардақты ұстаз адамдықтан атамай, қол астындағы жұмысшыларыма адал болу мақсатым болды дейді. Мұғалімге ерекше төзімді мінез керек екенін тілге тиек еткен Аягүл Төреқызы Stan.kz тілшісіне қазіргі білім жүйесіндегі кемшіліктер туралы айтты.
Осы мамандыққа деген сүйіспеншілік қалай пайда болды?
Тағдыр шығар. Мұғалім болам деп ойлаған емеспін. Дәрігер болуды армандадым. Бірақ бұйырмаған дүние екен. Алғаш мұғалім болып мектеп табалдырыңын аттағаннан-ақ осы саланың үдесінен шығу керек деген бір ғана мақсат болды. Бар жан-тәніңмен, жақсы көріп істесең, қай мамандықтың болсын шыңынан көрінуге болады. Ұстаз алдындағы шәкіртін түсіне алу керек, олармен бір толқында болып, жан дүниесін көре алу керек. Ұстаздың мінезі ерекше болу керек.
Билік басына жаңа министр келген сайын жаңа өзгерістер енгізіп жатады. Бұл мектептегі білім сапасына кері әсер етпей ма? Қазіргі білім жүйесіне қандай өзгерістер керек деп ойлайсыз?
Білім саласы реформадан шаршады. Қысқа уақыт ішінде қанша министр ауысып жатыр. Жаңа рефрманы бастап жатқанмен, жарты жолда қалып қойып жатыр. Бұл білім сапасына үлкен нұқсанын тигізеді. Қазіргі білім жүйесінің жақсы жақтары да бар. Мен оны жоққа шығара алмаймын. Бірақ кемшілік жағы да жетіп артылады. Біріншіден, ЖОО бітіріп келген мамандардың білім деңгейі төмен. Ал білімі жақсыларының көбі мектепке барғысы келмей, басқа салаға кетіп жатыр. Айлығы көп жерге ығысып кетеді. Тұрақсыздық бар. Екінші реформадағы кемшіліктер: оқулықтар мен жаңа бағдарламада біздің минталитетке сай емес, керексіз дүниелер өте көп. Бір жағы материалдық техникалық базамыз да әлі көңіл көншітпейді.
Күләш Шәмшиддинова жақында ғана «Әліппе» қайта оралады деп мәлімдеме жасады. Пікіріңіз?
Мен толықтай қолдаймын. Өйткені қазіргі оқытылып жатқан «Сауат ашудың» атымен бірге заты да бізге тура келмейді. Шетел оқулығын қалай бар солай аудара салған.
Мұғалім деген ұлы мамандықтың абыройы бүгінде неге ұлы емес? Не себеп, кімнен кетіп жатқан кінә?
Ұстаздың абыройы тікелей өзіне байланысты. Дегенмен қоғам мен ата-ана тарапынан қолдау болмаса, бедел көтерілмейді. Білімі мен білігі сай болып тұрған, бет-бейнесі, тұрғаны-жүргені, сөйлеген сөзі, істеген іс-әрекеті мұғалімге сай болу керек. Бір жағы оқушының әлеуметтік жағдайы да мұғалімді сыйламауға себепші. Мектепке арнайы машинамен келіп кететін, үйінде көмекші қызметкерлер ұстайтын үйдің балалары мұғалімге сол қызметкерге қарағандай қарайды. Бұл жерде барлығы да ата-ананың мұғалімге деген құрметіне, үйдегі тәрбиеге байланысты. Ал абырой қайтсек көтерледі дегенге тек мұғалімнің билігі туралы заңға енгізу керек. Басқа көрші елдерде ата-ана құқығы мен міндеттері деген бәленбай пункттен тұратын нақты заң бар. Бізге де осы керек. Ата-ана өз баласына дұрыс тәрбие берсе, мектеп оны бұзып жібере алмайды.
Мұғалім оқушыларға еркіндік беру керек деп отырсыз. Қазіргі оқушыларымыз сол еркіндіктен ессіз қылықтар істеп жатады. Күйдіргі, тілазар оқушыларды қалай жөнге саламыз?
Қазір еркіндікті есерсіздікпен шататсырып алды оқушылар. Мұғалім бірдеме айтса, құқығыңыз жоқ деп шығады. Өзінің үйдегі еркелігін мектепке көрсетіп жатады. Бірақ ұстаздың ұлылығы сол қандай мінезді оқушы болса да жылы жылы сөйлеп, ақылға келтіруге, жөнге салуға болады. Оларды мақтай отырып кемшілігін айту арқылы жөнге салу керек.
Жақсы мұғалімнің бойында болу керек маңызды үш қасиет?
Білім, білік, мінез.
Өз тәжірбиеңізде оқушылармен болған қызықты немесе әттеген-ай деген оқиғаңызды айтсаңыз
50 жылдық өз тәжірибемде әттеген-ай деп өкінетіндей жағдай болмапты. Аллаға шүкір бірде бір ата-анадан немесе мен қол астында жұмыс істеген бастықтардан «мынауың дұрыс болмады» деген сөз естіп көрмедім. Ал қызықты оқиға десеңіз ұстаздың әр күні қызыққа толы.
Бүкіл өміріңізді мектепте біреудің балаларына арнадыңыз. Өз балаларыңызға уақытты қайдан табасыз?
Бәріне үлгеруге тырыстық қой. Екі қыз, бір балам бар. Барлығы ЖОО оқыды, қызметтері де жақсы. Жас кезімізде күйеуім докторлығын қорғап, Мәскеуде жүретін. Мен үйде үлкен қызыма кіші інісін қаратып, жұмысқа кететінмін. Осылай өсірдік, жетілдірдік.
Елімізде соңғы орын алып жатқан тарихи өзгерістер орын алып жатыр. Біз күтпеген бұрылыстар болып жатыр. Елбасымыз қызметінен кетіп, елордамыздың атауы «Нұр-Сұлтан» боп ауысты. Көзқарасыңыз...
Елбасымыздың ерен еңбегі мен қажыр қайраты, білгірлігі мен даналығы мен қайран қалдырады. Ол кісі қазақ тарихын, мәдениетін, дәстүрін өте жетік біледі. Көрегенділігі бір төбе. Елімізді дамтуда, ел ретінде қалыптастырды, ол кісінің ерен еңбегі бар. Астанамыздың атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгертуді мен тек қолдаймын. Жалпы әлем тарихында ондай құбылыстар бар. Оған жатсынып қараудың қажеті жоқ.