Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Аузымды жауып, ұрды: Алматыда белгісіз біреу 12 жерінен пышақтаған бойжеткен оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Алматыда он екі жерден пышақталған бойжеткеннің ата-анасы полицейлердің салғырттығына ашулы. Өйткені, жеті күннен бері төсек тартып жатқан қыздарынан әлі күнге дейін сұрақ-жауап алып, іс қозғамады, дейді. Ал әкесі учаскелік тәртіп сақшыларынан қайыр көрмеген соң, куәгерлер мен жақын маңдағы жасырын камераларды ақтарып, күдіктіні өзі іздеуге кірісіпті. Әйгерім қазір ауыр халде облыстық ауруханада жатыр.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Оқиға төртінші қыркүйектен бесіне қараған түні сағат 12.30 шамасында болған. Думан-2 ықшамауданында таксиден түскен 24 жастағы қыз екі қадам жүрер жүрмес жерде дәл осында қараңғыда бейтаныс азамат күтіп тұрды дейді. Жанынан өте бергенінде арқасынан келіп шап беріпті. Аузын жапқан, басынан ұрған. Қыз айғайлап сес көрсете бергенінде пышақтап қаша жөнеліпті. Ал, Әйгерім қансыраған күйі 100 метр алыстағы үйіне әрең жеткен.
Қызының қаны жуылмаған киімдеріндегі пышақтан тесілген іздерді әкесі қайта-қайта санаймыз, дейді. Он екі рет ұрғылаған адам он екі жерін тіліпті. Абырой болғанда пышақ ұшы жейдесін тескенімен, терісін сызып өте берген. Арқасы тұтас тілінген қыздың жүрек қуысындағы екі омыртқасына кәдімгідей суық қару кіріп үлгеріпті. Жантүршігерлік оқиға бір апта бұрын болса да, Әйгерім түнде әлі «қаскөймен» арпалысып шығамын, дейді.
«Бір қолымен аузымды жапты. Бір қолымен ұрды. Мен ол қолмен ұрып жатыр деп ойладым. Пышақ тигенін қатты сезген жоқпын. Кейін қан аққанда пышақ тигенін білдім. Түрі есімде жоқ, бірақ спортттық киім киген. Бірақ қазақ емес», – дейді жәбірленуші Әйгерім Мақашева.
Әйгерім Мақашева түн жарымда облыстық ауруханаға жеткізілген. Түскен кезде халі өте ауыр еді дейді дәрігерлер. Кеуде тұсы пышақталып, керекті ем-дом жасағандарын айтады. Арқасындағы тіліктерді пышақтың ізі емес, құлаған сияқты деп отыр.
«Пнимоторкс, гемоторкс бойынша екі рет пульс жасадық. 100 мм ауа шықты. 100 мм қан шықты. Болмаған соң дренажды түтік қойдық», – дейді облыстық аурухананың бөлім меңгерушісі Асқар Өтетілеуов.
Ал, Әйгерімнің анасын пышақтаған азаматтан бұрын полицейлердің іс әрекеті күйіндіреді. Себебі, сол күні келіп, сұрақ-жауап алудың орнына аурухана төсегінде науқастармен жарыса ұйықтады, дейді. Содан кейін қарасын көрсетпепті.
«Мына жақтан қан атқылап жатқанда келді. Сол кезде бізден түсініктеме алды. Сосын қызды отаға алып кетті. Бірдеңе жасады. Содан кейін үш төрт сағат диван үстіне жатты тергеушілер. 3-4 сағат ұйықтады. Содан кейін келген жоқ», – дейді жәбірленушінің анасы Салтанат Тұрсынбаева.
Жәбірленушінің әкесі полицейлер бір апта тым-тырыс жатқан соң күдіктіні өзім іздей бастадым, дейді. Көрші маңдағы бүкіл бақылау камерасынан видео сұратып көрген. Тіпті, қызының шыңғырған дауысын естіген куәгерлер де табылыпты.
«Ол адам сұлулық салонының жанында жүрген. Камерада анық көрінеді. Ал сағат 12:36 да қызыма тап берген. Ол видеоларды полицейлер тіпті сұрамаған да. Куәгерлерден сұрақ-жауап та алмаған. Сол үшін өзім зерттей бастадым», – дейді жәбірленушінің әкесі Мейрам Мақашев.
Ата-анасы журналистер мен желіні шулатқан соң ғана бүгін пролицейлер келіп сұрақ-жауап алып, тергеуді бастапты. Жәбірленуші шабуыл салдарынан бір рет пышақ жарақатын алған, дейді. Қазір сот-медициналық сараптамасы тағайындалыпты.
Аталған факті бойынша Медеу АІІБ ның жанындағы полиция бөлімінде ҚР ҚК 107-бабы бойынша сот алды тергеу жұмыстары жүргізілуде. Құрамына криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жасақталған арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Қазіргі таңда аталған қылмысты ашуға бағытталған кешенді жедел іздестіру және тергеу іс шаралары жүргізілуде.
Енді қылмыстың нақты деңгейі тек сараптамадан соң белгілі болмақ. Ал 24 жастағы бойжеткен қылмыскер табылмай үйден шығуға қорқатын күйге түскен. Сондықтан әке-шешесі де істің соңына дейін барамыз деп отыр.