Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда ауру балалардың арқасында табыс тапқан алаяқ ұсталды

Ауру балалардың арқасында байыған алаяқ. Петропавлда сырқат сәбилер туралы ақпаратты пайдаланып, ғаламтор арқылы елден қаржы жинаған адам ұсталды, деп хабарлайды КТК арнасы.

DSC_0805

20 жастағы әккі жігіт осындай жолмен жарты миллионнан артық ақша тапқан. Алайда тергеушілер арам пиғылмен табылған ақша әлдеқайда көп болуы мүмкін деп отыр.

Бір жарым жасар Алексей Савельев пен оның анасының күндегі тірлігі осы. Жаттығу жұмыстарын бір сәтке де доғаруға болмайды. Туғаннан сал ауруына шалдыққан сәби жылына екі рет Астанада тегін емделеді. Бірақ бұл тым аз депті дәрігерлер. Сондықтан, екі ай сайын Ресейдің Екатеринбург қаласына аттанады. Ал оған 800 мың теңге керек. Бұл ақшаны жинау үшін Владислава әлеуметтік желілерде үндеу тастаған. Қайырымды жандар жетерлік. Бірақ жуырда ғана жылу жинау ісіне біреулердің қол сұға бастағанын байқапты.

“Жуырда әлеуметтік желідегі парақшама жазылған жандардың бірі хабарласып, менің атымнан өзге біреудің ақша жинап жатқанын айтты. Дереу сол сілтеме бойынша жалған парақшаны тауып, жағамды ұстадым. Онда баламның суреті қойылып, диагнозы жазылыпты. Бірақ есеп шот біздікі емес. Дереу тәртіп сақшыларына хабарластық”, -Петропавл қаласының тұрғыны Владислава Савельева.

Алаяқ алысқа бармады. Қайырымды жамағатқа өзін ауру баланың ағасымын деп таныстырған оның оңай олжаға құныққаны сонша, істеп жүрген теміржолдағы тұрақты жұмысын да тастап кетіпті. Есесіне, бір жылда  жарты миллион теңге табыс тапқан.

“Вконтакте желісінде ауру бала туралы парақшаны таптым. Сонан соң өзім де дәл сондай фэйк парақша жасадым. Сол жерге барлық ақпаратты салып, өз есеп шотымды көрсеттім. Осылайша 500-600 мыңдай ақша жинадым”.

Бірақ күдіктінің сөзіне полицейлер күдікпен қарайды.

“Күдіктінің айтуынша, ол үш науқас балаға фэик парақшалар істеген. Бүгінгі таңда ол үшеу ма, әлде тағы да одан көп пе, осыған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе ол 4 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін”, – СҚО ІІД баспасөз қызметінің маманы Нұрбек Баекин.

Соңғы кездері Қызылжарда қайырымды жандардың қаржысына қол сұғатындар көбейіп барады. Естеріңізде болса, бір ай бұрын жағы кеміс болып туылған Александр Баторинге арналған ақша салатын жәшікті де тапа тал түсте дүкеннен ұрлаған. 18 жастағы арамтамақ қазір тергеуге алынған. Полиция болса, ата-аналарды көмек сұрарда сақ болуға шақырады.

Талқылау