Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраулық кәсіпкер өз ақшасына салынған балабақшаны сыйға тартты

Бүгін Атырау облысының Жылыой ауданына қарасты Құлсары қаласында 165 орындық балабақша қолданысқа берілді. Бұл ғимаратты жергілікті кәсіпкер өз қаржысына тұрғызған. 800 млн теңгеге салынған балабақшаның кілтін кәсіпкер мемлекет меншігіне сыйға тартты.

онрепкау

Бұл туралы 24.kz хабарлады.

Ұрпақ тәрбиесі үшін сауапты іс атқарған азамат «Отан-Ана алдындағы парызымды осылай өтегім келді», – дейді. Жергілікті кәсіпкер Мағауия Мерғалиев бүгін бала кездегі арманын орындады. Анасы Нағима Төлегенова бүкіл ғұмырын балабақшадағы бүлдіршіндердің тәрбиесіне арнаған жан. Сол балабақшада тәлім алған ұлы Мағауия анасына «өскен соң сіздің құрметіңізге арнап балабақша саламын» деп уәде берген екен. Жылдар өтіп кемеліне келген кәсіпкер анасы мен туған халқы алдындағы борышын адал атқарды.

“Негізгі себепші – бірінші өзімнің анашым. Екінші – осы жердің тұрғылықты азаматтарына істейін деген бір көмегім. Өзім шын көңіліммен беріп жатырмын. Осыны салып бітіргенше сондай қуанышпен жүрдім. Барлығы айтады ғой дүние-мүлік мәңгілік емес деп. Мәңгілік – еліміз, ұрпағымыз. Солар үшін салынған ғимарат, игіліктеріне ұстасын барлығы”, – деді кәсіпкер Мағауия Мерғалиев.

Заманауи технологиялармен салынған балабақшаның барлық бөлмелері, жатынорын мен асханасы халықаралық санитарлық-гигиеналық талаптарға сай толық жабдықталған. Арнайы бейнекамералардың көмегімен ата-аналар онлайн-жүйесі арқылы баласының күні бойғы тіршілігін де толық бақылай алады. Атап айту қажет, кәсіпкер тек 165 баланы бақшамен ғана емес, 50 жергілікті тұрғынға тұрақты жұмыс орнын ашып берді.

“Бұндай істер көбіне жасалып жатыр Атырау облысында. Алдағы уақытта тағы да басқа кәсіпкерлер спорттық кешендерді бермек ойлары бар. Бұл Елбасының мемлекеттік және жеке серіктестіктерді дамыту жөніндегі тапсырмасын, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі мәселелерді іске асыру жөнінде орындалып жатқан игі істердің айғағы. Осы істер ары қарай жалғасын табады”, – дейді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев

Осындай атымтай жомарт жандардың көмегі қоғамымыздағы көптеген қалталы азаматтарға үлгі болып келеді. Өйткені әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық жасау, қиналғандарға қол ұшын созып, ата-анасыз қалған балаларды қамқорлау бүкіл еліміз бойынша үрдіске айналды.

Талқылау